Бағалаудың бағы жанбады

Бағалаудың бағы жанбады

Жаңартылған білім беру мазмұнындағы басты ерек­шеліктің бірі – ББЖБ мен ТЖБ. Нақтырақ айтсақ, бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық ба­ғалау. Аталған жүйе арқылы оқушы біліміне сан тарап­тан баға беруге болады. Алайда қолданысқа енге­ніне үш жылдан асқан бұл жаңалықтың өзіне тән ма­ша­қа­ты да баршылық.

Олай дейтініміз, smk.kz сай­ты­нан бастапқыда дайын үлгілері беріл­ген ББЖБ мен ТЖБ үлгілері оқу мақсаттарына сай тапсыр­ма­ларға негізделген. Оқушы өзінің білі­мін, ұстаз білігін дәлелдейтін тап­сырма шетелдік үлгімен қа­бы­сады екен. Бұл жайында Білім жә­не ғылым вице-министрі Шол­пан Каринова Facebook парақ­ша­сында: «Мұғалімдер критериалды бағалау жүйесінің әдіснамасы дұ­рыс екенін түсінеді және ол да­мы­ған елдердің бағалау жүйесінің та­лап­тарымен салыстырылатын ба­ғалаудың жаңа стандарттары мен механизмдерін қамтамасыз ет­ті» деп жазды.

 

Көшке ілесу мен көшіру

Жалпы Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім беру ака­де­мия­сы әр оқу жылында жалпы білім бе­ретін мектептер үшін арнайы әдіс­темелік нұсқаухат ұсынады. Бұл – оқу тәрбие жұмысындағы бас­шылыққа алатын ең негізгі құ­жат. Сол құжатта апталық сағат жүк­темесіне қарай әр пәннен оқу тоқ­сандарына сай неше БЖБ ТЖБ алу керегі жөнінде кесте бе­ре­ді. Мысалы, аптасына 2 сағат жә­не 3 сағат жүретін пәндерден тоқ­­­­санына 2 БЖБ алынуы тиіс.

Ал оқушылардың оқу жетіс­тік­терін критериалды бағалау жүйесі тапсырмаларын кез келген ұстаз жасай алмайды. Білуімізше, оның өзіндік қиындығы бар. Бірақ жолын үйретуге болады. Есте болса, үйренудің тегін емесі бел­гілі. Сөзімізге дәлел – academia.kz сайты. Мұнда мұғалімге арналған 25 сабақтан тұратын ар­найы курс бар. Бағалаудың тиім­­ді жүйесін үйрену құны – 5 мың теңге. Бұдан бөлек, елімізде жиын­тық бағалаудың қыр-сы­ры­мен таныстыратын көшпелі курс өтеді.

«Мұғалімдерді даярлау жұ­мыс­­тары жүргізілді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында «Қа­зақ тілі мен қазақ әдебиетін» оқы­ту бойынша 160 сағаттық білік­ті­лік­ті арттыру курстары Өрлеу БҰАО және  НЗМ ( педа­го­гика­лық шеберлік орталығы) ар­қылы жүзеге асты. Аймақтарға көш­пелі курстар ұйымдастыры­лып, педагогтер барлық пән бойын­ша курстан өтті. Алайда курс барысында БЖБ жасау мен ТЖБ құру туралы мүлдем оқыту болған жоқ. Екі жыл қатарынан дайын дүниені smk.kz сайтынан алып қолдандық. Тек 2017-2018 оқу жылынан бастап Педа­го­ги­калық шеберлік орталықтары «Бағалау мен саралау тапсыр­ма­ларын әзірлеу» тақырыбында БЖБ мен ТЖБ құру үлгілерін үй­ре­тетін курс басталды. Бұл курс 2018-2019 оқу жылында жалғасын тап­қанымен курстан өткен мұ­ға­лім­дер саны саусақпен санар­лық­тай» дейді А.Розыбакиев атындағы орта мектептің мұғалімі Зәуре Бек­сұлтанқызы.

Иә, білгенінен, үйренгенінен нә­тиже шығаратындар бар. Көр­генмен де кәдеге жарата ал­май­тындар жетерлік. Көшке ілескені өзі тест құрайды, қалғаны сайттан кө­шіруді жалғастырады.

 

БЖБ мен ТЖБ: артық пен кем  

Кез келген нәрсенің артығы мен кемі қатар жүреді. Крите­риал­ды бағалаудың да қолпаш­тай­тын тұсы мен бас ауыртатын же­рі бар. Мұны біз ұстаздардан сұ­рап көрдік. Алдымен артық­шы­лығына мән берейік.

«БЖБ мен ТЖБ тапсыр­ма­лары­ның артықшылығы – оқу мақ­саттарына сай тапсырмалар­дың берілуінде. Сонымен қатар БЖБ тапсырмаларында арнайы дескрипторлар (тапсырманы орын­дау қадамдары) көрсетілген. Оқушыға орындау үшін 20-25 минут беріледі. Өз бетімен жұмыс істеуіне бағытталады. Білімді дайын күйінде емес, өзіндік оқу ор­тасын құру арқылы алады. ТЖБ 40 минутқа негізделген. ТЖБ да дескрипторлар жоқ, тапсырмалар бір жауапты жабық сұрақтардан (тест т.б.) өз ойын 3-4 сөйлеммен жет­­кізетін ашық сұрақтардан, көп таң­дауы бар тапсырмалардан және жазылым бойынша эссе, сыни пікір, мақала т.б. жазудан құралады. Дегенмен тіл сабақ­та­рында оқылым, жазылым дағды­ла­рына бағытталған тапсырма­лар­дың өзі 40 минутқа әзер сыйым­ды болғандықтан, тыңда­лым/айтылым дағдысына негіз­дел­ген мәтінмен жұмыс ТЖБ алын­ған аптаның ішінде сабақ үстінде алынады. Себебі төрт дағ­дыға бірдей үлгеру мүмкін емес» дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зәуре Сатыбал­ди­нова.


Бір айта кетерлігі, бала кри­те­риалды бағалау балына сеніп ал­ған. Екі БЖБ мен ТЖБ-ға дайын­далады да, үшеуінен қорыт­қан­дағы ба­лы қорытындыға шы­ға­ды. Ал күнделікті сабақты оқы­май жүруі мүм­кін. БЖБ-ны күшті жа­зады да, күнделікті сабаққа қырын қарай­ды. Төмен балл қояйын десең, БЖБ-сы жақсы бо­лып тұрады. Сон­дай уақытта ата-аналармен түсініспеушілік пай­да болады. Кері­сінше, күн­де­лікті сабақ айтып жүреді, оқиды, жазады. 


Сондай-ақ №188 мектеп-гим­назиясының жас маманы Әсел Қасенқызына да критериалды ба­ғалау жүйесі ұнайды екен. «Оқу сауаттылығы бойынша ТЖБ мен БЖБ өте жақсы. Мәтінді оқыту, композициялық талдау жасау жа­ғына көңілім толады. Мысалы, бір сыныпта 30 бала бар. Бір сабақта бәрінен бірдей сабақ сұрау мүмкін емес. 10-ынан сұрасам, қалған 20-сы қалып қояды. Жиынтық ба­қылау кезінде ҰБТ сияқты қа­дағалау жүргіземіз. Сонда аралап жүріп, кімнің сабақты меңгеріп-меңгермегенін бірден аңғарамын» дейді жас маман.

Ал кемшілігін сұрағанымызда, екі ұстаздың ойы бір жерден шық­ты. Қазір оқушылар жалпы оқу үдерісінен гөрі ТЖБ мен БЖБ-ның «қыр-сырын» жақсы біліп алған. Тарау бойы үй тапсырмасын орындамай-ақ, БЖБ жауаптарын сайттан көре алады. Егер оқыту­шы жиынтық бағалау тапсыр­ма­сын өзі дайындап келсе, оқушы­ның әуреге түсері анық. Бірақ он­сыз да қағазға көміліп жүрген мұ­ғалім қос тапсырма үшін ақ па­рақтың астында қалады. Неге дей­сіз ғой, бір оқушыға аталған тапсырманы 4 бет A4 параққа шы­ғарады. Енді ойлаңыз, бір сы­нып­та 20 бала бар десек, 100 бетті сөмке толы кітаппен бірге көтеріп ке­леді. Осындайда ойға орала­ты­ны: оқушы шуы мен жоғары жақ­тың ескертпесіне шыдап, құшақ тол­ы ақ парақты арқалаған мұға­лім­нің күндері-ай...

 

Қулық қайдан шығады?

«Оқушыдан қулық артылсын ба?». Қанша жаңа жүйе келгені­мен, кілтін тапқандар жеңілдің астымен жүре біледі. Қазір әккі оқу­шылар БЖБ мен ТЖБ алатын күні «бес қаруын» сайлап келеді екен. Ал бұл күнделікті сабақ ай­тып, бірақ аталған тапсырмаға кел­генде титықтайтындар үшін ке­рі әсер етеді.

«Бір айта кетерлігі, бала кри­те­риалды бағалау балына сеніп ал­ған. Екі БЖБ мен ТЖБ-ға дайын­далады да, үшеуінен қорыт­қан­дағы балы қорытындыға шы­ға­ды. Ал күнделікті сабақты оқы­май жүруі мүмкін. БЖБ-ны күшті жа­зады да, күнделікті сабаққа қырын қарайды. Төмен балл қояйын десең, БЖБ-сы жақсы бо­лып тұрады. Сондай уақытта ата-аналармен түсініспеушілік пай­да болады. Керісінше, күн­де­лікті сабақ айтып жүреді, оқиды, жазады. Бірақ БЖБ мен ТЖБ-дан балл жи­най алмайтын оқушылар кездеседі. Сондайда қиналатыным бар.

Байқағаным, 5-6 сынып оқу­шылары бәріне тыңғылықты дайын­далады. БЖБ мен ТЖБ-ға, са­баққа бірдей көңіл бөледі Оқы деген мәтінді оқып, талдайды. Со­сын жиынтық бақылаудың екеуін де жақсы тапсырып шы­ғады. Мысалы, 8-9 сыныптарға са­бақ беремін. Олар сабақ ба­ры­сында көп оқымайды, сынақ кезінде smk-дағы ТЖБ мен БЖБ-ны көшіріп алады. Көшіруге жол бермей, өзің құрастырып келсең, жаза алатыны да, тапсыра алмай­тыны да бар. Сол тұрғыда олардың білім сапасына кедергі келтіреді» дейді №188 мектеп-гимназия мұ­ғалімі Әсел Жутаева.

Оқытушы айтқан жоғарыдағы мы­салға мән берсек, мәселе ын­таға келіп тіреледі. Мұғалім мен кі­таптан үйренген оқушы мен сайт­тан «оқығанның» білім-баға­сы тең түссе, қайтпек керек? Қош, сайттағы мұғалімге керек дүние деп бәлсінер. Онда БЖБ мен ТЖБ тапсырмасы ата-ана мен оқушы қолына оңайлықпен түспейтіндей «айла» қажет тәрізді.

«Тапсырманы алу бар, тексеру та­ғы бір әлем» дегендей, мұғалім машақаты мұнымен біткен жоқ. Жалпы білім беретін мектептерде критериалды бағалауды енгізу туралы арнайы 125 бұйрық бар. Онда БЖБ мен ТЖБ алу реттілігі, сағаттар санына байланысты бө­лімдерді ықшамдап біріктіріп БЖБ алу туралы айтылған. ТЖБ алынған соң 3 оқу күні ішінде мо­дера­ция жүру қажет. Модерацияға дейін мұғалім оқушы жұмыстарын қарындашпен тексеріп, ең жоғар­ғы балл жинаған, ең төмен балл жинаған, орташа балл жинаған не­месе тапсырманы орындау дең­гейі ортадан жоғары, бірақ жақ­сыдан сәл төмен болып бағалауға қиындық туғызған үш оқушының жұмысын арнайы комиссия мү­шелерінен құралған Модера­цияға ұсынады. Баға стандартқа сай қойылған, қойылмағаны сарапқа салынады. Модерациядан кейін мұғалім барлық оқушының қа­рындашпен тексерілген жұмысын қаламмен қойып, күнделік.kz-ке жазуға міндетті.

Өткен жылы қараша айында Бі­лім және ғылым вице-министрі министрліктің жанынан құрылған жұмыс тобы критериалды бағалау жүйесін жетілдіру жолдарын тал­қы­лайтынын атап өткен. Жаз­ға­ны­мыз – жұмыс тобының кәде­сіне жараса болғаны.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ