Тренинг өткізуге «әркімнің де бар таласы». Қалайық-қаламайық, қоғам осыны қажет етіп отыр. «Бақытты әрі бай болудың» жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Онлайн-тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа? Әлде бірден мотиватор болып кетеміз бе?
«Әсіреқызыл тез оңар»
Онлайн-тренингтің құны бірдей емес. Мәселен, «Түпсанаға» қатысқыңыз келсе, бес сабақтың бағасы – 7 мың теңге. Ал «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі – оңай баюдың жолын үйретеді, енді бірі – «жетістікке» жетудің кілтін көрсетеді. Бастысы – мақсат қоя білсеңіз болғаны.
Жаппай коуч, мотиватор атануға не себеп болды? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрдік. Бірнеше рет Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында тренинг өткізуге себепкер болған кітапханашы Ғазиза Құдайберген «ақпарат еркіндігіне жол ашылған кезде көпшілік әлі ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізбей тұрып, бос кеңістікті осындай арзан дүниелермен толтыруға мүмкіндік беріп алдық» дейді. «Осы уақытта онлайн-тренинг өткізетіндер, мотивациялық кітап ұсынатындар, тез баюдың жолын үйрететіндер көбейді. Шын мәнінде, қазір бұл тақырып сұранысқа ие болып тұр. Айнұр Асанбердінің «Нумерология» кітабының таныстырылымын өткіздім. Бұл тренинг емес. Жаңа шыққан кітапты оқырманға жеткізу мақсатында өткізген дүние болатын. Жалпы, көпшілік онлайн-тренингке неге үйір десек, дағдарыста, әлеуметтік күйзелісті бастан кешіріп жүрген жандар үшін жылы сөздің өзі мотивация сыйлайды. Сол үшін олар кітап оқығаннан гөрі «жақсы» бір дүниені тыңдағанды, естігенді дұрыс санайды. Қазір оқырманның да талғамы өзгерген. Оған әлеуметтік желінің де тигізген «зардабы» көп. Жеңіл дүниеге әуес, біреудің жеке өмірін қызықтағанды жақсы көреді. Шын мәнінде, байығыңыз келсе, Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын оқысаңыз, мол мағлұмат табар едіңіз. Ерінбей еңбектенгеннің тіленбей қарны тоярына көз жеткізер едіңіз» дейді.
«Ақыл» сатып жүрген жоқпын
«Онлайн-тренинг өткізу сәнге айналып барады. Бұл ақша табудың жолы ма, әлде шын мәнінде оқырманға онлайн-тренингтер мотивация бере ме?» деген сауалымызға Құралай ханым (Ошақбаева): «Мұның бәрі сұранысқа байланысты. Мәселен, ағылшын тілінде онлайн сабақ өте көп. Өйткені ағылшын тілі сұранысқа ие. Балаларымыздың шет тілін білгенін, олардың шетелдерде оқығанын, ірі компанияларда жұмыс істегенін қалаймыз. Осыған дейін де қазақстандық ірі компаниялар шетелдік коучтарды алып келіп, қызметкерлерін арнайы оқытады. Әрі олардың елімізге тегін келмейтіні тағы белгілі. Бұл тәуелсіздік алған кездері басталған үрдіс. Сол кездері «коучтардың келгені дұрыс емес» деген пікірлер айтылған жоқ. Қазір неге онлайн-тренингтердің көбейгені қоғамның назарына ілініп отыр? Өйткені жаппай бұқара осы салаға мойын бұра бастады.
– Мұғалімдердің, не болмаса басқа салада жүрген азаматтардың психологияға бет бұруы елді елеңдетіп отырған шығар. Қалай ойлайсыз?
– Бұл адамдардың шама-шарқына байланысты шығар. Егер сол саланы меңгеруге адамның қабілет-қарымы жетіп жатса, несі бар? Қазір адамдар өте сауатты. Нені тыңдап, нені тыңдамау керек екенін де жақсы біледі. «Аңқау елге – арамза молда» дегеннің күні өткен. Қазір ешкімді алдай алмайсың. Мәселен, менің мамандығым – программист. Қырыққа жуық сертификатым бар. Психологияны оқып келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Өткен жылы Мәскеуге психоанализ факультетіне магистратураға оқуға түстім. Сондықтан мені ешкім психологияны оқымаған деп айта алмайды. Білікті мамандардан дәріс алып, білімімді тереңдетіп жүрмін. Тігіншілікті үйрететін не болмаса ағылшын үйретіп жүрген курс көп. Соған қарамастан, психологиялық сабақтарға неге шүйлігетінін түсінбеймін. Ол да тігіншілік секілді үйрету сабақтары емес пе?
– Сіздің сабағыңызға қатысқандардың арасында шын мәнінде мотивация алып, өмірі жақсы арнаға бұрылған жандар бар ма?
– Ондайлар өте көп. Дәрістерімнің дені отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиеге арналады. Менің әлеуметтік желідегі ұраным «ажыраспа» хэштегімен тұрады. Қазір қоғамның ең үлкен дерті – ажырасу. Жыл сайын ажырасатындардың саны артып барады. Мақсатым – құр сабақ өту емес. Нәтижеге жұмыс істеймін. Қазақтың қыздары мықты болса деймін. Баланың психологиясы бұзылмасын деп тілеймін. «Құралай ақшаның жолына түсіп кетті» десе, көпшілік қателеседі. Тегін тренингтерім, вебинарларым ютуб желісінде бар. Өзім де онлайн-тренингтерге қатысып тұрамын. Бір сабақты 10 мың АҚШ долларына сатып алған кездерім болды. Сондықтан өзім үйренген сабақтарымды өзгеге сабақ болсын деп ақылы үйретіп жатсам, айып па? Ол да менің еңбегім ғой. Өз еңбегімді сатуға құқым бар емес пе?
Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін оның да саны артып тұр. Тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес.
Әр адам адаспаудың жолын іздесе екен
Депутат, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан: «Бұл мәселені бүгін тоқтата алмаймыз. Өйткені адамдар сол тренинг өткізетін адамдарға қатты сенеді. Адамға адам ақыл сатпайды. Адамның басындағы қиындықты шын жанашыры ғана түсіне алады. Әр адам адаспаудың жолын іздесе екен» дейді. Адаспаудың жолы қандай? Тұрмыстық қиындықтан «ақылды» сабақтар алып шыға ала ма? Біреудің өмірін өзгерту мүмкін бе? 18-20 мыңын қиып, психологтардың кештеріне қатысып жатады. Мұндай кештерге 300-1000 адамға дейін жиналады. Бір сабаққа 300 адам қатысса, құны 20 мың болса, орта есеппен қанша қаржы жиналатынын есептей беріңіз.
Мамандар «тренинг өткізу – алаяқтықпен тең» дегенді алға тартады. Ал кейбіреулер мұндай тренингтердің де пайдасы бар дейді. «Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тыңдасаңыз, негатив табасыз. Үйрену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз позитив, өзіңізге қажет нәрсе аласыз. Не үшін тыңдағыңыз келеді, пікір соған байланысты өрбиді» дейді тыңдаушылардың бірі.
Ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе?
Дінтанушы Кеңшілік Тышқан: «Бұл негізінен сол сабақты беретін адамның деңгейіне де байланысты. Соңғы кездері онлайн-тренингті зерттеп жүрген адамдар бар ма? Тренингке 500 адам қатысып, оның 50-і бақытты болып кетті деп айта аламыз ба? Жоқ. Қатысқан сәтте мүмкін адамға жақсы көңіл күй сыйлайтын болар. Адамның өз қабілет-қарымы жоғары болмаса, жұмысқа белсенділігі артпаса, оған тренингтің тигізер әсері аз-ау. «Пәленше қатысып жатыр екен, мен неге қатыспаймын» деген ниет болса, ондай адамда нәтиже болмайтын секілді.
Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін оның да саны артып тұр. Тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. Дәрігерліктен, не болмаса мұғалім болғысы келмеген немесе әр жұмыстың басын бір шалып, орнын таба алмай, құр қарап отырғанша деп, аннан-мұннан оқып алғанын неге пайдаланбасқа деп жүргендер секілді. Бұл – менің ішкі ойым. Өйткені ондай онлайн сабақтарға қатысып көрген емеспін» дейді.
Адамдар неге тез байығысы келеді? Еңбек еткісі келмей ме? Яғни, онлайн сабақтар арқылы баюды мақсат тұтатындар бар. Неге? «Адамдардың материалдық құндылыққа деген ынтасы өте жоғары. Баю деген сөз – бір тренинг немесе бір сабақтан пайда болатын нәрсе емес. Байсалды, күрескер, табанды адамдар ғана жеңіске қол жеткізе алады. Ал тренингке қатысатынның барлығы дерлік, іскер адамдар деп айта алмас едім. Үйде отырған, жалқау, еңбек еткісі келмейтін, шаруаға қырсыз, күні-түні ұялы телефон шұқылап отырған біреулер ғана. Шын мәнінде, іскер адамдардың ондай «жеңіл-желпі» сабақтарға қатысатын уақыты да жоқ. Қисық адамдардың көлеңкесі де қисық дейді ғой. Мұндайдан пайда бола ма?» дейді дінтанушы.
P.S.
Мотивация сыйлайтын кездер болады. Кей адам онлайн-сабаққа қажеттілік үшін барады. «Үйренсем-білсем» деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтейтін болар. Мүмкін, тура жолға салатын шығар. Бірақ барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?
Әлде... Мотиватор болам бір күні... Ал сіз ше?
Айна ХАСАН