Қазақстанда азаматтарды сотта қорғау сапасы көбіне сын көтермейді. Қарағандылық заңгер Евгений Танковтың сот процесі үстінде судьяны масаұрғышпен сабағаны, оның арты судьямен төбелеске ұласқаны бейнеленген видеожазбаны интернеттен көріп, халықаралық қоғамдастық жаға ұстады, өткір сын айтты. Әділет министрлігі біраз адвокаттың алаяқтығын да әшкерелеген. Неге бұл сала осынша деградацияға ұшырады?
Әлгі сорақы оқиға 2014 жылғы шілде айында болған-тын. Заң бойынша судьяға қол көтермек түгіл, балағат сөз айтуға, тіпті сөзін бөлуге, рұқсатсыз сөйлеуге тыйым салынған. Бұл – өркениетті елдердің тәжірибесі. Осы арқылы мемлекетте заңның үстемдігі қамтамасыз етіледі. Ал судья – Ата заң мен заңнаманың өкілі, заңдылықтың ұстыны.
Мұны қарапайым адам білмесе де, заңгер жақсы білуі тиіс. Алайда қазақстандық адвокатура «сүйегіне дақ салған» оқиғаны аудандық сот залындағы бақылау камерасы тіркеген. Соны айғақ еткен «Фемида» агрессивті адвокатты 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Евгений Танков 2016 жылғы 16 қыркүйекте босап шықты. Ол темір тордың ар жағында отырып, жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстыруды немесе мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды сұрап, талап-арыз жолдаумен болыпты. Бірақ ынтымақтастық білдірді ме, кім білсін, әртүрлі инстанциялардағы судьялар өз әріптесіне күш көрсетіп, қорлаған адвокатқа мейірімділік танытпады. Сотталушы түрмеде аштық жариялады. Тек колония әкімшілігінің талабы бойынша сот жаза мерзімін жарты жылға кеміткен. Сөйтіп, Е.Танков масаұрғыш сілтегені үшін 3 жыл орнына 2,5 жыл отырып шықты.
Екі ортада аңқау адам жем болады
Үкімет мүшелеріне, құқық қорғау органдары атына азаматтардан түсіп жатқан шағымдар жанайқайға толы. Олардың біразы адвокаттардың біліктілік таныта алмағанын, ал судьялардың қайырымдылық көрсетпегенін білдіреді.
Шағымдардың бірінің иесі Виталий Дмитриенко өз туғаны Алексей Гимельрайхтың қыз зорлау үшін заңсыз сотталғанына сенімді: «Алексейге таңылған айып, қылмыс дәлелденбеген. Қылмыстың ізін суытпай, бірден тергелген жәбірленуші қыз өзінің заңды өкілінің көзінше болған жайтты егжей-тегжейлі айтып береді. Ол 2019 жылғы 1 қаңтарда, түнгі бірде үйінен шығып, ауыл жастары «жаңа жылды» мерекелеп жатқан үйге барады. Думан үстінде ішімдік ішкен. Ешкім де өзіне күш қолданып, жыныстық сипатта зорлық көрсетпегенін, сондықтан ешбір адамға шағымы жоғын мәлімдейді. Рас, сол түні шынымен Алексей Гимельрайхпен төсектес болған, бірақ бәрі келісім бойынша жүрген. Жәбірленуші төсек ләззатының егжей-тегжейіне дейін айтып берген», – дейді арызданушы.
В.Дмитриенконың баяндауынша, ол қыз диванда ұйықтап жатқан Алексейге өзі келген, құшақтап, аймалаған, шешініп, өзі қасына жатқан. Ақыл-есі сау, масаймағанын жеткізген. Ол Алексеймен әлеуметтік желіде хат алысқан, қоңырау шалысқан, араларында қарым-қатынас туындай бастаған. Сонда зорлау туралы іс не үшін қозғалып отыр? Төсектегі махаббатқа Алексейдің бұрынғы қызы куә болыпты. Жас жігітке қатты өшіккен ол полицейлерді шақырып, зорлау орын алғанын майын тамыза баяндайды. Оның дерегінше, бойжеткеннің масайып қалғанын Алексей пайдаланып, күштеп иліктірген.
Айыптаушы тараптың басты куәгерінің осы айтқанын басқа барлық куәгер жоққа шығарады. 2019 жылғы қаңтар-мамырда жігіт тек куәгер мәртебесінде тергеуге шақырылады. Одан кейін тұтқындалған. Сот залында ешқандай зорлау оқиғасы болмағаны дәлелденгенімен, судья Алексей Гимельрайхты 10 жылға соттады. Әскери борышын жаңа ғана өтеп оралған жас жігіттің ендігі өмірі тар қапаста өтпек. Сорақысы, оған «зорлықшыл» деген қарғысқа бергісіз қарғы тағылды.
Министрлік дерегінше, 2017-2019 жылдары Әділет департаментіне қазақстандықтардан адвокаттардың іс-әрекетіне қатысты 685 шағым түсіпті. Және арыздар көлемі артуда: 2017 жылы – 176, 2018 жылы – 286, ал 2019 жылдың 9 айында ғана 223 адам шағымданған.
Өз қызына емес, айыптаушы жаққа сенген бойжеткеннің ата-анасы да Гимельрайхтан 2,3 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық залалды өтеуді талап етіп жатқаны мәлім болды.
– Бізде судьялар негізінен күш құрылымдарынан немесе сот жүйесіндегі ұқсас мамандықтардан шыққан, яғни бұрынғы хатшылар, приставтар, әкімшілер. Олар айыптау үкімін шығаруға жақын тұрады, – дейді белгілі адвокат Джохар Өтебеков. Ол кейбір қорғаушылардың біліктілігі нашар, білім таяздығын да жоққа шығармайды.
Ал заң ғылымдарының докторы, профессор Эдуард Мұхамеджанов дамыған елдерде көбіне адвокатурада жұмыс тәжірибесі бар мамандар судья болатынына назар аудартады. Өйткені олар қылмыскерлер мен қорғаушылардың қулығын да, әлсіз тұстарын да біледі, іске әр қырынан қарайды.
Бақталастар тайталаспай өтпейді
Сарапшылар біраз жылдан бері адвокаттар қауымдастығы мен Әділет министрі Марат Бекетаев арасында текетірес жүргеніне нұсқайды. Бұл арпалыста тараптар талай итжығыс түсе келе, ақыры кейінгі кезде министр табысқа жете бастады. Елде заңнама қайта жазылды.
2018 жылы 1 қазанда Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел өз лауазымынан кететінін жариялады. Ол 2017 жылы заңгерлік көмек саласындағы Әділет министрлігі ұсынған реформаға өзге адвокаттармен бірге наразылық танытқанын еске салды.
– Бас біріктіре отырып, адвокатураға мемлекеттік реттеудің күшеюіне қарсы шықтық. Халықаралық стандарттардың сақталуын және адвокатураның тәуелсіздігін жақтадық. Соған қарамастан халықаралық талаптарға сай келмейтін, ЕҚЫҰ теріс бағалаған адвокатура туралы жаңа заң қабылданды. Оның принципті ережелеріне қарсы адам ретінде енді оны өмірде жүзеге асырумен шұғылдана алмаймын, – дейді Ә.Түгел.
Ал Әділет министрлігінің байламынша, саланың жағдайы мемлекет араласуын қажет етеді. Ведомство саладағы проблемалар қатарында адвокаттардың тапшылығын, олардың кәсіби деңгейінің төмендігін, бәсекеге қабілетсіздігін атады. Мысалы, шетелдік инвесторлар оларға жүгінбейді, жоғары жалақысын, бонусын, жолақысын және басқасын төлеп, шетелден сенімді заңгерді алғызады.
Министрлік дерегінше, 2017-2019 жылдары Әділет департаментіне қазақстандықтардан адвокаттардың іс-әрекетіне қатысты 685 шағым түсіпті. Және арыздар көлемі артуда: 2017 жылы – 176, 2018 жылы – 286, ал 2019 жылдың 9 айында ғана 223 адам шағымданған.
Тексеру нәтижесі бойынша, ниеті арам, біліксіз, қорғауға құлықсыз 129 адвокат тәртіптік жазаға тартылды. Бұлардың саны да өсуде: 2017 жылы – 41, 2018 жылы – 58, 2019 жылдың 9 айында – 30.
109 адвокаттың лицензиясы тоқтатылған немесе күші жойылған. Олардың кейбірі басқа салаға ауысып, адвокаттық құжатынан бас тартқан. Бірқатарын лицензиясынан сот айырыпты.
– Адвокаттық қызметпен айналысу үшін Қазақстанның 13 мыңға жуық азаматы лицензия алды. Алайда іс жүзінде адвокат ретінде тек 5 312 адам немесе лицензиясы барлардың 41%-ы айналысады. Қазақстанда әр 3 400 адамға 1 адвокаттан ғана келеді. Дамыған елдерде, мысалы, Германияда әр 500 адамға 1 адвокат, Францияда 1 200 адамға 1 адвокат бар. Адвокаттар саны барша қазақстандықтарды білікті заңгерлік көмекпен қамту үшін жеткіліксіз, – деді Әділет министрлігі.
Жаңа реформа не әкелді?
Реформа басталғанға дейінгі 8 жылда, 2010-2017 жылдар аралығында адвокаттар қатары небәрі 562-ге ғана көбейген. Салыстыру үшін айтсақ, жаңа заң күшіне енген 2018 жылғы шілдеден 2019 жыл соңына дейінгі арада олардың сапына тыңнан 558 қорғаушы қосылыпты.
Негізі адвокаттар саны артса, олар арасындағы бәсекелестік те күшейер еді. Сонда қорғаушылар өздерінің кәсіби деңгейін арттыруға ынталы болады. Бұл елдегі заң көмегінің сапасын жоғарылатуға тиіс.
Реформа арқылы Әділет министрлігі адвокатура саласына жаңа мамандардың көптеп келуіне қол жеткізбек. Осы мақсатта «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң аясында бұрын болған біраз кедергі жойылды. Мысалы, қорғаушы атану үшін маман ең алдымен адвокаттар алқасына мүше болуы керек, әйтпесе лицензия берілмейді. Ал осы алқалар 680 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін кіру жарнасын талап етеді. Бұдан басқа, маман аумақтық адвокаттар алқасында міндетті тағылымдамадан өту үшін жылына 136 мыңнан 272 мың теңгеге дейін төлеуі тиіс болатын.
Салдарынан кәсіби қызмет басталғанға дейін адвокат мәртебесін алуға үміткер 1 миллион теңгедей шығын шығаруы керек. Кеше ғана университет бітірген жаста осынша қаржы қайдан болсын?! Одан өткендері шығынын қайтару үшін әрі заңгерлер тапшылығын пайдаланып, қызмет ақысын шектен тыс арттырады. Енді кіру жарнасына тыйым салынды.
Кінәлі адвокаттың ісін әріптестері қарап, көбіне жылы жаба салатын. Бүгінде қоғамдық бақылауды күшейту үшін тәртіптік комиссиялар құрамына отставкадағы 2 судья және қоғамның 3 өкілі қосылды.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокаттың және заңгерлік кеңесшінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Ол бойынша қорғаушы заң көмегін сапасыз көрсеткен жағдайда клиенттер сақтандыру өтемақысын талап ете алады.
Ал адвокаттардың қызметін сақтандыру сомасы 2 млн 651 мың теңгеге дейін барады екен.
Осы орайда, жақында аудандық және қалалық соттар қорғаушылардан осы сақтандыру келісімшартын ұсынбаса, сотқа жібермей жатқаны туралы хабар тарады. Мұны естіп, Республикалық адвокаттар алқасы Жоғарғы сотқа наразы хат жолдады. Оның төрайымы Қадыржан Баймұханова бұл талаптың негізсіз екенін, заң бойынша қорғаушы тек адвокат куәлігін және қорғау туралы жазбаша хабарламаны көрсетсе, жеткілікті екенін қадап айтты. Демек, реформа аясындағы пікірталас жалғасатынға ұқсайды.