Абай Қарағандыға енді жетті

Абай Қарағандыға енді жетті

Қарағанды қаласында 10 көшенің атауын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Достық үйінің үш за­лында өткен қоғамдық тың­дауға мыңнан аса адам қа­тысты. Қала тұр­ғын­да­ры­ның ара­сын­да Ленин көшесіне Абай Құнанбайұ­лы­ның есімін беруге қарсы шыққандар аз болмады.

Облыс орталығындағы идеоло­гиялық тұрғыдан ескір­ген көше атауларын өзгертуге жергілікті билік бір жыл да­йын­далды. Осыдан екі жыл бұрын Қарағанды қаласының әкімдігі қаладағы 16 көшенің атауын өзгерткен болатын. Ол кезде қоғамдық тыңдауға 400-ге жуық адам қатысып, 90 пайыз қатысушы қолдады. Сол жолы биліктің көше атауларына жеке тұлғалардың есімін бе­руге тәуекелі жетпеді. Қала шетін­дегі көшелерге жалпыға ортақ атау­ларды ұсынды. 3-кочегарка көшесіне – Ардақ, Батарейная – Қайнар, Болотная – Бірлік, Коминтерн – Ынтымақ, Мануфактурная – Аққайын, Пионерская – Саялы, Рабкоровская – Серпін, Совхозная – Өркен, Социалистическая – Арман, Торпедная – Арай, Насыпная – Жағалау, Отвальная – Талды, Паровозная – Береке, Портовская – Саяхат, Пикет­ная – Самал, Пахотная Тұ­мар болып өзгерді. Соңғы онжыл­дықтағы алғашқы тыңдау болған­дықтан, қала тұрғындары бұл ше­шіммен келісті. Биыл ха­лықты мұндай атаулармен ал­дарқата алмайтынын түсінген билік орталық көшелерге елге танымал, еңбегі сіңген қайрат­кер­лер мен тұлғалардың есімін қоюды ұйғарыпты.


Ақын Қасым басқа көшеге лайық

Қоғамдық тыңдауды мәсли­хат хатшысы Құдайберген Бек­сұлта­нов жүргізді. Қарағанды қа­ла­сы әкімдігінің ұсынысымен Қара­ған­дының Волочаевская көшесіне Кеңес Одағының ардагері Ка­ма­ли Дүйсенбековтің, Кувская кө­шесіне Кеңес Одағының Баты­ры Қазыбек Нұржановтың, Кри­вогуза көшесіне қазақ поэ­зия­сының көрнекті өкілі, ақын Қасым Аманжоловтың, Защи­тная көшесіне этнограф, фольк­лор­шы Григорий Потанин­нің, Зональная көшесіне қазақтың ұлттық музакасын зерттеуші Алек­сандр Затаевичтің, Олим­пий­с­кая көшесіне еңбек ардагері Нар­манбет Төлеповтың, Прика­на­ль­ная көшесіне Сарыар­қа, Ленин көшесіне қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының есімін беру талқыға салынды. Қалада Қасым Аманжолов және Қазбек Нұржанов атындағы көшелер бұрыннан бар. Дегенмен қаладан шалғай орналасқан әрі қысқа қайырылған шолақ көшелер елі үшін кеудесін оққа тосқан батыр мен дауылпаз ақынына лайық емес деп танылып, үлкен әрі ескерткіші орналасқан көше­лер берілетін болды. Бұрынғы Аманжолов көшесіне Балқантау, ал Нұржанов көшесіне Мерей атауын беру ұсынылды. Бұл өзгеріс­тер халық арасында қарсылық тудыр­мады.

 

Интернеттегі сауалнаманың нәтижесі неге қайшы?

Қарағандыда көше атауын өзгер­ту әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Facebook-тегі «Где? где? в Караганде» атты паб­лик­те арнайы сауалнама ұйым­дастырылды. Сауалнама нәти­жесі бойынша 227 адам қарсы бо­лып, 122 адам қолдаған. Бұ­дан бөлек, осындай сипаттағы пост­­тар жазылып, тарихи атаулар өз­гер­­месін деген ұран тасталды. «Ка­раганда-мать зовет!», «Мы нуж­даемся в тебе!», «Наша сила в единстве!» деп ұрандатқан shock_krg, skandal_krg пабликтері желі қол­­данушыларын қарсы болуға ша­қырған болатын. Қоғамдық тал­қылауда осы пікірлерді жазып жүр­ген бір блогер суырылып сөз сөйледі.

– Осыдан бірнеше күн бұ­рын әлеуметтік желіде көше атау­ларының өзгеруіне қатысты сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәти­жесі көпшіліктің қарсы еке­нін көрсетті. Бұл көрсеткіш есепке алын­бай ма? – деді блогер Иван Инжаков.

Құдайберген Бексұлтанов әлеу­­меттік желілерге салынған түр­лі сауалнамалардың есепке алын­байтынын хабарлады. Интер­нет­тегі авторлардың кейбірі бірнеше жалған аккаунтпен отыратыны және олардың барлығы бірдей қара­ғандылық болмауы мүмкін екенін алға тартты.

 

Қазақты ел қылған күн көсем

Жиналғандардың басым бөлігі ұсынылған 9 көшенің атауын өзгер­туге қарсы болмады. Тек Ле­нин­нің есімін алып тастауға қарсы шықты. Сөз сөйлеушілер де осы тақырыпта пікірталас жасады. Ленин үшін арнайы қызыл ту жел­біретіп, қызыл төсбелгі тағып кел­гендер микрофон бермеді. «Ленин – біздің тарихымыз» деген тұрғындар қазақ халқының тари­хын 1917 жылмен ғана байла­ныс­­тыратынын байқатты. Тәуел­сіз­дік алғаннан бергі 29 жылда елімізде жүргізілген идеологияның кө­ңіл­дегідей нәтиже бермегені осын­дайда білініп қалады. Көше атауларын өзгертер кезде туын­дай­тын қарсылықтар соның жемісі. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының тарихын, елі үшін жанын пида еткен тұлғалар туралы білмейді. Сол себепті «қазақты ел қылған, қала тұрғызған, сауат ашқан бізбіз» деп кеуде соғады. Тура осындай пікірлер қоғамдық тыңдауда аз айтылмады.

– Көшелердің атын өзгерту тарихты қайта жазғанмен бір­дей. Жаңа көшелер, жаңа шағын­ау­дандар бар, осы атаулар сол жер­лерге берілсін, ескі атауларға, Ле­нин­ге тиіспеңіздер, – деді Лилия Карташова.

– Біздің аталарымызды атақты Абы­лай хан мен Бұқар жыраулар арнайы шақырған. Біз өзіміз кел­­ген жоқпыз. Бұл елде қала бол­ма­ған. Ата-бабаларымызды олар қазақ жеріне қала тұрғызуға шақырды. Менің бабаларым Киевтен, Харковьтан Қазақстанды салу үшін келді. Қарағанды менің ата-бабаларымның арқасында салынды. Бұл қаланың тарихын біз жасадық. Мен Лениннің арқа­сын­да өмірге келдім. Сол себепті Ленин көшесінің атын өзгеріссіз қалдыру керек, – деді Нина Серова.

– Ленин атындағы көшелерді Ресей мемлекеті 1991 жылдардан бері ауыстырып тастаған. Оларда ешкім қарсы болып көшеге шық­қан жоқ. Ленинград Санкт-Пе­тербург болды. Ресей елі бар­лық қаласындағы көшелерді ауыс­тыр­ғанда біз әлі елден ақыл сұрап отыр­мыз. Тіпті қаладағы Ленин ескерт­кішін де алып тастау керек, – деді Айтқожа Фазылов.

Ленин көшесін ауыстырмауды сұра­ған пікірлерге зал сөзін естірт­пей шулап, ысқырып, айтқызбады.

Ленин көшесіне Абайдың есі­мін беруге қарсы пікірлерге ақын Серік Ақсұңқарұлы шыдама­ды. Ол сахнаға шығып әдемі сөз сөйледі.

– Экономикалық формация кетті, империя құлады, ол құлаған империяның орнына тәуелсіз Қазақ­стан деген мемлекет келді. Совет үкіметін құлатқан біз емес, коммунистердің өздері құлатты. Менің бір таңғалатыным, сол кез­дері көшеге шығып, «Совет үкі­меті қайда?» деген бірде-бір ком­мунист болмады. Ленин жай­лы айтатын болсақ, баяғыда біз де Ле­нинді пір тұтқанбыз, ком­му­нист болғанбыз, Лениннің жолы дұрыс екен деп ойлағанбыз. Бірақ бізден бұрын Ленинградты Санкт-Петербург деп неге өзгертіп жібергенін Ресейден сұраңыздар. Қазіргі күні ресейліктер Лениннің орыс халқын иттің етінен жек көр­гендігі жайлы құжаттарды жа­рыққа шығарып жатыр. Енде­ше, өзге ел түгілі, өз елі жек көр­­ген Лениннің орнында бүкіл адам­зат­ты сүйген Абай тұру керек деп ойлаймын, – деді Серік Ақсұң­қар­ұлы.


«Ленин – біздің тарихымыз» деген тұрғындар қазақ халқының тари­хын 1917 жылмен ғана байла­ныс­­тыратынын байқатты. Тәуел­сіз­дік алғаннан бергі  29 жылда елімізде жүргізілген  идеологияның көңілдегідей нәтиже бермегені осындайда білініп қалады. Көше атауларын өзгертер кезде туын­дай­тын қарсылықтар соның жемісі.


ҚарМУ профессоры, тарихшы Жұлдыз Сақтағанова Ленин көше­сінің атауы өзгергенімен тарих өзгермейтінін айтты.

– Ленинград қаласы Санкт-Петербург болып өзгергенімен, ол қаланың тарихын ешкім сызып тастаған жоқ. Атақты Ленинград блокадасын ешкім ұмытқан жоқ. Оған барлығымыз құрметпен қарай­мыз. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы бар, жаңа тұлғалар қалыптасты. Жас ұрпақ соларды білуі керек, – деді ғалым.

Отырысты жүргізіп отырған моде­ратор Құдайберген Бексұлта­нов Ресейдің Мәскеу, Санкт-Пе­тер­бург, Томск секілді бірнеше қа­ла­сындағы Ленин атындағы кө­­шелер мен даңғылдардың қан­дай атаумен өзгергенін баяндап өтті.

Әнші Меруеш Башай әлемнің 44 елінде тұратын қандастардың Қарағандыда ұлы Абайға көше берілетіні туралы хабарды қуаныш­пен қабылдағанын баяндады. Сүйін­ші жаңалықтың құрметіне Абай атамыздың «Көзімнің қара­сы» әнін орындады. Залға лық тол­ған халық әншімен бірге Абай­дың әнін әуелетті.

 

Мораторийге дейін ауыстырып үлгерді

Қарағандыда көше атауын өзгерту үнемі айғай-шуға ұласады. Әсіресе, кеңес заманынан қалған мұраларды жоюға қарсылық қатты. Қаладағы Ленин ескерткішін орны­нан алуға азуы алты қарыс бірнеше облыс әкімінің тісі бата алмай кетті. Сонда қарсы болып жүр­гендер – сексеннің сеңгіріне шық­қан бірді-екілі кейуана. Осы­дан бес жыл бұрын облыс әкімдігінің алдында қасқайып тұр­ған ескерткішті әупірімдеп жүріп, Ленин көшесіне қондырды. Біржола алып тастауға жергілікті биліктің шамасы жетпеді. Өйткені ескінің көзіндей болған Ленин кө­шесіне құрмет ерекше. Ол кө­ше­нің бойына орналасқан көп­қабатты үйлердің сыртын билік өз қаражатына жылда сыр­лап-сылап сәндеп қояды. Басқа көше­лер­дегі үйлерге ондай құрмет көр­се­тіл­мей­ді.

Дегенмен аймаққа жаңадан келген басшы Жеңіс Қасымбек тәуекелге барған тәрізді. Жас басшы енді облыстағы идеология­лық тұрғыдан ескірген көше атау­­ларын өзгертуге бел шешіп кірі­сіп­ті. Қаладағы он көшенің атауы өзгеруі – соның айғағы. Әрі қоғамның толысқанының, халық руханияттың жоқшысы болуға кіріскенінің белгісі.

Алайда бір «бірақ» бар. Ол – ономастикаға қатысты шектеу. Биыл Қазақстанда халық санағы өтетіндіктен, көше атауларын өзгертуге екінші жартыжылдықта мораторий жарияланатын-ды. Оған дейін өзгергені өзгерді, ауыс­паса келесі жылға қалады. Қара­ғанды қалалық мәслихатының хат­шысы Құдайберген Бексұл­та­новтың айтуынша, халық қол­­­дағанымен, оны әлі қала­лық, облыстық мәслихат депу­тат­тарының талқысына салады. Одан кейін республикалық оно­мас­тикалық комиссия қарайды. Содан кейін барып, бұл шешім күшіне енеді. Оған үш-төрт айдай уақыт керек екен. Билік жүйе­сіндегі қағазбастылық пен бюрок­ратияның түбірімен жойыл­ма­ғанын ескерсек, биыл бұл көшелердің аты ауыспай қалуы әбден мүмкін. Жыл басындағы алға­ш­қы жеңістің қалай аяқта­ла­ты­нын уақыт көрсетеді.

 

Көше атауын өзгерту бюджетке салмақ салмайды

Жиналғандарды көше атаула­рын өзгертуге қанша қаражат жұмса­латыны қызықтырды. Оған кететін қаражатқа жол жөндеп, аз қам­тылған отбасыларға неге беріл­мей­ді деген сауалдар қойылды.

– Мен Қарағандының қара­па­йым тұрғынымын. Осында тудым, өстім. Көше атауларының өзге­руі дұрыс делік, иә тарихты бі­луі­міз қажет. Бірақ мені тол­ған­­дыратын басқа мәселе, Қазақ­стан Республикасының азаматы ретінде салық төлеймін, ендеше менің ақшамды неге көше атау­ла­рын өзгертуге қолданады? Оның орнына қалада жылы аял­да­ма ор­натуға болады ғой. Оның ор­ны­на жағдайы төмен отба­сы­ларға, мүгедектерге, жетім балаларға көмектесейік, көше атауларын өзгер­туге әр кезде үлгереміз, – деді Ержан Рысбаев.

– Ономастикалық комитет көше атауларының өзгеруіне жұмсалатын қаржыны өз мойнына ала ма? Бұл көшелерде тұратын тұр­ғындардың көпшілігі егде жас­тағы адамдар, зейнеткерлер. Олар көше атауын өзгерткені үшін неге қалтасынан ақша шығаруы қажет? – деді Иван Инжаков.

Тіл басқармасының маманы Баян Сейітбекова шығынды то­лы­ғымен мемлекет өтейтінін және он көшедегі мекенжай тақ­тай­­шаларын өзгертуге шама­мен 3,5 млн теңге көлемінде қаржы жұм­са­латынын хабарлады.

– Қазақстанның «Жылжы­май­тын мүлікке құқықтарды мем­лекеттік тіркеу туралы» заңы­ның 6-бап, 2- тармағында «Жыл­жы­май­тын мүліктің сәйкестендіру сипат­та­маларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың рет­тік нөмірлері (мекенжайы) өз­гер­ген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысын ре­фор­ма­лауға байланысты ка­дас­тр­­­л­ық нөмірлер өзгерген кез­де мұн­дай өзгерістерді тіркеу құ­қық ие­ленушіге жүктеле ал­май­ды және өтеусіз жүзеге асыры­ла­ды» делінген. Яғни, «көше атауы өз­герсе қаншама қаражат жұм­са­лады, халық құжат ауыстыру машақатына ұшырайды» деген пікір орынсыз. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Тұрғындарға құжат ауыстырып, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Үйдің немесе жердің құжаттары алып-сату немесе басқа адамның иелігіне берілген жағдайда ғана жаңа дерекпен рәсімделеді, – деді Баян Сейітбекова.

Қайта-қайта көтерілген бұл сұраққа жергілікті кәсіпкер, «Нәтиже» сүт өнімдері компа­ния­сының директоры Ерлан Әшім жауап берді. Ол ортаға шығып, көше атауларын жаңартуға кететін шығынды өз компаниясы есебінен өтеуге уәде берді.

– Біздің компания жылына рес­публикалық бюджетке 250-300 млн, ал облыстық және қалалық бюд­жетке 500 млн теңге салық тө­лейді. Біз бұдан да көп төлеуге, яғни көше атауларын өзгертуге кете­тін шығынды толығымен өз мойнымызға алуға әзірміз, – деді кәсіпкер.

Тәуелсіздік алған 29 жылда Қара­ғандыда 73 көше атауы жа­ңар­­ды. Жалпы алғанда, қалада 720 көше бар.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы