«Абай» опера-фильмін кім түсіреді?
«Абай» опера-фильмін кім түсіреді?
389
оқылды

Белгілі режиссер Талғат Теменов ABAI.kz сайтына бер­ген сұхбатында: «Өткен жетіде «Қазақфильмге» бар­дым. Сонда Абай операсын ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің түсіретінін естідім. Біреулер солай деп ұсыныс айтыпты-мыс. Бірақ оны кім айтқа­нын білмейміз. Мұны біреулер Наталья Орынбаса­ро­ва­ның алдында жақсы атану үшін айтты ма немесе Мәс­кеуден маман шақырдық деп мақтану үшін айтты ма, білмеймін» деген екен.

«Көзіміздің қарашығы – Абайды қазақ режиссерлеріне сенбей, сырттағы біреуге бе­реміз деген ойдың өзі қауіпті. Бірақ бұл – өте ұят нәрсе. Сонда бізде сол опе­раны түсіретін адам жетпей қалып па? Бұл – даңғаза, атақ­құ­марлық» деп санайды режиссер.

Теменов әр ұлт өз тұлғасын өзі түсіруі тиіс деген ойды ай­тады. Пушкинді орыстар, Баль­закты француздар, Ататүрікті түріктер түсіргені жөн. Өйткені тұлғаның қадір-қасиетін әр ұлт өзі жақсы түсінеді, біледі. Со­нымен режиссер айтқандай, «Абай» опера-фильмін Конча­ловский түсіреді деген ақпарат қайдан шықты?

Осыдан екі ай бұрын, яғни 1 қарашада Қазақ телеграф агент­­тігінде «Егор Кончаловский Абай опера-фильмін түсіреді» деген ақпарат тарады. Онда Кон­чаловский: «Менің міндетім – киноопераның классикалық нұсқасын жасау. Әрі ол фильмде театралды нұсқадан көп айырма болмауы тиіс. Әрине, киносту­дияда түсірілген фильмнің орны бөлек. Өйткені кино – қозғал­малы сурет өнері, ал опера – музыкалық өнер» дейді.

Киносценарий авторла­ры­ның бірі Тұрар Жұбанов та «Ки­ноның театралды қойылымнан айырмасы көп. Мұхтар Әуе­зовтің атақты либреттосының сюжеттік желілерінде өзгешелік болуы мүмкін» деген пікір білдіріпті.

Деректерге сүйенсек, кино­сценарий жазылып, синопсис әзірленіп, Ұлттық киноны қол­дау орталығына жіберілген екен. «Жобаны қорғау 2019 жылдың 3-6 желтоқсан күндері өткізіледі» делінген.

Қош делік. Демек, Теменов­тің сөзінің жаны бар секілді. «Абай» операсын түсіру туралы бұған дейін әңгіме болғаны анық. Шын мәнінде, оны Кон­ча­лов­ский түсіре ме, жоқ па?

Көркем фильм түсіруге дайын емес

Бұл – жазушы Смағұл Елу­бай­дың пікірі. «Абай тақырыб­ы­на бару оңай емес. Ол – күрделі тұлға. Абай туралы жеңіл-желпі фильм түсіруге болмайды. Ол үшін үлкен дайындық керек. Әзірге бізге ұлы тұлғаға арнап деректі фильм түсірсек те бо­лады» дейді жазушы.

Ал «Абай» операсын Кон­ча­ловскийдің түсіретіні туралы әң­гіме «Қазақфильмнен» шық­қа­ны белгілі. Ақпараттың рас-өті­рігін анықтау үшін киносту­дияға қо­ңырау шалдық. Біздің сауалымызға жауап берген «Қа­зақфильм» ки­но­студиясының басқарушы ди­рек­торы Қанат Төребайдың ай­туынша, бұл жалған ақпарат кө­рінеді. «Осы­дан бір ай бұрын бас­пасөзге сұхбат берген Егор Кон­чаловский өзінің «Абай» опе­расын түсіргісі келетіні туралы айтып өтеді. Ол туралы ақпаратты біздің өзіміз газеттен оқыдық. Бұл жобаға «Қа­зақфильмнің» еш­қандай қа­тысы жоқ. Жалпы, Абай туралы фильм түсіреміз бе, жоқ па деген әңгіменің шығып жатқа­нына бі­раз болды. Кино саласында жүр­ген кей ақсақалдарымыз «әзірге кино түсіруге дайын емес» деген пікірлерін де айтқан. Себебі бір жылдың ішінде үлкен, сал­мақты, жоғары деңгейде фильм түсіріп шығу оңай шаруа емес. Бірақ бізде мерейтой ке­зінде фильм түсіру әдетке айна­лып кет­кен. Бұған дейін де ме­рейтойлық фильмдер түсірілді. Бұл принцип дұрыс емес деп ой­лаймын. Жал­пы, «Абай» фильмін түсірілуі ке­рек. Өйткені Абай – біздің темір­қазығымыз. Ол үшін киносце­нарий жазылып, жоба ұсынған жөн. Ал түсіру қажет пе, жоқ па деген әңгімені «Қазақфильм» емес, «Ұлттық киноны қолдау ор­та­­лығы» АҚ шешеді. Қаржы ор­талық арқылы бөлінеді» дейді.

 

Кончаловскийдің ешқандай қатысы жоқ

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовке қоңырау шалғанымызда ол «Абай» опера-фильмін Кончаловский түсіреді» деген ақпаратты жоққа шығарды.

– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау аясында «Абай» деректі фильмін түсіру жоспарда бар. Кино туралы заң бекітілді. Осыған орай «Ұлттық ки­ноны қолдау орталығы» құ­рылды. Режиссерлер өз ұсы­ныс­тарын орталыққа жібереді. Онда ұсыныстарды арнайы сарапта­ма кеңесі қарайды. Сараптама ке­ңесінде елге белгілі кино­герлер, режиссерлер бар. Ке­ңестен өткен ұсыныстар эк­с­перт­­тік комиссияға келеді. Әлеу­меттік желіде тарап жатқан «Егор Кончаловский «Абай» опера-фильмін түсіреді» деген ақпаратқа келер болсақ, бұған дейін министрлік пен режиссер Кончаловский арасында «Абай» опера-фильмін түсіру туралы ешқандай келіссөздер жүргі­зіл­ген жоқ. Әрине, кез келген ре­жиссердің өз жобасын ұсынуға құқы бар. Ол – жай ұсыныс қана. Ал оны бекіту-бекітпеу «Ұлттық киноны дамыту» орталығына, яғни сараптама кеңесіне бай­ланысты. Кончаловский, не бол­маса шетелдік режиссерлерге қатысты ақпаратты «Ұлттық киноны қолдау орталығы» рас­таған жоқ. Ұсыныс болғанның өзінде сараптама жасалып, экс­перттік комиссия қарап, одан кейін министрлікке келер еді.

– Жалпы, Абай Құнан­бай­ұлы­ның 175 жылдығына орай биыл көркем фильм түсіріле ме?

– Биыл мерейтойға орай «Абай» деректі фильмі тү­сірілмек. Бір жыл ішінде ұлы тұл­ға туралы көркем фильм тү­сіру мүмкін емес. Онда асығыс­тық бо­лар еді. Оған арнайы да­йын­дықпен келу керек. Абай – мәң­гілік тақырып. Сондықтан «Абай» фильмін түсіру келе­шектің еншісінде. Егер көркем фильм түсірілер болса, оны асық­пай, баппен, салмақты етіп түсірген жөн. Ол үшін кез келген режиссер өз ұсынысын айтуға мүмкіндігі бар. Фильмді қай ре­жиссер түсіреті­нін, не болмаса қандай жоба бе­кі­тетінін уақыт дәлелдейді.


P.S.


Теменовше айтқанда, «Абай» фильмін Абайды тү­сінетін, оның филосо­фия­сын ұғатын адам түсіруі ке­рек. Ол үшін бір-ақ нәрсе – кәсіби мамандар қажет. Ол маман қазақтың дәстүрін, тілін, мә­дениетін, әдебие­тін, та­ри­хын, философиясын терең мең­герген, Абай жа­нын ұғын­ған режиссер болса керек».

Әйгілі Асқар Сүлейменов «Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деп те­гін айтпаса керек. Әсілі, Абай та­қырыбы – өлмейтін та­қы­рып. Бұл тақырыпқа кез кел­геннің оңай қалам тарта бер­месі анық. Сондықтан Абай туралы көркем фильм, не бол­маса деректі фильм тү­сі­рерде абай болсақ керек-ті.