Құрығын сүйреткен ұрыдан сақта
Құрығын сүйреткен ұрыдан сақта
155
оқылды

Алматы облысы тұрғындарының 70 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Нақтырақ айтқанда, өңірдегі саны 2 миллионнан асып жығылған халықтың бір жарым миллионға жуығы түтінін ауылдарда түтетіп, күнделікті нәпақасын жер мен малдан тауып отыр. Алайда еліміздің өзге де өңірлеріндегідей Жетісуда да мал ұрлығы тыйылмай тұр.

Облыста халқы негізінен төрт түлікке арқа сүйеп, соның арқасында бала-шағасын асы­рап, жұрт қатарынан қалмай отыр­ған тұтас аудандар бар. Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудан­дары сынды таулы өңірлер­де­гілер, Ақсу, Балқаш сияқты байтақ­тар­дың тұрғындары бірінші кезекте мал басының амандығын ойлап, ала таңды көзбен атырады.

Өкінішке қарай, Жетісу өңірі малға бай болуына қарамастан, еліміздің басқа өңірлеріндегі сияқ­­ты Алматы облысында да ет бағасы тым аспандап кетті. Сарап­шылар оның себебі ретінде мал­дың қолға қарап қалғанын, жем-шөптің қымбаттауын, об­лыс­­пен шекаралас Қырғыз елі мен сол арқылы Өзбекстанға төрт түліктің тірідей жөнелтілуі жиіле­генін көлденең тартады. Ал мал шаруашылығындағылар мен қарапайым тұрғындар ауа райының жұмсақтығына байланысты қыс­та да жайылымда жүретін төрт түлікті, тіпті қыстай тебінге шы­ға­тын жылқының өзін өріске жібере алмай, қорада жемдеп отырудың да қымбатшылыққа әсер етіп отырғанын айтады. Өйткені құй­ры­ғын сүйреткен бөріден емес, құры­­ғын сүйреткен ұрыдан төнер қатер мол болып тұр.

«Қазіргі кезде дандайсыған ұры­лар малды ауылдың іргесін айт­пағанда, қора-жайдан алып кете­тін болды. Қашанғы аңдисың, сәл қараусыз қалдырсаң болды, сан соғып қаласың. Еркінсігендері сондай, елді мекеннен алысқа апар­май-ақ, қалтарыс-бұлтарыс тұстарда жайратып сойып, мазақ­­тағандай тері-терсегін, бас-сира­ғын, ішек-қарнын жарқы­ратып тас­тап кетеді. Обал-сауапты ұмыт­қан­дар малдың буаздығына да қара­майтын болды. Сондықтан қол­да бар қаржыға жем-шөбін сай­лап, қораға қамап, күндіз-түні көзден таса етпеуге тырысамыз», – дейді ұрылардан әбден зәрезап болғандар.

Жақында ғана Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­та­ры Алматы облысының ау­дан, қалаларын аралап, Мем­ле­­кет басшысының былтырғы Жолдауында жүктелген тапсыр­ма­лардың орындалу барысымен танысып, ел дамуының өзекті тұстары жайлы жұртшылықпен жүздесіп, алда тұрған маңызды міндеттерді талқылады. Жергілікті жұртты ненің мазалайтынына, терең толғандыратынына назар аударды. Өтініштерін тың­да­ды. Сол кездесулер бары­сын­да тұрғындардың түн ұйқысын қашыратын мәселелер қата­рын­да мал ұрлығының маза­лай­­­­тыны жайлы жиі айтылды. Халық Мемлекет басшы­сы­­ның бастамасымен ұрлық­тың, оның ішінде мал ұрлы­ғы­ның ауыр қылмыстар сана­тына жат­қызылғанын, жауап­кер­ші­лік­тің барынша қатайтылып, 10-нан 15 жылға дейін бас бостан­ды­ғы­нан айыруға дейін жаза қолда­ны­латынын, қылмыстың атал­ған түрі бойынша медиация жүйесінің қолданылмайтынын қос қолдап құптайтынын білдірді. Сонымен бірге полиция­ның осы бағыттағы күресіне көңіл­дері толмайтынын да жасырған жоқ. Өйткені соңғы жылдары ауылдасының аузын аққа жарытып отырған жалғыз сиырын сойып, сатып жібергендер де, жылқыны үйірлеп, сиырды табындап, қойды қоралап ұрлағандар да екі жақтың арасындағы татуластырудың (медиа­цияның) кесірінен жазадан құты­лып кете беретін болған. Ал жазасыз қалған қылмыстың соңы қайталай заң бұзуға әкеп соқты­ратыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.


Қазақ бөрі екеш бөрінің де бөл­тіріктерін өргізген апанынан жа­қын маңайдағы ауылдың малы­на шаппайтынын біледі. Ал қа­зіргінің ұрылары бөріден де на­шар болып тұр. Өйткені олар көршісінің ауласына көз сала­тын дәрежеге жеткен. Был­тыр есірген барымташылар Тал­ды­қорған қаласының маңын­да­ғы ауылдардың мазасын май ішкендей еткені бар. Тапа-тал түсте, көз тая бергенде қорадағы сиыр­ды жетектеп кетіп, алысқа ұзамастан арықтың жағасында, талдың арасында сойып, шып-шырғасын шығармай алып кету жиілеген еді. Ақыры індеткен полиция сол ұрлықтарға жергілікті адамдардың да қатысы барын анықтады. Осыдан оншақты жыл бұрын Ескелді ауданында алыс-жа­қын елді мекендерді қан қақ­са­тып, жылқы мен сиырды топтап ұрлаған ұйымдасқан топ қолға түскенде, оларды әйел адамның басқарып отырғанын естігенде жаға ұстағанбыз. Сөйтсек, мал ұрлығына қатысты қылмыстар арасында мұнан да сорақылары бар екен. Тағы бір ауданында атқарушы биліктегі лауазымды тұлға ұрыларға жөн сілтеп, олар­дың қылмысын жауып отырса, кезекті бір өңірде құқық қорғау органының қызметкері ұрылармен сыбайласып кеткен.

Күні кеше Алакөл ауданындағы Қазақстан ауылының екі тұрғы­ны­на тиесілі тоғыз асылтұқымды ірі қара ұрланды. Басында өз бет­тері­мен іздеген зардап шегушілер арада бірнеше күн өткенде барып полицияға шағымданған. Дереу қимылдаған тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстап, ұрланған сиыр­лар­ды тапты. Барымташылар асыл­­тұқымды ірі қараларды жер­гі­лікті фермерлерге арзан бағаға өткізіп үлгеріпті. Өздері де асылтұқымды мал өсірумен айналысып отыр­ған шаруалардың шеттен жеткізіл­ген қымбат ірі қаралардың құжат­тарын сұрамауы, қайдан әке­лін­геніне назар салмауы, олар­дың да ұрлықы малды тезірек сі­ңі­ріп кетуге мүдделі болғанын көр­сетеді. Өкінішке қарай, ірі қараның екеуі асылдығына қара­мас­тан сойысқа шалынып, еті сатылып кетіпті.

Құқық қорғау органдары мен атқарушы билік аталған қыл­мыс­қа қарсы қол қусырып қарап отыр деуге тағы болмайды. Ең­бек­шіқазақ аудандық про­ку­ра­­турасы мен әкімдіктің бір­лес­кен қанатқақты жобасы сәтті жү­зеге асып жатқанын айта кет­кен жөн. Бұл жобаға сай әр бас түлікке арнайы пин-код енгі­­зілген. Соның арқасында был­тыр мал ұрлығы деректері 2018 жылмен салыстырғанда 47 па­йыз­ға азайыпты. Осы ауданда жұрт­­шылықпен кездескен халық қалау­л­ылары аталған бастаманың нәти­жесін қызыға тыңдап, алдағы кезде еліміздің барлық аймағында қолдануға ықпал етуге уәде берді.

«Ұрылардың еркінсігені рас. Дегенмен мал иелерінің жауап­сыз­дығы да кездеседі. Көбі қо­лын­дағы төрт түліктің нақты са­нын ресми құжатта дұрыс жаз­ғызбайды немесе азайтып көр­се­теді. Ұрлық тіркелген кезде құжат­тағы мал бірден еселеп көбейіп кетеді. Қазіргі кезде суық қол­дылардан қорғанудың жол­да­ры көп. Электронды техника дамыған. Облысымыздағы белгілі бір бизнесмен жылқыларының барлығына чип орнатып тастады. Қайда жүргенін, қалай бағыт алға­нын үйінде отырып бақылай алады. Қауіп төнгенін білсе, дереу іске кіріседі. Жарайды, ондайға бұқара халықтың мүмкіндігі жоқ болар. Алайда қарапайым сақтық шараларын естен шығармаған абзал. Қолда ұстап отырған малды бірлесіп қарау, бағу, қорғаудың тиімділігі жоғары. «Құдай өзі сақтар!» деп өріске қараусыз жібере салсаң немесе қораның есігін күректің сабымен тірей салсаң, ұрламағанда қайтеді?!

Біз қарап отырғанымыз жоқ. Былтыр мал ұрлығына қатысты 680 деректің беті ашылып, 900 бас мал иелеріне қайтарылып, ұрылар тиісті орындарға тапсырылды» деген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахметтің айтуын­ша, мал ұрлығының асқы­нып кеткеніне тек полицияны кінә­лау дұрыс емес.


Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы