Ысырапқа тыйым салынды
Ысырапқа тыйым салынды
430
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынды.

Әкімдердің тізгіндегені – қымбат көлік

Шенділер өздеріне бөлінген қаржыға көлік алып жарысқанды тиімді көре ме? Әлде олардың арасында да бәсекелестік бар ма? Әйтеуір соңғы жылдары қымбат көлік сатып алы, бюджеттің бүйі­рін шығарып жатқан әкімдіктер жетерлік. Бұдан бір-екі жыл бұ­рын Үкімет қаулысымен бюджет­тік мекемелерге шетелде құрасты­рылған көлікті сатып алуға тыйым салынған болатын. Бұған дейін қымбат шетелдік көлік алатын әкімдіктер енді тек қана Қазақ­станда құрастырылатын автомо­бильдерді сатып алуға көшті. Де­генмен өзімізде құрастырыл­ға­нымен, сол көліктердің құны арзан емес. Айта кетейік, Тойота Лэнд Крузер 200-дің екі данасын Ин­вес­тициялар және даму минис­трлігіне қарасты «Қазавтожол» сатып алған. Әрбіреуінің бағасы 27 миллион теңгеден жоғары бо­лып тұр. Сонымен қатар 2017 жы­­лы Ақмола облысының әкім­дігі Mercedes-Benz E400 көлігін алуға 23,7 миллион теңгені жұмсаған.

Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдік­тері 2019 жылдың өзінде көлік сатып алу мен жалға алуға бюд­жеттен 865 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Қымбат көлік алған аймақтардың көш ба­сында Алматы қаласының әкімдігі тұр. Олар 315 миллион теңгеге 22 көлік сатып алыпты. Ал Алматы облысының әкімдігі бюджеттің 101 миллион 660 мың тең­гесіне 10 көлік сатып алған. Олардың бесеуі құны 8,5 мил­лион­нан басталатын Skoda Octavia маркілі көлігі болса, қалған бесе­уі – 11 миллион тең­геден асатын Skoda Superb көлігі. Елорда әкімдігі болса, жеңіл көлік сатып алудан бас тартып, оны жалдауға көшкені белгілі. Бас қала әкімдігі осы мақсатта жүргізушісі бар кө­лікті жалға алуға тендер жария­лаған. Тендерді «Астана Авто ша­руашылығы» ЖШС жеңіп ал­ған. Сөйтіп, әкімдік жүргізуші­сімен көліктер ұсынған бұл ком­пания­ға 113 миллион 577 мың теңге төлеген. Ақмола облысының әкім­дігі жол талғамайтын қымбат Toyota Land Cruiser мен Mercedes-Benz E400 маркілі көліктерін ал­ған. Осы әкімдік 2016-2017 жыл­дары «Сарыарқа автопром» ­ЖШС-нан құны 13,9 миллионға және 15,1 миллион теңгеге екі Hyundai Genesis көлігін және 60,2 миллион теңгеге Toyota Land Cruiser-дің үшеуін алып мінген. Astana Motor ЖШС-нан 24,3 мил­лион теңгеге және 18,7 миллион тең­геге тағы екі Toyota Land Crui­ser 200 маркілі автомобилін сатып алған. Атырау облысының әкімдігі болса, 2016-2017 жылдары бюд­жеттің 132,3 миллион теңгесін кө­­­­лік алуға жұмсап жіберген. Оның ішінде 26,5 миллион теңгеге судай жаңа Toyota Corolla-ның төрте­уін бір-ақ алса, 18,3 миллион теңгеге Toyota Camry-дің екеуін алған.

 

Жиһаз дауы

2019 жылдың жаз айында Ең­бек және әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Мемлекеттік сатып алу­лар сайтында 7 миллион тең­геге кеңсе жиһаздарына тапсырыс беріп, арты дауға ұласқан болатын. Бұл сома елдің түсінбеушілігін туғызып, ақыры құзырлы мекеме­нің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов оған жауап берген еді. Facebook-тегі парақшасында бірқатар дәлел келтіріп, айғақ суреттерді де жариялады. «Бірқа­тар БАҚ беттерінде Еңбек ми­нистрлігі сатып алған кеңсе жи­һазына қатысты мәліметтер жа­рияланды. Осы мәселенің басын аша кетсем деймін. Біздің минис­трліктегі жиһаздардың жаңалан­бағанына 10 жыл болған. Соңғы рет 2008 жылы сатып алынды ғой деймін. Бүгіндері кеңседегі жиһаз­дардың 80 пайызы ескіріп, тозығы жеткен» деп ақталды. Мәселе осымен шешілді. Ал Павлодар қаласының әкімдігі мемлекеттік қызметшіге құны шамамен 50 млн теңге болатын коттедж сатып алған еді. Сол үшін шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев сөгіс алып, екі қабатты коттедж 7 пәтерге ауыс­ты­рылып, жетім балаларға үлесті­ріл­ді. Ал маусым айында сол қа­ланың әкімдігі эбен ағашынан жасалған 4 үстел мен сөрені 6 млн теңгеге сатып алды. Бұл жайт та павлодарлықтардың наразылығын тудырды. Осыдан кейін барып сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауов қала басшысы Әнуар Күмпекеевті қызметінен босатқаны тағы бар.  

Бір жылда – 73 форум

Тек бір ғана 2018 жылы ха­лықаралық және республикалық, облыстық, бірнеше аудандық жалпы саны 73 форум өткен екен. Көбіне бұл жиындар кәсіпк­ер­лер­дің демеуімен өтеді деп айтылады. Бірақ алыс-жақын шетелден келген қонақтарды күту, олардың жүріп-тұруына жағдай жасауға көп қаржы кететіні сөзсіз. Айтар бол­сақ, сол жылы Астана эконо­мика­лық форумына 3 жарым мил­лиард теңге жұмсалған болатын. Сарап­шылар «билік осындай шаралар, әсіресе халықаралық жиындар ұйымдастыру арқылы сыртқы имиджін жақсартуға ты­рысқа­ны­мен, олардың тиімділігі аса се­зіл­мейді» деген сөздер айтып, қап­та­ған жиынға қарсы­лығын білдірді. Сонымен бірге бір күнде төрт форум өткен күндер де болды. Қа­зақстан Бас прокуратурасы «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасымен бірге «Кәсіпкерлік сала­сындағы прокуратура қада­ғалауы» атты форум өткізсе, дәл сол уа­қытта елордада ашылған Қа­зақ­стан-Словакия бизнес фо­румы, 20 елден келген 300-ге жуық банкир­дің қатысуымен Қазақстан қар­жы­герлерінің конгресі, Бер­линде Мә­дениет және спорт ми­нистрлі­гінің қолдауымен Жазу­шылар ода­ғы және Ұлттық кітап­хана ұйым­дас­тыр­ған «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша «Қазіргі қазақ­стандық мәдениет пен әде­биет» туралы халықаралық форумы өтті. Иә, енді қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жарияланады. Олай болса, шенеуніктер өзара көлік алып жарысуды қояды, мақ­та­нышпен жиһаз жаңарта бермей, керексіз жиналыс, форум, кон­ференцияларға да тыйым салады. Осы арқылы миллиардтаған теңге үнемделеді деген сенімдеміз.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ