«Картамен төлеуге бола ма?» деген сұраққа «Kaspi Gold-қа жібере сал» деген жауапты жиі естиміз. Қанша жерден кәсіпкердің қолында арнайы аппарат болуы керегін білсек те, талап ете бермейміз. Тіпті, кейде қолма-қол ақша жоғына қысылып, бірден «Gold бар ғой?» дейтін болдық. Әсіресе, такси не шағын дүкендер төлемнің осы түріне үйреніп алған. Шағын кәсіп иелерінің мұндай «бейбіт» заманы жақында аяқталуы мүмкін. Себебі картадан картаға түсетін аударымдарды мемлекет бақылауына алу туралы ұсыныс жасалды. Қабылданған жағдайда, ісін дөңгелетіп, табыс тауып отырғандар салық төлеуге міндеттеледі.
Салық салудағы мақсат қандай?
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев сөйлейді. Сөйлегенде бүй деді: «Бүгінде банктердің мобайл сервистері қолма-қол ақшаның орнына қолма-қол ақшасыз түріне ауысуға ықпал етті. Жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға арналған сервистерді қазір кәсіпкерлік жолда да қолдану кең таралды. Бұл болса, кәсіпкерлердің шын табысын жасыруға жол ашады. Бұл ретте тауар, қызмет немесе жұмысы үшін кәсіпкерлерге түскен ақшалай аударымдарды фискалдау туралы айтып отырмыз. Жеке тұлғалардың жеке аударымдарына ешкім тиіспейді. Салық та салынбайды». Жеке тұлғалардың аударымдарында мемлекеттің шаруасы жоқ делік. Әлбетте, солай болуға тиіс. Өйткені банк құпиясы туралы заң бар. Соған сәйкес, қазақстандықтардың есепшоттары туралы ақпарат қорғалған. Оған бас сұғуға тек тергеу жүргізіліп, сот шешімі қолда болса ғана рұқсат. Ендеше әу баста карта жеке тұлға үшін ашылған болса, оның кәсіпкерлік қызмет көрсететінін не көрсетпейтінін қалай біледі? Мемлекеттік кірістер комитетінің бұл процесті қалай жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтайық. Қаржы министрлігі аталған аударымдарды бөлу және фискалдау бойынша бірнеше шешім ойластырған. Марат Сұлтанғазиевтің сөзіне сүйенсек, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы және қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен арада талқылау болыпты. Яғни, ұсынып отырған шешімнің бірі мынадай: кәсіпкерлік қызмет үшін арнайы есепшот ашу. Жүзеге асырылған қызмет пен тауардан түскен табыс топ етіп әлгі шотқа түсіп тұрады. Сол арқылы аударымдар тексеріліп отырады. «Біз тәуекелдерді басқару жүйесін жасауды ұсынып отырмыз. Сол арқылы кәсіпкерлікпен айналысатынын білдіретін белгілерді максимал ықтималмен анықтар едік. Мәселен, үлестес тұлғалардан емес, басқалардан белгілі бір уақыт ішінде, күн, апта немесе ай аралығында ақша түсіп тұрған болса. Егер жеке тұлғаның есепшотына әртүрлі көлемде қаражат жиі түсіп тұрса, ол оның кәсіпкерлікпен айналысатынын білдіруі мүмкін. Міне, сондай тұлғалар біздің назарға ілінеді», – дейді Сұлтанғазиев.Кәсіпкерлер тұншығып қалмай ма?
Бұл тақырыптың шеті шыққаны бүгін ғана емес. 2019 жылы Қаржы министрлігі ұсыныс тастаған. Бірақ сол сәтте қолдау таппай, керісінше наразылық күшейіп, күнтізбедегі мәселе қатарынан сызылған болатын. Бүгінде қайта айналып келіп отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, банктер қазіргі таңда қажетті жүйені ойластыруға кірісіп кеткен. Тағы бір қосып кететін жайт, шағын бизнес субъектілері 2023 жылға дейін салықтан босатылған. Демек, алдағы екі жыл үшін кәсіпкерлер алаңдамаса болады. Сәйкесінше, кәсібін де дөңгелетіп алуға уақыт бар-мыс. Ел ішінде 2019 жылы да қызу талқыланған тақырыптың бұл жолы да қарқыны басылған жоқ. Біз хабарласқан сарапшылар аталған ұсынысқа қарсылық білдіріп жатыр. Экономист Мақсат Халық жиі аударым түсіп тұратын «күмәнді» адамдарды айқындап, ескертпе жасаумен шектелген дұрыс дейді. «Осыған дейін де қаржы аударымдарын бақылау туралы ұсыныс жасалғанда, бұл процеске Президент Тоқаевтың өзі араласып, тоқтатқан болатын. Меніңше, әзірге кәсіпкерлерге тиісудің керегі жоқ. Онлайн аударымдарға салық салуға әлі ерте. Бірақ айқындау процесін жүзеге асыра беруге болады деп есептеймін. Яғни, кім лимиттен асырып аударып, салықтан жалтарып жатыр — мұның тізімін жасай беру керек. Сөйтіп, оларға ескертпе хабарландыру жіберудің өзі жетіп жатыр. Соның өзі азаматтардың аударымдарды таза жасауына итермелейді. Неліктен ерте деймін? Себебі салық салу арқылы осы процедураның өзін тоқтатып қоюымыз мүмкін. Көп азамат қайтадан қолма-қол ақшаға көшуі де ғажап емес. Оның зияны сол — көлеңкелі экономиканы одан әрі ұлғайтып аламыз. Ресми дерек бойынша, оның көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына тең екен. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша 70 трлн теңгеміз болса, оның 21 трлн теңге көлеңкеде деген сөз. Қайта осы банк аударымдары қаражатты жарыққа шығарып жатыр. Мұндай құралға салық салу арқылы бөгет жасауға болмайды. Бұл тақырыпты жұрт жаппай онлайнға көшкенде ғана қолға алғанымыз жөн», – дейді сарапшы. Әріптесінің пікірін қаржыгер Мұрат Темірханов та қолдады. Оның айтуынша, мемлекет қолма-қол ақшасыз аударым жүйесі мен шағын кәсіп иелерін тұншықтырудың орнына, көлемдірек мәселелермен айналысқаны жөн. «Өз басым түбегейлі қарсымын. Қолма-қол ақшасыз аударымдарды арттыруымыз керек. Өйткені мұнда ашықтық басым. Қолма-қол ақшаның зияны бұдан бірнеше есе көп. Ірі бизнес иелері, ЖШС, ЖК-лерге салынатын салықты жолға қоюдың орнына, шағын кәсіпке көз салып ақымақтық жасағалы отыр. Одан қайта салық жеңілдігін реттегендері жөн. Тоқаевтың өзі бір сөзінде «4,5 триллион теңгеден асатын 277 жеңілдік түрі бар» деген еді. Мысалы, металлургияны алып қарайық. Ірі компаниялар, халықаралық нарықта жұмыс істейді. Қарап отырсақ, соларға жеңілдік жасалады. Міне, сондықтан бұл идеяға қарсымын», – деп сөзін түйіндеді Темірханов.Шикіліктің «исі» шығып тұрғандай…
Жангелді Сүлейменов әлеуметтік желідегі парақшасына мобайл аударымдарға салық салудың заңсыз екенін айтып, жазба жариялады. «Түптің түбінде салық біздің қалтаға салмақ салуы мүмкін. Себебі кәсіпкерлер салықты жабу үшін бағаны өсіреді. Салық кодексінде кәсіпкерлер табысына қатысты екі түрлі салық қарастырылған: корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы. Табысқа салынатын салықты есептеу оп-оңай. ЖК 1 000 теңгеге тауар алып, оны 1200 теңгеге сатты. Тауардың басқа да шығындарына – 50 теңге, яғни жалға алу, коммуналдық төлем және т.б. Сонда 1 200-1 000-50=150 теңге. Міне, осы сомадан салық ұсталады. Ал жеке табыс салығы жалпыға бірдей, 10 пайыз ұсталады. Сонда 150 теңгеден 10 пайызы – 15 теңге. Бұл енді қазіргі жүйе. Қаржы министрлігінің көздегені не? ЖК тауарды сатып, оның ақысын мобайл аударым арқылы алды. Министрлік аударым сомасына түгел салық салмақшы. Егер 1 пайыз болса, 12 теңге. Ал енді 3 не 5 пайыз болса ше? Сонда қосарлы салық салу болады. Біріншісі – табысынан, екіншісі – аударым үшін. Тауар бір-ақ рет сатылғанымен, оған салық екі рет салынды деген сөз», – деп жіліктеп берді заңгер жазбасында.Жадыра АҚҚАЙЫР