Ішкі істер министрі Калашниковті медальмен марапаттады
Ішкі істер министрі Калашниковті медальмен марапаттады
107
оқылды

Министрлік атынан марапатты әскери қызметшіге Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриев табыс етті.

Қайсарлық танытқан Артемға алғысын білдіріп, жауынгердің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында жас қыздың ары, тіпті, өмірі құтқарылғанын алға тартты.

– Артемнің батыл әрекеті әр қазақстандыққа, әсіресе оның қызметтестеріне үлгі болып табылады. Жауынгер еңбек демалысында жүргеніне қарамастан бір сәтке де азаматтық әрі кәсіби парызы туралы ұмытқан жоқ. Өкінішке қарай, Ұлттық ұлан жауынгерлері қызмет барысында мұндай оқиғалармен жиі қақтығысады. Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан жауынгерлер мүдірмей, азаматтарды құтқарады. Бұл – олардың қызметтік парызы, әскери антқа деген адалдықтың белгісі, – деді Талапкер Қыдырұлы.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы да Артемнің ерлігін елеп, оны грамотамен марапаттады. Оқиға ақпанның 13-і күні сағат 00.40-тар шамасында Шымкент қаласында орын алған болатын. Үйіне келе жатқан Артем қатты айқайлап көмекке шақырған әйел адамның дауысын естіп, ойланбастан сол жаққа қарай ұмтылады. Еңгезердей екі ер адамның жас қызға күш көрсетіп, зорлауға әрекет жасап жатқанын байқаған жауынгер бірден олармен арпалыса кетеді. Бұзақылардың біреуін шетке лақтырып тастап, екіншісімен төбелесе жөнеледі. Жекпе-жек ұрыс тәсілдерін қолдана отырып, біреуін жерге құлатып, үстінен басып отырады, ал екіншісі сол мезетте оқиға орнынан қашып үлгереді. Ұсталған азаматты оқиға орнынан полиция қызметкерлері алып кетіп, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізді. Күдіктілерлі ұстау кезінде ұландық қолын жарақаттап алады. Кейін белгілі болғандай, Артем қолын сындырып алған екен. Бірақ соған қарамастан, жауынгер полиция қызметкерлері келгенше бұзақыны жібермеген. Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екінші күдікті ақпанның 21-і күні жедел-іздестіру шаралары кезінде ұсталып, өз кінәсін мойындап үлгерді. Қатардағы Артем Калашников – Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қамқорлық жасайтын «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі. Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетін тәмамдаған. 2017 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп, кейін Ұлттық ұлан қатарына келісімшарт бойынша қызметке орналасқан. Бүгінгі таңда Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде әскери жасақ бастығы лауазымында қызмет етіп, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді.

Жауынгер өзінің бойжеткенге жасаған көмегін ерлік деп санамай, бұл оның қазіргі қызметтегі тікелей міндеті екенін алға тартып отыр.