Әнші Айгүл Иманбаева соңғы бір жылда басынан өткен қиындықтары туралы айтып, қаржылық және психологиялық тұрғыдан ауыр кезеңді бастан кешіргенін жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өнер иесі мұның бәрін өзіне жасалған сиқырмен байланыстырады. Айтуынша, басындағы қиындықтардан құтылу үшін әлі күнге дейін ем қабылдап жүр. Осы уақыт ішінде баспанасын сатып, қомақты қарызға батқан. Әнші бұрын мұндай нәрселерге мүлдем сенбегенін де жасырмады.
«Үйді де саттым, 100 миллион теңгелеп қарызға да баттым. Тентіреп кете жаздадым. Осылай абыроймен жүрген күннің өзінде тығырыққа бір-ақ тірелдім. Бір жыл болды алысып келе жатқаныма, әлі де алысып жатырмын. Бірақ былтырғыдай емес, шүкір. Не таппадық? Қуыршақ та, сурет те, жіп те, қан, топырақ – бәрі табылды. Бұрын мұндайға қарқылдап күлетін едім. XXI ғасырда ондай нәрсе жоқ деп ойлайтынмын. Көздерің ашық па, қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар деп айтатындардың қатарында едім. Асқақ, артық сөйлеген екенмін», – деді әнші.
Айгүл Иманбаева өзіне сиқыр жасады деп есептейтін адамның кім екенін білетінін, бірақ оған деген өкпе-ренішінен арылғанын айтты. Сондай-ақ өзіне мұндай әрекеттің бес кезеңнен тұратыны түсіндірілгенін жеткізді.
«Маған мұның бес кезеңнен тұратынын айтты. Біріншіден, адамның ештеңеге зауқы соқпайды. Екіншіден, ақшадан қағылады. Үшіншіден, жанжал көбейеді. Төртіншіден, адамның бойынан жағымсыз иіс шыға бастайды. Ал соңғы кезеңде адам өзіне қол жұмсау туралы ойлай бастайды екен. Ең бастысы, өз бойыңды, ойыңды таза ұстап, жақсы ниетте болу. Мұны жасаған адаммен алыспаңыз. Жаратқан сізді жақсы көргендіктен осындай сынақ жібереді. Мен мұны осылай қабылдадым. Еш ренішім жоқ, оны істеген адамды кешірдім, жібердім. Бірақ мұны кім жасағанын білемін», – деді Айгүл Иманбаева.
