Жуырда Ақтөбе облысы аумағына зымыран қалдықтары құлағаны жайлы ақпарат масс-медиада жылт еткен де, жоқ болған. Кейін Қорғаныс министрлігінің өкілдері зымыранның құлағанын растады. Әрі Ресеймен арадағы әскери полигондарды жалға алу шарттарын қайта пысықтап алуды жөн көріпті. Бұл өз кезегінде қоғамда әскери полигондардың мәртебесі мен тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесін өзекті ете түскен жайы бар.
Әңгіменің әлқиссасына тоқталар болсақ, қаңтардың 9-ы күні Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Ноғайты елді мекені төңірегіне аспаннан белгісіз зат құлаған болатын. Бұл туралы ақпарат әу баста әлеуметтік желілерде тарағанымен, біраздан соң тынышталып қалды. Кейін аспаннан құлаған заттың зымыран екенін Қорғаныс министрлігі мойындаған болатын. Алғаш тараған ақпаратта төңірекке және аймақ тұрғындарына ешқандай зиян келмегені айтылды. Ал ресейлік масс-медиа көктен түскен темір-терсектің «Искандер-М» зымыраны екенін айтып, дүрліккені бар. Сөйтіп, ел қорғанысына жауапты мекемеміздің дер кезінде ақпарат таратпауының кесірінен бұқара үрпиісіп қалған-ды. Өйткені «Искандер-М» зымыранының аты естілсе тұтас Еуропаның алаңдап қалатынын көріп, біліп жүрміз. Сөйтсек, қазақ жеріне құлаған зымыран атышулы қару емес екен. Ресми ақпарат солай. Әрине, анық-қанығын ақпарат таратқан мамандар білер, бірақ олар Ақтөбе жеріне құлаған заттың «геофизикалық» зымыран екенін алға тартты.
«Ол – «Искандер-М» емес»
Еліміздің Қорғаныс министрлігі осындай уәж айтады. 11 қаңтарда министрлік сайтында мынадай мәлімет жарияланды:
«2020 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес Қазақстан аумағындағы полигонды жалға алған Ресей Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығулары уақытында бір зымыранның сынығы белгіленген орындардан тыс жерге құлауы орын алды.
Жарылыс болған жоқ. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы зымыран сынығы құлаған аумақта зардап шеккендер мен қираулар жоқ. Тұрғындар үшін жағдай қауіпті емес. Қазақстан аумағында объектілерді пайдалана отырып, зымырандарды ұшыру оқу-жаттығуларды өткізудің жылдық жоспарына және кестесіне сәйкес жүргізілді. Полиция қызметкерлері зымыран сынығы құлаған ауданды оқшаулады. Осы келісімге сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Қазақстан – Ресей комиссиясы мән-жайды және себептерді анықтауды жүргізетін болады».
Ал 14 қаңтардағы ақпаратта министрлік құлаған зымыранның «Искандер-М» емес екенін жазды. Соңғы ақпаратта «Ресейлік БАҚ-тың әлеуметтік желілерге сілтеме жасай отырып, «Искандер-М» зымыраны құлағаны жайлы таратқан деректері расталмады» делінген. Алайда ресейлік ақпарат құралдары сілтеме жасаған блогер ұсынған деректердің де ойландыратыны жасырын емес. bmpd.livejournal.com мекенжайымен тіркелген блогта зымыран Ресейдің Капустин Яр полигонынан ұшып, Ақтөбе жеріне жеткені жазылған. Өздерінше есеп-қисап жасаған блогерлер зымыранның 600 шақырым жерге дейін ұшқанын алға тартады. Ал іс жүзінде «Искандер-М» зымыранының түрлі модификацияларында ең алыс қашықтық 500 шақырым деп көрсетілген. Шамасы 500 шақырымға баратын зымыранның артығымен «жортқанына» ресейлік масс-медиа қуанып кетті ме, әйтеуір блогердің мақаласын Лента.ру тәрізді ірі медиа құрылымдар жариялап жіберді. Біздің әскерилер болса, бұл зымыранды «геофизикалық» деп атаған. Әдетте, атмосфераның жоғары қабатын зерттеуге қажет құрылғыларды көкке ұшыратын геофизикалық зымырандар өзгелерге қарағанда қауіпсіз саналатыны рас. Бірақ биіктен құлаған кез келген заттың адам үшін қатер екенін ескерсек, геофизикалық зымыранның құлағаны да жақсылық емес. Біз өз тарапымыздан зымыран қалдықтарының әлеуметтік желіге тараған фотосына қарап, Ақтөбе жеріне құлаған нысанды МН-300 геофизикалық зымыранына ұқсаттық. Тек сол нысанның ресми белгіленген аумақтан ауытқып кеткені қынжылтты.
8 млн гектар әскери полигонды жалға бергенбіз
Полигон демекші әскери жаттығулар үшін пайдаланылатын аумақтар елімізде аз емес. Оларды тек өз әскеріміз пайдаланып қана қоймайды, көрші Ресейге жалға берген аумақтарымыз да бар. Көбі КСРО кезінде қолданылған полигондар. Одақ тараған соң екі елдің арасындағы келісім негізінде Ресей сол полигондарды жалдап отыр. Дегенмен біраз полигондарды жалдауды тоқтатып, Қазақстанға қайтарған. Қазір Ресей Қазақстандағы үш әскери полигонды пайдалануда. Олардың жалпы аумағы 8,6 млн гектар. Соның ішінде Сарышаған полигонының аумағы 6 млн 985 мың гектар болса, «Ресей Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік түраралық орталық полигоны» деген ұзын-сонар атауы бар мекеме қолданатын аумақ 301 мың гектар. Үшінші полигон «Ресей Қорғаныс министрлігі 929-мемлекеттік ұшу-сынақ полигоны» деп аталады. Оның аумағы 1 млн 323 мың гектар. Екі елдің арасындағы келісімге сәйкес біз аталған полигондардағы жердің әр гектарын 2,33 долларға жалға береміз. Сөйтіп, осы полигондар жылына 20 млн доллар шамасында қаржы әкеледі. Бұлардан бөлек Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын да жалға алған. Оны жалға алу құны жылына 115 млн доллар. Ғарыш айлағын жалға алу барысында Ресей зымыран қалдықтары құлайтын бірқатар аумақты да пайдаланады. Яғни, ғарыш және әскери мақсаттағы зымырандардың құлайтын аумағы алдын ала белгіленіп қойған. Сонымен қатар Ресей соңғы жылдары бірқатар полигонды Қазақстанға қайтарып берді. Солардың арасында Ақтөбе жеріндегі Ембі полигоны болған. Ресейліктер оны 2008 жылдан кейін қолданған жоқ. Сондықтан жалға алуды тоқтатқан. Қазір аталған аумақ ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау жүргізу мақсатында қолданыла бастады. Алайда Ресей әскерилері ұшыратын зымырандардың траекториясы Ақтөбе облысының бірқатар ауданының үстінен өтеді. Орынбордан немесе Капустин Ярдан ұшырылған баллистикалық зымырандар Сарышаған полигонына әдетте осы облыстың үстімен ұшып жетеді. Алайда Ресей тарапы ұшырған геофизикалық зымыранның траекториясы туралы мәлімет жоқ. Әскерилер ондай зымыранды кез келген полигоннан ұшыра алады. Орынбордан да, Капустин Ярдан да атылуы мүмкін. Ал зымыран өз міндетін мінсіз орындай ма, ақау шығып құлай ма, ол жағы белгісіз. Кәдімгі «орыс рулеткасы» ғана. Өйткені техниканың аты – техника. Әрі көрші мемлекетте жасалып жатқан қару-жарақ жаңа емес. КСРО-дан мұраға қалған зымырандар әлі де сынақтан өтіп тұрады. Ал одақтың ыдырағанына да отыз жылға таяу уақыт өтті. Әрі полигонды жалға беру одақтастардың бізді қорғауының белгісі саналмайды. Оны бірқатар әскери мамандар да айтып жүр.
Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВ,
оставкадағы полковник,
«Республикалық тәжік-ауған
шекарасындағы ұрыс қимылдарына
қатысушылар одағы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы.
Қазақстан – тәуелсіз ел. Қазақстанның сыртқы да, ішкі де жауы жоқ. Бұл еліміздің Әскери доктринасы мен қорғанысқа қатысты заңдарында көрсетілген. Біз бейбітшілікті сүйетін елміз. Әрі жаһандағы барлық елдермен бейбіт қарым-қатынас орнату саясатын жүргіземіз. Біздің жеке Қарулы күштеріміз, әуе қорғанысы бөлімдеріміз бар. Бізге өзгенің зымырандарының қажеті жоқ. Өз басым шетелдіктердің еліміз аумағында зымыран сынауы, сол зымырандардың құлап жатуы азаматтарымыздың денсаулығына кері әсер етеді деп ойлаймын. Біз, ауған-тәжік шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер елімізде шетелдік әскери полигон ұстау қажет емес деп санаймыз. Жоғары білімді әскери маман ретінде айтайын, шетелдіктердің қорғауына да мұқтаж емеспіз.
Министрлік келісімшартты пысықтап алмақ
Қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектанов Ақтөбе облысына зымыран қалдықтарының құлауына байланысты Ресеймен арадағы келісімдерге өзгеріс енгізу бастамасы бар екенін айтты. Генерал Қорғаныс министрлігі осындай ұстанымда екенін айта келе: «Ресей Федерациясының Қазақстан аумағындағы полигондарды пайдалану туралы 1995 жылы жасалған келісімшарт бар. Қорғаныс министрлігі еліміздің аумағы мен нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған келісімге өзгерістер жасау үшін ұсыныс енгізеді» деді. Сонымен қатар Қорғаныс вице-министрі зымыран құлаған жерде әлі де комиссия жұмыс істеп жатқанын, тергеп-тексеру 10 күнге дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Демек, Қорғаныс министрлігінің қолында да ресейлік әріптестері берген деректен басқа ештеңе жоқ тәрізді. Бәлкім содан да шығар, сала мамандары құлаған зымыран жайлы айтудан бас тартып, журналистерден аулақ жүруге тырысып жатыр. Бірақ интернет заманында сыр сақтаудың тым қиын екенін әскерилер білсе керек еді. Қазір Қазақстанның әскери қуаты қандай, қанша техникасы бар, ол техника қай жылғы дегендей ақпараттарды интернеттен тауып алу оп-оңай. Ресей жайлы да солай. Біздің де «дәу де болса МН-300 геофизикалық зымыраны құлаған шығар» деген болжам айтуымызға осы интернет көмектесті. Әйтпесе, әу баста ақпаратты жасырған әскерилер масс-медиаға шығып кеткен мәліметтерден соң ғана үн қатуға мәжбүр болған әрі өздері айтқан геофизикалық зымыранның маркасын айтқан жоқ.
P.S.
Әдетте «зымыран» десе, «Протон», «Ресей жалға алыпты..» десе Байқоңыр еске түсетін жұртпыз ғой. Ғарыш зымырандарының бір ерекшелігі – апат болған жағдайда жасырып-жаба қою өте қиын. Өйткені олар тым үлкен. Ал әскери зымырандардың мәселесі бөлек. Ақтөбеде жұрттың көзіне түсіп қалғандықтан шу болды. Ал ұлан-ғайыр даламыздың адам сирек баратын өңірлерінде не болып жатқанын кім білсін?!
Аманкелді ҚҰРМЕТ