Ел астанасы жыл өткен сайын қарқынды түрде кеңейіп келеді. Мұнда қауіпсіздікті қамтамасыз ету басым міндет. Ал цифрландыруда қауіпсіздікке басымдық беріледі. Жолдардағы қауіпсіздіктен басқа «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырылуда, - деп хабарлады қала әкімдігі.
Жобаны іске асырудың алғашқы қадамдарын «Қауіпсіз аула» пилоттық жобасынан байқауға болады. Жоба аясында тәртіпті бақылау үшін көппәтерлі аулаларда бейнебақылау камералары орнатылады. Бейнекамералар заңсыз әрекеттерді анықтап, алдын алу үшін үздіксіз мониторинг жүргізеді. Бейнебақылау камераларының негізгі функционалдық мүмкіндіктері – бейнетіркеу, деректерді өңдеудің интеграцияланған жүйесі, сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету. Олардың бәрі түрлі жағдайларда жүйенің тиімді жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жолдағы қауіпсіздік бойынша зияткер көлік жүйесі толығымен енгізілді. Соның арқасында елорда жолдары еліміздегі ең қауіпсіз жолдардың біріне айналып отыр.
Үздіксіз мониторинг жүргізу үшін арнайы жүйелерді пайдалану – ішкі өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде жобаның оң нәтижесі байқалады. Статистика бойынша 2020 жылы тіркелген қылмыстар саны 30%-ға азайған.