Бақауовқа қатысты іс қозғалды
Бақауовқа қатысты іс қозғалды
183
оқылды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов штат­тық режимде жұмысын атқарып жатыр деп әкімнің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлаған болатын. Алайда Болат Бақауовқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қылмыстық іс қозғауды бастап кетті.

Жуырда «Павлодар облы­сының әкімі Болат Бақауов ұс­талды» деген ақпаратты Telegram-дағы Yedilov online арнасына сілтеме жасап, бір­неше басылымдар мен сайттар жариялаған болатын. Аталған арна «Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, ҰҚК қызмет­керлері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты ұстады. Сондай-ақ оның көмекшісі мен облыс әкімі орынба­сар­ларының бірі ұсталған. Қазіргі кезде ол Павлодар облыстық ҰҚК ғимаратында тергеуде. Оның жұмыс орны мен үйінде тінту жүргізілуде» деп хабар таратқан. Сонымен қатар бас­пасөз беттерінде «әкім Болат Бақауовтың үстінен облыстағы жоғары лауазымды бір ше­неунік арыз жазды» деген мәтін де ұшырасты. Кей ақпарат көздері «әкім параны ақшамен емес, алтынмен алыпты» десе, бірі «жиналыс жүргізіп отырған жерінде қолына кісен салып, тұтқындапты» деп жарыса жазды. Тағы бірде «ұсталған әкім емес, орынбасары Арыс­тан Қабыкенов екен» дейтін әңгімелер желдей есті. Де­ген­мен ҰҚК, Ішкі істер ми­нистр­лігі мен Сыйбайлас жемқор­лыққа ­қар­сы іс-қимыл агенттігі бұл ақпарат жайында 2 күнге жуық еш ресми дерек шығар­маған еді.

15 қаңтар күні түнгі ондар шамасында Болат Бақауов өзінің Instagram парақшасына күндіз өткен жиналыстар ту­ралы жазба қалдырып, алдағы уақытта да үлкен жоспарларды орындайтынын айтты.

16 қаңтар күні Болат Ба­қауов екі бірдей басқарманың алқа мәжілісіне қатысуы керек болған. Бірақ екі жиын да кейінге шегерілген. Көп ұзамай әкімнің баспасөз хатшысы Ер­нар Сейтахмет Болат Бақа­уов­тың өз қызметінен кетпегенін, жағдай тұрақты екенін мәлім­деген. Дегенмен ҰҚК шенеу­нікке қатысты қылмыстық іс қозғауға кірісіп кеткені ресми жарияланды. 2016 жылы Пав­лодар облысының әкімі болып тағайындалған Болат Бақа­уовқа лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бо­йынша Қылмыстық кодекс­тің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу ша­ралары жүргізіліп жатыр. «То­лық деректер жариялануға жатпайды» делінген ҰҚК ақпаратында.


Мадияр ТӨЛЕУОВ