Маңғыстау облысында екі айға жуық уақыттан бері түйелер белгісіз індетке шалдығып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында Қарақия ауданындағы малдан тараған дерт өңірге жайылып, мыңнан астам түйеге жұққан. Түйелерден алынған сынама Ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтына жолданған. Әзірге жауапты мамандар індеттің атын айта алмай отырса, ел іші оны «күл (оспа)» ауруы дейді.
Дегенмен жұртшылық арасында өзге де болжам жоқ емес. Әділбек Сағындық есімді өңір тұрғыны әлеуметтік желідегі парақшасында бұл ауру адамдарға да жұғып жатқанын, соның бірі өзі екенін айтқан. Сөзінше, аталған ауру – стоматит. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қуанышкерей Мырзатов індеттің сипаттамасын көрсетіп, қатерлі ауру адамдарға да қауіп төндірді деп даурығудың қажеті жоғын баяндап отыр:
– Жұқпалы аурудан түйенің ауыз қуысы, еріндері мен мұрыны қабынып, малдың шөп жеуі, су ішуі қиындап, мал жүдейді. Антибиотиктермен уақытылы ем жүргізілген түйелер 1 аптаның ішінде толықтай сауығып кетеді, – дейді маман.
Жоғарыда ел ішінде көпшілік індетті «күл (оспа)» деп атап жүргенін жаздық. Күл – адам мен малдың контагиозды жұқпалы ауруы. Көбіне салғырттықтан елді мекенде шамадан тыс қоқыс жиналып, ауа ластанса пайда болатын дерт. Дегенмен мамандар қорытынды шығармайынша індетке байланысты түрлі болжам айту қиын. 2019 жылдың күз айларынан бері диагнозы белгісіз аурумен 1 139 түйе ауырған, 1 112 түйе ем жүргізген соң сауыққан, қалған 27 бас малға ветеринарлық шаралар қолданып жатыр. Ресми мәліметтен бөлек, алыстағы ауылдарда індет әлі де жайылып жатуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Осыған байланысты облыс әкімі Серікбай Тұрымов Үкіметке хат жолдап, Ауыл шаруашылығы министрлігі шұғыл шаралар қолдануға ықпал етуін сұрағаны қосымша хабарланды. Министрлікке қарасты диагностикалық орталықтың мамандары облысқа 3 рет келіп, мониторинг жүргізген. 70 бас түйеден сынама алып, тексерген. Індеттің атын атап, түсін түстеп бере алмаған аса қауіпті ауру табылған жоқ деп қорытынды жасап отыр. Одан бөлек, желтоқсан айының басында 12 түйеден алынған сынама 3 түрлі тәуелсіз ветеринарлық ғылыми-зерттеу орталықтарына жолданған.
Жағдайға байланысты халықтың жауапты мекемелерге түрлі сын айтуы да – заңдылық. Себебі мал арасындағы індет Маңғыстау облысында бірінші рет тіркеліп тұрған жоқ. Себебімен емес, салдарымен күресетін баяғы үйреншікті «дәстүр» қолды мезгілінен кеш сермеудің тағы бір мысалы емес пе? 2018 жылы көктемде Маңғыстау өңірінде 44 ірі қара құтырудан өлді. Жиырмаға жуық малдан қоздырғыш белгілері табылды. Сол кездері «құтырған малдың еті сатылымға шығып кетті» деген жалған қауесеттен ел-жұрт бір дүрлігіп қалғаны да жасырын емес. Өңірлік ветеринария басқармасы «бұдан былай мал ауруының алдын алып отырамыз» деп мәлімдеген. Дәл сол уақытта көрші Ақтөбе облысында бруцеллездің 12 ошағы тіркелді. Қызылорда облысында да жыл сайын әртүрлі мал ауруы шығып, ірі қара қырылған соң барып шара қолданылып жатады.
Сонымен қатар Маңғыстау өңірінде қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін түйелер шешек ауруына шалдықты деген ақпарат пайда болған. Қыркүйек айында – 6 бас түйе, қазан айында – 3 бас түйе, желтоқсан айында 5 бас түйеден шешек ауруына күдік туызғаны және айтылды. Алайда хаттамалық сынақтарға сәйкес қыркүйек және қазан айларында алынған биологиялық сынамалар теріске шыққан болатын.
Жалпы, Маңғыстау облысында жаңа жылға дейінгі дерекке сүйенсек, 69 022 түйе бар. Маңғыстауда – 23 258 бас; Бейнеуде – 19 605 бас; Қарақияда – 11 478 бас; Түпқарағанда – 7 212 бас; Мұнайлыда – 4 995 бас; Ақтау қаласында – 178 бас; Жаңаөзен қаласында 2 296 түйе бар екені анықталған.
Мәселеге байланысты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов жағдайдың тұрақты екенін жеткізіп отыр. Әлі де індет белгісі бар түйелерге ветеринарлық ем жүргізіп жатқаны хабарланды.