Елімізде осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа қағидасы енгізілді. Отбасы мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы көрсеткіш сәйкес келмесе, АӘК алуға болады. Бірақ ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз, алты ай бойы бұдан да айырыласыз.
Жаңа сипатқа ие болған атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) кімдерді қамтиды? Осыны саралап көрейік. Негізі бұл көмек табысы аз отбасыларға беріледі. Бұрынғыдай бала санына қарамайды, яғни балалар саны, бір немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК тағайындау үшін басты критерий – бұл жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспауы тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалатын болады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тексеру тағайындалатын болса, отбасының материалдық жағдайын анықтау мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылған екен. «Егер отбасы АӘК қажет деп есептесе, онда қаңтар айында әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады», – деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Түркістан облысына барған жұмыс сапарында.
Тағы бір жаңалық – АӘК алушыларды учаскелік комиссия тексеретін болады. Өйткені 2019 жылы техникасы, жер телімі бар отбасылар өздерін АӘК алушы ретінде көрсеткен жағдайлар да болды. Ал биылғы жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК алушыларды таңдауға жаңа талаптар қосты. «Мысалы, жалпы пайдалану алаңы бір адамға шаққанда 18 шаршы метрден асатын бірден артық баспанасы, табыс көзі ретінде пайдаланылатын қосымша үй-жайы немесе бірден артық жеңіл автомобиль көлігі болса, кейбір арнайы шарттарды санамағанда атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Бұл табысын жасырып, заңсыз АӘК алушылар болмауы үшін жасалып отыр», – дейді мамандар.
Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алудың басты шарты – еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмысқа орналасуға ынталы болуға тиіс. Егер де ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз, бұл көмектен қағыласыз. Осындайда көкейде біраз сұрақ туындайды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аймира Муксулованың айтуынша, егер отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 24 258 теңге кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. «АӘК өтініш берілген күніне қарамастан сол айда беріледі. Мысалы, егер өтінішті 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде тапсырсаңыз, онда төлем толық ай бойына төленеді. Сәйкестендіру үшін жеке куәлікті ұсынуыңыз керек. Сондай-ақ АӘК алатын отбасында жұмысқа қабілетті жан болса, екі қолға бір күрек табуға болады. Жаңа мамандық таңдауы үшін әр отбасына жеке кеңес береміз. Кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығы бірлесе отырып, жұмыс іздеушілерге көптеген жұмыс тауып қойды. Егер ұсынылған жұмыс пен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасынан бас тартса, жалпы отбасына 6 ай бойы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады», дейді ол. Айтпақшы, АӘК-ті тағайындау үшін тұрғылықты жеріңізде тұрақты немесе кемінде 6 ай уақытша тіркеу болу керек.
Әрине, АӘК пен 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңадан енгізілген мемлекеттік жәрдемақымен шатастырмауымыз керек. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай жәрдемақыны қаңтарда жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге 367 мың отбасы алған болатын.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ