Шкарупаға қатысты істе 241 млн теңге туралы тағы бір дерек шықты. Анатолий Шкарупа Энергетика вице-министрі болып көп отырған жоқ. Ол бұл қызметке 2018 жылдың қазан айында тағайындалды да, келесі айда тұтқындалды.
Иә, 2018 жылдың қарашасында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаров өткір мәлімдеме жасағаны есімізде. «Анатолий Шкарупаның 215 миллион теңгені ұрлауға қатысы бар». Бір жарым апта өтісімен шенеунік қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.
Шкарупа Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып отыр. Аталған қылмыс бойынша заңда мүлкін тәркілеп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Айта кетейік, Анатолий Валерьевич аталған қылмысқа 2014-2017 жылдары Қарағанды облысындағы Саран қаласының әкімі болып тұрған кезде барды делінеді. Онымен бірге айыпталған тағы екі адамның ісі қаралып жатыр. Бірі – «ТКШ Даму қорының» экс-төрағасы Қайсар Байдалы (қамауда отыр), екіншісі – ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев (денсаулығына байланысты үй қамақта).
Айыптаудың мәні – сол жылдары Саранда жылу орталығы мен жылу қазандығы болмаса да қаладағы тұрғын үйлерге жылу есептегіш құралдар орнатылған. Есептеу құралын сатып алу үшін 215 млн теңге бюджет қаржысы «ТКШ-ын жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» арқылы ENERCO мердігер компаниясына бөлінген.
Айыптау мәліметтеріне сүйенсек, үш айыпталушы да қазандықтың уақытында салынып бітпейтінін біле тұра, қазынаның миллиондаған қаржысын қасақана жұмсаған.
Ал сотталушылардың айтуынша, нысанды тапсырудың кешіктірілуі олардың кінәсінен емес және олар тарапынан заң бұзылмаған. Сондай-ақ ақша жымқыру туралы айтудың да мағынасы жоқ, өйткені есептеу құралдары қалаға жылу берілгенге дейін қауіпсіз жерде сақталып тұрды.
Былтыр 25 желтоқсанда өткен алдын ала тыңдау кезінде айыпталушылардың қорғаушылары соттан «қылмыс оқиғасы мен құрамы жоқ болғандықтан» істі тоқтатып, прокурорға қайтаруды өтінген болатын. Анатолий Шкарупа да айыптың негізсіз екенін, оған қоса, өзін қылмыскер деп таныған материалдармен толық танысып шығуға мүмкіндік берілмегенін айтып шағымданды. Сонымен қатар ол 37 күн соттың рұқсатынсыз қамауда отырғанын да айтқан.
Айтпақшы, Саран қаласында құны 5 миллиард теңге болатын қазандық салу жобасы 2013 жылы басталыпты. Алайда кейіннен құрылыс сараптамасы жасалған соң жұмыс құны жасанды түрде қымбаттатылып, 1 681 миллиард теңгеден асып кеткендігі анықталды.
Кейбір дереккөздерінде жазылған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде өңір басшылығы нысанды газға көшіру мүмкіндігін қарап жатыр-мыс. Қазіргі сәтте Саранды бірнеше кішігірім қазандықтар жылытып тұр.
Шкарупаның ісін қараған тағы бір сот отырысы 14 қаңтар күні Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық қылмыстық сотында өтті. Осы отырыста судья Жанат Егембердиева зардап шегуші тарап өкілі Әлия Оспанованың арызы бойынша келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық істің қаралатынын мәлімдеді. Ол 241 млн теңге деп бағаланып отыр.
Алайда осы сот отырысынан 20 күндей бұрын, 25 желтоқсанда алдын ала тыңдау отырысында айыпталушы Анатолий Шкарупа зардап шегуші тарап ретінде танылған қор жылу есептегіш құралдарды сатып алған бағадан қымбатқа сатқан, сондықтан олардың «шығын келді» деуі де негізсіз екенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ол сотқа Саран қаласының әкімі болған кезде лизинг туралы келісім бойынша тараптарға қатысы болмағанын жеткізді.
Айтқандай, А.Шкарупа 2019 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдаған еді. Ол үндеу жайлы оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев Facebook-те жазып, мәтінін жариялады. Үндеу хатта Шкарупа өзін 2018 жылдың 16 қарашасынан бастап Қарағанды облысының мекемесінде ұстап отырғанын жазған. «Сізден Саран қалалық сотының алдын ала тыңдалымында бұлтартпау шарасын ұзарту немесе алып тастау туралы мәселе шешілмегенін (2019 жылдың 15 қарашасы) және менің қамалуымның санкцияланған мерзімі 2019 жылдың 16 қарашасында аяқталғанын ескеруіңізді сұраймын. Осылайша, сот санкциясы болмаған жағдайда, менің ісімді қарау алдын ала тыңдау сатысында екенін, сондықтан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 342-бабының ережелері қолданылмайтынын ескеріп, мен 2019 жылдың 16 қарашасында қамаудан босатылуға тиіс едім. Алайда осы уақытқа дейін менің РГУ«АК-159/1» басшысы мен Қарағанды облысының прокурорының атына берген өтінішім қаралған жоқ. Менің конституциялық құқығым қамтамасыз етілмеген» делінген хатта.
Осыған қарамастан Шкарупа ісі әлі жалғасуда. Аталған қылмыстық іске қатысты жиналған материалдың өзі 100 томнан асып кеткен. Демек, Саран қаласының жылу мәселесі эпопеясы аяқталуы үшін әлі қанша куәгер тартылатыны белгісіз.
АДВОКАТ АЙТАДЫ:
Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ,
Анатолий Шкарупаның адвокаты:
– Біз осы қылмыстық іс бойынша бірнеше өтініш бердік. Істі қарау созылып әрі түсініксіз болып бара жатқан соң сот процесі Нұр-Сұлтан қаласында өтсін деген өтініш бердік, оны да қанағаттандырмады. Негізі Шкарупаны қамауда қалдыру туралы шешім былтыр 16 қарашада аяқталған, бірақ ол әлі босатылған жоқ. Конституцияға сәйкес, азамат тек сот санкциясына сәйкес бас бостандығынан айырылады. Біз келтірген дәлелдерді сот неге қаперіне алмай жатқаны мүлдем түсініксіз. Бұл сараптама құқығына қайшы. Өкінішке қарай, оның бірде-бірін сот қайта қарауды қажет деп таппай, қайырылмай отыр. Айыптау ісі бойынша жиналған материалдар Қылмыстық кодекстің 189-бабының талаптарына жауап бермейді, сондықтан сот бұл істі тоқтатуы тиіс. Сондай-ақ соттың зардап шегуші тарап өкілі Әлия Оспанованың келтірілген залалды өтеу туралы 241 млн теңге азаматтық іс туралы шешімі де түсініксіз. Қандай негізге сүйеніп жасалып отырғаны да анық емес. Бұл жерде бір-біріне қайшы шешімдер көрініс тауып жатыр. Біз алдағы сот отырысында осы жайында мәселе көтереміз.
Бауыржан БАЗАР