Бақтың бағы жана ма?
Бақтың бағы жана ма?
234
оқылды

Алматы ботаникалық бағы Бі­лім және ғылым министрлігінің қара­мағынан алынып, Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті­не өтті. Біраздан бері ботаникалық бақ төңірегінде түрлі қауесет айты­­­лып, тіпті оны Алматы қаласы әкім­­дігінің қарамағына өте ме деген де әңгіме тараған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспасөз хатшысы Сәкен Діл­дахмет «Алматы қаласының Бас бота­­никалық бағы еліміздің айрық­ша қорғауындағы табиғи аумақ, ол Білім және ғылым министрлігі Ғы­лым комитетінің ведомстволық бағы­ныш­ты ұйымы болып саналады. Бота­ни­калық бақты Алматы әкімдігінің қара­­мағына өткізу мәселесі қойылған емес. Сәйкесінше, бұл жер айрықша қор­­ғаудағы табиғи аумақ тізімінен алын­­байды» деп жауап берген болатын. Енді Бас ботаникалық бақтың Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі құзырына өткені мәлім бол­ды.

Қазір ботаникалық бақта қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 108 гектардан астам аумақты алып жат­қан бақтың тағдыры өткен жылы қала тұрғындарын біраз алаңдатқан еді. Оның болашағы жайлы бірнеше ай бойы талқылау болған. Жаңарту мә­селесі жайлы әңгіме қозғалғанда тұр­ғын­дардың көпшілігі бақ жөндеуден өткенде коммерциялық мақсаттарға беріліп, кафе-мейрамханалар салынады деп алаңдады. Ағаштар кесіліп, жер телі­мі жекеге өтеді деген де қауіп ай­тыл­ды. Ақыр соңында бірнеше ай бойы талқыланған жобаның кон­цепциясын Қоғамдық кеңес мүшелері мақұлдады. Қо­ғамдық экологиялық тыңдауда ма­мандар бақтың инфрақұрылымын қал­пы­на келтіру, оның ішінде жылу, электр мен кәріз жүйесін реттеу жайын да тал­қы­лаған еді. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң ботаникалық бақ қайта түлемек. Баққа үш жақтан кіретін қақ­па салынып, қала тұрғындары мен қо­нақ­тарының демалуына жайлы жағ­­­дай жасалады. Жасыл желектерді сақ­тауға, сондай-ақ бұрынғыдан да кө­­ріктендіре түсуге барынша әре­кет етілмек. Жолдар жөнделеді. Жа­рық шамдар мен бейнебақылау орна­­ты­лады. Павильон қойылып, би­лет кас­салары, шай ішетін орын салы­на­ды. Әбден ескірген қоршаулары жаңасымен алмастырылады. Бақтың шығыс жақ беті 3 метрлік биік бетонмен қор­шал­мақ. Дәл осы қоршаудың арғы бетінде студенттер жатақханасы орналасқан. Төмен қоршаудан қоқыс лақтыру осы күнге дейін жаман әдетке айналғаны жасырын емес. Бұған дейін бақтағы ағаштарды сумен қамтамасыз ету де үлкен мәселе болып келген. Алдағы уақыт­та бұл мәселе де шешімін тап­пақ. Ботаникалық бақты жаңарту жұмыс­тарына бюджеттен қаражат шығын­дал­майды.

Алғашында ботаникалық бақ­ты 2019 жылдың 1 шілдесінен 1 қара­ша­сы­на дейін қайта құрудың қарбалас саты­сы­ның кезеңінде келушілер үшін жабу туралы шешім қабылданған. Өйткені баққа топ-топ болып қыдырып келетін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделді. Ықтимал жазатайым жағ­дай­лардан сақтану үшін осындай қадам жасалды. Бастамашылар қайта құру бойынша жұмыстардың ашықтығы мен олардың атқарылуы туралы көпші­лік­ті жүйелі түрде хабардар етіп отыр.

Алдағы уақытта шаһар тұрғындары мен қонақтары ботаникалық бақта жайлы уақыт өткізе алады. Отандық ғалымдардың дендрология, ботаника және фитоинтродукция саласындағы жетістіктерін тамашалауға мүмкіндік туады. Бұл бақ қаланың көне жәдігерінің бірі деуге негіз бар. 1932 жылы негізі қаланған бақта осыған дейін екі рет қайта жаңғырту шаралары жүргізілген. Қайта жаңғыру жұмыстары көктемде толығымен аяқталып, тұрғындар мен қала қонақтарына есігін айқара ашпақ.


Гулнар Тажиева 01.jpg     Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ