Мүмкіндігі шектеулі жандар сотталғандарға алғыс айтты
Мүмкіндігі шектеулі жандар сотталғандарға алғыс айтты
267
оқылды

Қылмыстық-атқару жүйесінің Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 мекемесінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекеме) жазасын өтеп жатқан, түзелу жолына нық тұрған сотталғандар өз еріктерімен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, көмек көрсету үшін мекеме бастығына өтініш жасаған.

15.01.2020 жылы ЛА-155/13 мекеме қызметкерлері өтініш жасаған сотталғандарды Алматы қаласы Түрксіб ауданының мүмкіндігі шектеулі жандардың қорынан алынған мекен-жайларға апарып, көмек жасауына мүмкіндік берген.

Атап айтқанда, Түрксіб ауданы, Красногорская көшесінде тұратын, 1974 жылы туылған азаматша Шынғызбаева Камаш Сейдіғалымқызы «бүйректің жетіспеушілігі» диагнозымен мүгедектіктің 1 тобына қойылғандықтан ауыр жұмыстар жасауға қабілеті жоқ. Сотталғандар осы азаматшаның үйінің ауласын тазалап, отынын кесіп, оны қорасына ретпен тізіп берген.

Сондай-ақ, осы күні Түрксіб ауданы, Маяк шағын ауданы, Авиатор көшесінде тұратын, 1951 жылы туылған азаматша Атия Адилова мүгедектіктің 2 тобына қойылған, азаматшаның үйінің ауласындағы барлық қарды тазалап, ауладан сыртқа шығарып берген.

Сотталғандардың осындай өз еріктерімен көрсеткен көмектеріне мүмкіндігі шектеулі азаматшалар алғыс айтты.

Олардың жаза өтеу орнынан тез арада босап шығып, өз отбасыларына оралуына тілек айтып, көрсеткен қамқорлықтарына шынайы ризашылықтарын білдірді.