Алпауыт компания айыппұл төледі
Алпауыт компания айыппұл төледі
178
оқылды

Атыраулық экологтерге «Теңіз­шевро­йл» компания­сына профилактикалық және жоспардан тыс тексеру жүр­гізу барысында анықтаған заң­сыздықтар үшін алпауыт ком­паниядан айыппұлды өн­дірту оңай соқпады. Компанияны айт­қанға көндіру – қиын іс.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің қор­шаған ортаға келтірген залал­дары дәлелді болғанына қара­мастан, айыппұл төлемеуге барын сал­­ғаны сонша, компания сотқа апелляциялық шағым берген. Алай­да Жоғарғы Соттың маман­дан­дырылған сот алқасы «Теңіз­шевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағат­тандырудан бас тартты. Экологтер профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Те­ңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаны ластағанын, соның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар бөлінгенін анықтады. Экология талаптарын бұзған «Те­ңіз­шевройл» ЖШС-іне еліміздің экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген залал­дарды өтеу үшін 726 451 860 теңге көлемінде айыппұл төлеуге нұс­қамалар берілген еді. Дегенмен «Теңізшевройл» ЖШС бұл нұсқамаларды ерікті түр­де орындамады. Сол себепті Эко­логия департаменті Нұр-Сұлтан қаласының сотына «Теңіз­шевройл» ЖШС-нен мемлекет пайдасына залалдарды өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген еді. Атырау облысы бойынша Эко­логия де­партаментінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңіс­ұлының айтуынша, Нұр-сұлтан қаласы со­тының 2020 жылғы 21 қазанындағы және 2 қараша­сын­дағы шешім­дерімен департаменттің «Теңіз­шевройл» ЖШС-іне қатысты талап арыз­дары қанағаттан­дырылды. Бірақ мұндай үкіммен келіс­пеген компания біз сөз еткен нұс­қамалар мен сот шешімдерінің күшін жою, талап арыздарды қана­ғаттандырудан бас тарту және жаңа ше­шімдерді қабылдау туралы апел­ляциялық шағым берді. Абырой болғанда, Жоғарғы Соттың маман­дан­дырылған сот алқасы «Теңіз­шевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағат­тандырудан бас тартты. Сот шешімдері заңды күшіне енді. Осылайша, облыстық Экология департ­аменті компаниядан  сөз басында айтылған соманы өндіріп алды. Алайда  компания бұдан кейін қоршаған ортаға залалын келтірмейді дегенге сенім жоқ. Өйткені бұл  сома компанияның экологиялық талаптарды  бұзғаны үшін төлеген алғашқы айыппұлы емес.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы