«Ұлттық киноны қолдау орталығы» фильмді түсіруге байланысты арнайы конкурс бастап кетті. Конкурс 31 қаңтарға дейін жалғасады. Оған дейін режиссерлерге өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік бар.
«Ұлттық киноны қолдау орталығы» деректі және көркем фильм түсіруге дайындық үстінде. Сол үшін арнайы конкурс та ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаңтар айының соңына дейін ұсынылған барлық жобаларды сараптамалық кеңес қарап, қорытындысын ведомствоаралық комиссияға жібермек. Қандай жоба таңдап алынатынын, қай режиссер түсіретінін комиссия бекітеді.
Әзірге конкурсқа қатысуға алты өтініш түскен. Оның арасында опералық фильм, екі тарихи мелодрама, 30 сериялы деректі фильм, 15 сериялы қысқа метражды фильм және бір толық метражды фильм бар.
«Әлі де қосымша өтінімдерді күтеміз. Қаңтардың соңына дейін бұдан да көп ұсыныстар болады деген ойдамыз» дейді «Ұлттық киноны қолдау орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжабай Мұсабеков.