Шымкент қаласында «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби-мәдени бұрыш ашылды. Жеңіс саябағында ашылған поэзия мінберінің ашылу салтанатына қаламгерлер қауымы арнайы келді.
Биыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде рухани жаңалықтардың орталығына айналмақ. Соның бір жарқын мысалы кеше ашылған «Мәртебелі поэзия мінбері».
«Біз поэзия мінберін ойлана келе «Жеңіс» саябағында ашуды жөн көрдік. Себебі бұл саябақтың аурасы керемет. Поэзия мінберіне Қазақстан ақындарын шақырамыз, олардың Шымкентте өз оқырманы, өлеңсүйер қауымы табылады деген сенім бар. Әр жұманы асыға күтеміз. Биыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, әр жұмадағы кездесу Абайдың өлеңдерімен басталса деген тілегіміз бар», – деді қала әкімі Ердан Айтаханов поэзия мінберінің ашылуында сөйлеген сөзінде. Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақалалары аясында жұмыс істесек, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтеріміз анық екенін айтты.
«Қанша ғасыр өтсе де, әл-Фараби мен Абай даналығы өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деп мінез бен ақыл жарасса, адамгершіліктің ұтатынын әл-Фараби бабамыз бір-ақ сөйлеммен ұқтырған жоқ па? Осы біз Абайдың бес асыл ісін үйреніп, бес дұшпанынан жиреніп жүрміз бе? Енді кез келген адамның көкейде жүрген сұрағына өлеңнен жауап табуына осы поэзия мінбері мұрындық болады деп ойлаймын», – деді әкім.
Одан кейін сөз алған Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Шымкентте жүрекке жылы тиетін жаңалықтарға ризашылығын жеткізді.
«Былтыр елордадағы Абай көшесінің бойында «Поэзия аллеясы» ашылды. Олжас ағамыз барып, лентасын қиды. Іле-шала қазақтың үш арысы Ілияс, Сәкен, Бейімбеттің ескерткіштері бой көтерді. Бүгінгі «Мәртебелі поэзия мінбері» сол екі игі істің ізін басты деп ойлаймын. Поэзияға төрін беріп отырған қала әкіміне алғыс айтамыз. Шымкенттің көшелеріне Абай атамыздан бастап қазақ ақындарының өлеңі мен суретін жарқыратып қойғандарыңызды поэзияға деген үлкен құрметтің белгісі деп қабылдадық», – деді ақын.
Ақын мен әкім поэзия мінберінің лентасын қиды. Енді еліміздің ақын-жазушылары әр жұма сайын поэзия мінберінде өлең оқуға жиналады. Қыста күн суық болған жағдайда «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында бас қосады.
Айдана БЕГІМ