Қайырбек Аяшев бұған дейін де сақылдаған сары аязда көйлекшең жүріп, жұртты талай таңдай қақтырған еді, – деп жазады «Хабар 24».
Бұл жолы да мамандардың ескертуіне қарамай, тәуекел етіп Есілдің суына түсті.
Сөйтіп, ойықта тапжылмастан 40 минут отырды.
Қайырбек Аяшев суда тапжылмай отыру бойынша жаңа рекорд жасады.
«Судың тепературасы 2-3 градус болып тұр. Мұндай жағдайда адам ағзасы 10-15 минутқа шыдайды. Егер одан асып кетсе өлім қаупін тудыруы мүмкін», – дейді фельдшер Әділбек Жиенбаев.
Ол былтыр да дәл осылай 35 минут бойы мұздай суда отырып, елде рекорд орнатқан. Биыл да алған бетінен қайтпады.
«Судан шыққан кезде оны бірден жылы жерге кіргізуге болмайды. Арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан салқындау жерде 5-10 минуттай ұстау қажет. Артынан кішкене шай беріп, біртіндеп бойын жылыта бастаймыз», - дейді Еркін Әлімжанов.
Ақыры Қайырбек Аяшев суда 40 минут бойы тапжылмастан отырып, жаңа рекорд тіркеді.
Өкінішке қарай, судан шыққан оны бірден денсаулығын тексеруге алып кетті.
Мамандардың айтуынша, кәсіпқой морждардың өзі 5 минуттан артық суға шомылмайды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев: «Арнайы дайындықсыз қыстың қақ ортасында суға түсе салуға болмайды. Мұның соңы сіңірдің тартылып, дененің жансыздануына әкелуі мүмкін. Жүрекке де үлкен салмақ түседі. Сондықтан кемінде 2-3 апталық дайындық қажет. Ал бір рет ғана түсудің денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп», – деді.