Атырауда жанар-жағармай құю стансасына жасалған қарақшылық шабуылдың мән-жайы жарияланды, — деп хабарлады «ҚазАқпарат».
Өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болғандай, ер адамдар 9 қаңтар күні Датов көшесінде орналасқан жанармай құю стансасын тонауды алдын ала жоспарлаған. Қылмыстық топ шетелде есепте тұрған Lada21101 көлігімен жүрген. Күдіктілер ірі соманы иемденген жағдайда шетел асып кетуді ойлаған. Көлікте шетелдік нөмірдің болуы және оның Қазақстанда есепте тұрмауы тергеуді қиындата түскен. Алайда, видеобақылау камераларының арқасында жедел қызметкерлер тонаушылардың ізіне түсіп, бір тәулік ішінде қолға түсірді. Көліктің салонынан ақша, травматикалық тапанша, бетперделер табылды. ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр».
Айта кетейік Атыраудағы С.Датов көшесінде орналасқан жанармай бекетіне 9 қаңтар күні таңғы 05.40 шамасында қарақшылық шабуыл жасап, кассирдi қорқытып, жалпы сомасы 268 мың теңгені алып кеткен.
Жедел іздестіру нәтижесінде, оқиғаға қатысты 1994 және 1995 жылы туған екі күдікті ұсталды.