Ата-ана бала күтушісі жауапкершіліктен сытылып құтылып кете ме деп қорқады.
Алматыда бала күтушісі бір жасар баланы ұрып-соққан, – деп хабарлайды zakon.kz «Немолчи.kz» қозғалысының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
Зардап шеккен баланың ата-анасы жұмыста болғандықтан күтуші жалдаған. Кейін көршілері олар жоқта баласының көп жылайтындығын айтып, шағымданған. Осыдан соң ата-ана үйде камера орнатуды жөн көреді, ал бейнетаспадағы жайтты көрген олар өз көздеріне өздері сенбеген.
Ауруханада дәрігерлер баланың басының жұмсақ тіндерінің көгергенін, томпайып ісіген жерлерін тіркеді. Қазір бала ұйықтап жатқанда шошынады, тәбеті де жоқ.
«Бізге баланы ұрып-соққан видео келіп түсті. Ата-ана оның жауапкершіліктен жалтарып, тағы біреудің баласын сорлатып жүрмей ме деп қауіптенеді. Арыз келіп түскеннен кейін ол екі күн бойына жасырынып жүрді, баланың әкесі оны өзі тауып алып, учаскелік полиция қызметкерін шақырды! Көлікте келе жатқанда ол еш ұялмастан барлық таныстарына қоңырау шалып, мәселесін шешуді сұраған!» – деп хабарлайды «Немолчи.kz».
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы, яғни «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттер» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғандығы хабарланды.
Жақында әкімшілік сот өтті, судья істі қайта тергеу үшін кері қайтарды.
Бала күтушісі Өзбекстанның тумасы екені белгілі. Одан басқа ол туралы мәлімет жоқ.
Алматы қалалық полициясы бұл іс бойынша ақпарат дайындап жатқандарын айтты.