Тіл мәселесі дегенде ойға еріксіз мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы оралады. Осы күні қала көшелерінде, дүкендер мен басқа да мекемелерде ілінген жарнама, көрнекі ақпараттардан көз сүрінеді. Ал оның көбінде қазақ тіліндегі мәтіндер қате жазылғанын байқап жүрміз. Мәтіннің мағынасына үңілмей, орыс тілінен сөзбе-сөз аударма жасай салғанын да білеміз. Осы қордаланған мәселе ақыры жаңа заңға түрткі болған еді.
Негізі, қоғам тарапынан көрнекі ақпараттарда қазақ тіліндегі мәтіндердің қате жазылғанына байланысты шағым көп болатын. Шағымдарды әр өңірдегі Тіл басқармалары қарайтын. Мәселен, еліміз бойынша 2018 жылы мемлекеттік органдарға 12 886, 2019 жылы 12 900, ал былтыр 3 442 шағым түсіпті. Одан бөлек, әлеуметтік желіде де қателіктерді көргенін айтатын азаматтар көп. Яғни, шолақ жарнамалар санын шағым санымен өлшемегеніміз жөн. Бұдан әлдеқайда көп екені анық. Осының өзі көптеген баннер мен жарнама тақталарында Тіл туралы заңның талаптары орындала бермейтінін аңғартып тұрса керек. Атап айтсақ, мемлекеттік тілде көрнекі ақпараттың болмауы немесе қате жазылуы әр азаматтың еліміздің Конституциясының 14-бабында көрсетілген құқықтарына сыйластық танытпауы іспетті дүние. Көп ұзамай бұл істі ретке келтіруді Мәдениет және спорт министрлігі қолға алды. Жауапты ведомство заңға өзгерістер енгізуді көздеп, жаңа заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынған еді. Құжатта қазақ тіліндегі мәтінді орфографиялық нормаларға сай жазу, оның түпнұсқа аудармасы мен мағынасын сақтау жайы қарастырылған. Ал Мәжіліс депутаттары 24 ақпан күні заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.Заң қалай орындалады?
Жалпы, 13 заңнамалық актіге тың өзгерту мен түзетулер енгізіліп отыр. Олар – «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, «ҚР тіл туралы», «ҚР көлік туралы», «Теміржол көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Жарнама туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы», «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Пошта туралы» және «Киноматография туралы» заң. Ал өзгерістер қалай іске аспақ? Мұның мысалын Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова түсіндіріп өткен. «Киноматография туралы» заңды мысалға алған министр, «орфография және аударма талаптарына сәйкес белгілі бір фильмді қазақ тіліне дубляждау кезінде сөз тәртібін сақтап, сөйлем дұрыс айтылуы тиіс» екенін жеткізді. Егер талап орындалмай, норма бұзылған жағдайда шағымдар түсуі қажет. Осы тұсқа біз ерекше назар аударғымыз келеді. Қателік кеткен жағдайда бірден шара қолданылмай, әуелі шағым түсуі керек сияқты. Сосын барып қана шара қолданылады. Сонда еш шағым түспесе, қателік ескерусіз қала ма? Бұл да бір әлі де жетілдіруді қажет ететін мәселе тәрізді. Қош, сонымен шағым түсті делік. Мұндай кезде заңға сәйкес министрлік фильмнің прокатын екі айға тоқтатады. Тағы қайталанса, прокат біржола кері қайтарылады. Демек, бұл әрекет кез келген салада мемлекеттік тілге көңіл бөлуді талап етуі мүмкін-ақ.Басқармалар бақылауы күшейе ме?
Жалпы, тіл мәселесіне қатысты аймақтардағы жағдайды жергілікті Тіл басқармалары бақылауға алып келді. Жаңа заң жобасынан кейін басқармалар өз міндетінен алшақтамайтыны анық. Қайта Тіл басқармаларына түсетін жүктің салмағы артпақ. Осыған дейін жарнама мен көрнекі ақпараттардағы тіл тазалығы бірізге түспегеніне қарап, «басқармалар жұмысы нәтижесіз болды ма?» деген ойға қаласыз. Әлде қолданыстағы заң қауқарсыз болып келді ме? Жалпы, басқармалар жылына мыңнан астам жарнама мәтінінің нобайын тексереді екен. Орташа есеппен соның 30 пайызынан қате табылады. Осы уақытқа дейін басқармалар қате тапқан жағдайда ескертумен ғана шектеліп келді. Талап бойынша жарнамаға жауапты мекеме қатені 1 айдың ішінде түзетуі тиіс. Түзетпесе, 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен, әңгіме бітті. Мұндай шара айтарлықтай нәтиже бермейтіні айтпаса да белгілі. Ал жаңа өзгерістерден не күтеміз, бәрі жөнделіп кете қоя ма? Бұл сауалды біз Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Талғат Берлембайұлына қойған едік. – Заңды Мәжіліс мақұлдады. Дегенмен оны әлі Бас прокуратура тіркейді. Одан өзге де жетілдіретін процестер бар. Бізге, яғни жергілікті Тіл басқармаларына белгілі бір нұсқаулық сосын барып келеді. Ал «заңның орындалуын бақылайтын кім?» деген сұраққа келсек. Бұл міндетті бұрынғыдай Тіл басқармаларына жүктейтіні анық. Қандай өзгерістер болатынын әлі нақты айта алмаймыз. Алдағы уақытта бәрін жария етерміз, – дейді ол. Демек, басқарма өкілдері де нақты нәтиже беретін іске нұсқау күтіп отырғандай. Жалпы, елордада жарнама мен көрнекі ақпараттардан қателік жиі табылады екен. Сол үшін 50-ден астам жарнама агенттіктерімен байланысып отырады. Кей кезде басқарма өкілдері белсене тексеріс жүргізе қалса, кем дегенде 400-ге жуық шолақ жарнаманы ұшырататынын айтады. Бұдан бөлек, басқарма жанынан құрылған жұмыс тобы да бар. Оның басым бөлігі еріктілер. Жұмыс тобы әр ауданға бөлініп, жарнама мен көрнекі ақпараттардың кем-кетігін тауып, мекеме иелеріне ескертіп отырады. Әлі де қатеден көзіміз сүрініп жүргеніне қарағанда, ол ескертулерге көпшілік бейжай қарайтын тәрізді. Түйіндей келе, қабылданған жаңа заң қазақ тілінің мәртебесі үшін үлкен ықпал ете алатын дүние секілді әсер қалдырды. Әйткенмен оның орындалуы бөлек мәселе. Не де болса қазір сырттан тон піше алмасымыз анық. «Бәрі уақыт еншісінде» деп, нәтижесін көрмекке асығарымыз белгілі.Мадияр ТӨЛЕУ