Қазіргі таңда ол өнер саласында емес, қарапайым еңбек жолында жүргенін айтып өткен.
«Алты жасар Алпамыстың» кейінгі өмірі қандай болды?
Кинофильмнен стоп-кадр
464
оқылды

Қазақ киносының тарихында көрермен жадында мәңгілікке қалып қойған бала бейнелер бар. Солардың бірі – «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі кішкентай баланың образы. Бұл кейіпкерді сомдаған Ермек Төлепбаев бір сәтте бүкіл елге танылды. Экрандағы батыл, қайсар бала көрермен үшін есте қаларлық бейне болды. Ал сол экрандағы тағдыр өмірде қалай жалғасты? Кино баланың өмір жолына қалай әсер етті?

Әдетте біз фильмдегі образды есте сақтаймыз да, сол образдың артындағы адамның кейінгі өмірі туралы көп ойлай бермейміз. Ал бала жастағы даңқ бұл үлкен сынақ. Ол біреудің жолын ашуы мүмкін, ал біреудің өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберуі де ықтимал. Ермек Төлепбаевтың тағдыры да дәл осындай құбылыстың нақты мысалдарының бірі. Біз бүгін белгілі бір өмірбаянды тізбектеу емес, балалық шақтағы бір рөлдің адам тағдырына қалай әсер ететінін, ерте танымалдықтың қандай із қалдыратынын және кино әлемі мен шынайы өмірдің арасындағы көзге көрінбейтін шекараны Ермек Төлепбаевтың тағдыры арқылы пайымдап талпынып көрмекпіз. 

Ермек Төлепбаев киноға арнайы дайындықпен келген бала болған жоқ. Ол «Алты жасар Алпамыс» фильміне кездейсоқ іріктеліп, сол арқылы бірден танылды. Бұған дейінгі қарапайым балалық өмірі бір сәтте өзгерді. Түсірілім, жол жүру, үлкендердің ортасы, жауапкершілік мұның бәрі де ойын жасындағы бала үшін оңай дүние емес еді.

Түсірілім алаңы ойын емес, жұмыс. Уақытқа бағыну, режиссер талабын орындау, кейіпкер мінезін сақтау қажет болды. Ермек сол жаста-ақ осының бәрін меңгеруге мәжбүр болды. Бір жағынан, бұл тәжірибе оған жауапкершілік жүктесе, екінші жағынан, балалық еркіндікті ерте шектеді.

Фильм экранға шыққаннан кейін оның күнделікті өмірі де өзгерді. Мектепте, көшеде оны бұрынғыдай қабылдамады. Біреулер қызыға қараса, біреулер «киноға түскен бала» деп бөлек ұстады. Ол енді жай Ермек емес, «Алпамыс» болып танылды. Бұл жағдай оның бала ретінде өзін қалыпты сезінуіне де әсер етті.

 «Алты жасар Алпамыс» фильмінен кейін Ермек кино саласында тұрақты жолын жалғастырмаған. Өз сұхбаттарында ол балалық шағының едәуір бөлігі кино түсіріліммен өткенін, соның салдарынан кәдімгі балалық өмірден алыстап қалғанын айтады. Түсірілімдер, жол жүру, үлкендердің ортасы оның күнделікті тұрмысын түбегейлі өзгерткен. Уикипедия деректерінде оның қатысқан фильмдері ретінде мына туындылар аталады: «Алпамыс мектепке барады» («Алты жасар Алпамыс»), «Серебряный рог Алатау» (В. Пұсырманов), «Әнші аралдың құпиясы» (С. Райбаев), «Өтелмеген парыз» (С. Жармұхамедов), «Время жить» (А. Григорьев).

Кейін Ермек Төлепбаев кәсіби актерлік бағытты таңдамаған. Ол мамандық алып, басқа салада еңбек еткен. Өз сұхбаттарында киноға қайта оралу туралы арнайы мақсат қоймағанын ашық айтқан. Оның айтуынша, «Алты жасар Алпамыс» фильмі өміріндегі жеке бір кезең болып қалған. Ашық дереккөздерде де оның бүгінде кино саласында жұмыс істемейтіні нақты көрсетіледі. Ол ересек өмірінде басқа мамандықты таңдап, өнер саласынан тыс еңбек жолын жалғастырып келеді.

Өз сөзінде ол бала кезіндегі түсірілімдердің оқуына да әсер еткенін атап өтеді. Ұзақ уақыт түсірілімге қатысу, мектептен жиі қалу, басқа қалаларға бару оның балалық шағының қалыпты өтуіне кедергі болғанын жасырмайды.

Қазіргі таңда ол өнер саласында емес, қарапайым еңбек жолында жүргенін айтып өтеді. Ғаламтордағы ашық дереккөздерде  оның тұрмысы, жұмысы, отбасылық өмірі туралы ашық деректер көп кездеспейді. Қоғам алдында ол көбіне «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі бала бейнесі арқылы ғана танылады. Ол көбіне дәл осы рөлімен танылып, есімі сол бейнемен бірге айтылады.

Ғаламтор бетінен «ересек Алпамыстың» жеке сұхбаты кездеспейді. Дегенмен Есей Жеңісұлының 2012 жылы жарық көрген «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!..» (Алматы, "Қазығұрт" баспасы) атты кітабында оның кино туралы пікірі келтірілген. Сол еңбекте Ермек Төлепбаев былай дейді:

«Кино менің балалығымды ұрлады. Киноға түсудің салдарынан менде балалық болған жоқ. Құрдастарым ойнады, жүгірді, демалды. Мен ол кезде жұмыс істедім. Қазір ойлап отырсам, балалық шақта менің өз өмірім болмапты. Мен кейіпкерлерімнің өмірін кештім. Киноға түсудің екі түрлі зардабын тарттым. Біріншіден, дұрыстап оқи алмадым. Əрқашан түсіру алаңында жүрдім. Екіншіден, өсе келе адамдардың бәрі тани беретін жағдай жалықтырды. Бірінің алдында сол Алпамыс, сол Нұраш болып жүру бірте-бірте мені қатты шаршатты. Қызымның балалығы бақытты болуын қалайтыным да содан».