Германияда тағылымдамадан өтіп жатқан сегіз магистрант оқудан шығарылды, – деп хабарлады Сот төрелігі академиясының сайты.
Германияда білімін жетілдіріп жүрген Сот төрелігі академиясы «Құқықтану» мамандығының 8 магистранты оқудан шығып қана қоймай, мемлекет төлеген шығындары мен шетелде тағылымдамадан өтуіне жұмсалған қаржыны қайтаратын болды.
Академия ректоры Зәуреш Баймолдина қол қойған бұйрыққа сәйкес, аталған магистранттар «жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтамағаны» және «өз іс-әрекетімен және қылығымен қоғам тарапынан сынға жол беріп, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесу және оларды болдырмау жөнінде шара қабылдамағаны» үшін оқудан қуылып отыр.
Айта кетейік, 13 қаңтарда желіде шетелде тағылымдамадан өткен қазақстандық магистранттарға қатысты видео жариялаған еді.
Қоғамда сынға іліккен видеодан соң, шетелде оқып жатқан магистранттарға қатысты шара қолданды.