Өткен аптаның сәрсенбісі Павлодар облысының әкімі үшін сәтті болмады. 15 қаңтардың кешінде «Болат Бақауов ұсталыпты» деген хабар ғаламторда лезде тарап кетті. Содан бері өткен бес-алты күннің ішінде көп өзгеріс болып үлгерді. Болат Бақауов тергеу амалдары аяқталғанша екі ай бойы қамауда болады. Ал біз «Бақауов ісінің» басында кім тұрғанын зерттеуді жөн көрдік.
Ресми мәлімдеме неге кешікті?
Павлодар облысының әкімдігі ғаламторда тараған қауесеттің рас-өтірігін айырып беруге дайын болмай шықты. Растамады, жоққа да шығармады. Бар болғаны, Facebook парақшасына «...ресми деректер жариялағанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Біз сіздерді өзіміздің әлеуметтік желілер арқылы хабардар ететін боламыз» деген жазба жариялады. Ал ертесіне әкімнің Instagram парақшасында оның жұмыста жүргенін «растайтын» жазба жариялады. Онда әкімнің қатысуымен индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік пен сауданы дамыту басқармасында өткен алқалы жиын туралы айтылған. 16 қаңтарда Бақауов қатысуы тиіс екі жиын өтпей қалса да, әкімдіктегілер оның жұмысын істеп жатқанын айтумен болды. Әкімдіктің парақшасын баққан БАҚ сағат сайын «қазіргі уақытта облыс әкімдігінің басшылығы, әдеттегідей, жұмыс істеп жатыр», «облыс әкімі орнында жоқ, бірақ ол жұмыс бабымен қала ішінде жүр» деген мазмұндағы ақпаратты жариялап жатты. Қауесет тараған күннің ертесіне, кешкі уақытта ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Бақауовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал оған дейін қоғам түрлі болжам айтып, бал ашуға мәжбүр болды. Ақпараттық технологиялар заманында стратегиялық маңызы зор өңір басшысының ұсталғаны туралы ресми мәлімдеменің бұлай кешігуі, жұмсартып айтқанда, билікке сын.
«Биыл 15 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдалану фактісі, яғни Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді» деген хабарлама таратқан комитет тергеу мүддесі үшін аталған істің мән-жайын жариялауға болмайтынын ескертті. Алайда істің мән-жайын ертеңінде прокуратура жайып салды.
Прокуратура дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың қыркүйегінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары AksuTransLogistic ЖШС-не тексеру жүргізуді бастаған. Бұл серіктестің жалғыз құрылтайшысы Руслан Бақауов Павлодар облысы әкімінің туысы екен. Інісінің компаниясында тексеру болып жатқанын білген Б.Бақауов салық органдарына тексеру нәтижелері туралы өзін хабардар етіп тұруды тапсырады. Сөйтіп, желтоқсанда әкім ЖШС-не қатысты 200 миллион теңгеге салық заңнамасын бұзу фактісі тіркелгенін, осы дерек сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қажет ететінін біледі. Облыс әкімі мемлекеттік кірістер департаментінің шенеуніктерінен тексерудің нақты нәтижесін жасырып қалуды, ал қосымша салық төлемдерінің мөлшерін 5 миллион теңгеге дейін азайтуды, яғни салық саласындағы қылмысты жасыруды талап еткен! Осы тұста Болат Бақауов өзінің ресми қызмет бабын асыра пайдаланған.
Аталған деректерді алға тартқан прокурор Рүстем Сәдуақасов соттан Бақауовты екі айға қамауға алуды сұрады. Ал сотталушы соттан өзін үй қамауына алуды немесе кепілдікпен босатуды өтінеді. Тіпті, туыстары кепіл ретінде 1 миллион теңге төлеп те қойған екен. Тараптарды тыңдаған судья Балтабай Дөнбекбаев прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
Аэродром ба, жайылым ба?
Бақауов ұсталғалы бері өткен бірнеше күннің ішінде ақпарат құралдарында оған қатысты жаңа мәліметтер қалқып шыға берді. «Время» газеті әкімнің «Сапа+» ЖШС-нің құрылтайшысы және жетекшісі Мақсат Нұритдиновке «қамқорлық жасағанын» жазды. Жол жөндеумен айналысатын серіктестік астанада тіркелген, 2016 жылдан бері (Бақауов облысты басқаруға тағайындалған жыл – ред.) ЖШС-нің салық төлемдері айтарлықтай өскен. 2016 жылы бюджетке 40 млн теңге, ал 2017 жылы 135 млн теңгеден астам салық төлеген. Бірақ соңғы жылдары төлейтін салығы азая беріпті. Мемлекеттік сатып алу порталында бұл серіктестіктің Павлодар облысының Баянауыл ауданында жемісті еңбек еткенін көруге болады: жасалған шарттың жалпы құны 7 млрд теңгеден асқан. Ал ол шарттың қаншалықты орындалғаны – екінші мәселе.
Дәл осы кәсіпкер облыстық әкімдікке аумағы 324 шаршы метрлік ғимаратты әрі қарай әуе терминалы ретінде қолдану үшін 240 млн теңгеге сатқан болып шықты. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен жер инспекциясы бюджет қаржысына сатып алынған ғимараттың аэродром талабына мүлдем сай келмейтінін анықтаған.
Белгілі заңгер, жер мәселесі бойынша сарапшы Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Бақауовтың қамауға алынуына аэродромға берген жердің қатысы болуын болжаған еді. Оның пайымдауынша, ұшу-қону жолағы бар аэродром орналасқан жер телімі мемлекеттік басқарма немесе мемлекеттік кәсіпорынға емес, шаруа қожалығының атында! Ал аэродром құрылысына бюджет қаржысы жұмсалған. Бұл Жер кодексінің «ауылшаруашылық мақсатындағы жерді игеру» туралы 92-бабына қайшы келеді.
«Мемлекеттік акті бойынша ұшақтар ұшып-қонатын жерде қой мен сиыр жайылып жүруі тиіс. Жер кодексінің 97-бабына сай аэродромның ұшу-қону жолағында ауыл шаруашылығы жерін орналастырмақ түгілі, тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Демек, Павлодардағы көкелер Баянауыл ауданы әкімдігімен бірге әуежайды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге орналастырып, оны шаруа қожалығының атына ресімдей салған. Олар Жер кодексіне сәйкес аэродром құрылысын бастамай тұрып, жер телімін әуежай салуға арналған жер санатына ауыстыруы керек еді. Олардың Жер кодексіне де, авиация ережелеріне де, құрылыс және санитарлық нормаларға да түкіргені бар», – деген Бақытжан Базарбек тергеу тобынан Баянауылдағы әуежайдың жер кадастры мен жер-құрылыс материалдарын жіті зерттеуді талап еткен. Бір емес, екі бірдей ЖОО тамамдаған Б.Бақауов мұндай заңсыздыққа қалай жол берді? Заңгер айтқан кемшілікті әкімдік заңгерлері неге байқамады?
Айтқандай, ақпарат құралдарында «Сапа+» ЖШС-нің Баянауыл ауданындағы Алексеевка – Жаңажол автожолының 37 шақырымын өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде орта жөндеуден өткізу үшін бөлген 683 млн теңгенің 399 млн теңгесін қолды еткені туралы да мәлімет жүр. Жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, осы іске қатысты сот алды тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлімі бойынша қаралып жатыр.
Әкім портретінің құны қанша?
Бақауовтың ұсталуын жаңажылдық қайырымдылық балында сатылған әкім портретімен байланыстырғандар да табылды. Еске салсақ, әкім портретін бәссаудада бәрінен басым түскен Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Аза» фирмасының жетекшісі Гнел Акопян 31 млн теңгеге сатып алған еді. Бұл оқиға қоғамда наразылық туғызды. Алайда 31 млн теңге Павлодар зағиптар қоғамына аударылады деген соң, наразылық басылғандай болған. Бірақ әкімнің баспасөз хатшысы «бүлдіріп» алды. Ол журналистерге Бақауовтың портреті, шын мәнінде 700 мың теңгеге ғана сатылғанын, ал 30 миллион теңге 20 картинадан түскен қаржының жиынтық сомасы екенін айтты. Біз осы жерде арифметикаға жүгіндік. Сонда әкімнің портреті 700 мың теңгеге өтсе, қалған 20 картина 29 млн 300 мың теңгеге сатылған болады. Шотқа салсақ, 20 картинаның әрқайсысы орта есеппен 1 450 000 теңгеге сатылған. Демек, ол картиналар әкім портретінен де құнды болғаны ғой? Алайда кәсіпкер Гнел Акопян картина үшін 31 миллион теңге төлегенін растаған. Кімге сенеміз? Баспасөз хатшысына ма, қалтасынан 31 млн теңге шығарған кәсіпкерге ме? Бұл Бақауов айналасындағы шытырман оқиғалардың бірі ғана сияқты. Айтқандай, Гнел Акопян портретті жергілікті музейдің біріне сыйлайтынын айтып еді, енді сол суретте құн қалды ма екен?
Бақауовтың басқа қыры
Бұған дейін іскерлігімен аты шыға қоймаған Бақауов туралы не білеміз? Ғаламтордағы деректер Болат Жұмабекұлының 1971 жылы Павлодар облысы, Железин ауданы Новокузьминка ауылында туғанын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты мен Халықаралық бизнес, экономика және кәсіпорындарды басқару академиясын бітіргенін айтады. Кеңес заманында кеңшарда автогараж жұмысшысы болған ол тәуелсіздік алған соң «Әділет» шағын кәсіпорнының директоры, кейін «Бақауов» КШ жетекшісі болады. Сосын кәсіпкерлікпен айналысады. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болады. Тереңкөл ауданының, Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалады. 2016 жылы Павлодар облысының әкімі қызметіне келеді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Осындай марапаты болса да, әкімдер рейтингінде жоғары көтерілген емес. Антирейтингте алғашқы үштіктен түспеген әкім екі жыл бұрын Жамбыл облысының «Отар» әскери базасында өткен дала жиынында «Макаров» пистолетінен ату жарысында өзге әріптестерін шаң қаптырғаны бар. Он төрт облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдері сайысқа түскенде бірінші орынды жеңіп алған. Аңшылығымен мақтанамын деп әлеужелі қолданушыларының ашуына тиіп алғаны тағы бар.
Бақауовтың жақсылығы туралы не айтуға болады? Былтыр аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлуге ықпал етті. Сөйтіп, 3 мың адамға тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй көмегін көрсетуге, 1-11 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуға, 8 мың оқушы мен студентке және ата-аналардың біреуіне қалалық көлікте тегін жүруге жағдай жасады. Ең маңыздысы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жеке қосалқы шаруашылық кірісін алып тастауды енгізді. АЕК алу үшін дәл осы кірістің кесірінен өзге өңірлердегі отбасылар АЕК-тен қағылып жатқанда, павлодарлықтардың айы оңынан туғандай болған. Осы жақсылығын ескерді ме, Павлодар облысының тұрғындары арасында қамауға алынған әкімді қолдау акциясын бастағандар табылды. Instagram желісінде #бблучшийаким хеш-тегімен басталған акцияда Бақауовтың облысты басқарған кезде жасаған жақсылықтарын еске алып жатыр жұрт. Әзірге әкімін жарнамалағандардың саны үш жүзден ғана асты.
Түйін:
Жасыратыны жоқ, әкімдер арасында өзін өзі басқаратын өңірдің қожайыны сезінетіндері бар. Олар үшін заң өзінің бұйрығынан кейінгі орында тұрады. «Бақауов ісінен» соны байқадық. Сөз басындағы сұраққа оралсақ, «Бақауов ісінің» басында кім тұр? Кім тұрғанын уақыт көрсетер, бір анығы, бұл істің басында Бақауовтың жауапсыздығы мен немқұрайдылығы тұр. Осы оқиғадан соң барлық әкімнің туыс-туғанының бизнесі мен олардың төлеген салығына жан-жақты жаппай тексеру жүргізілсе, артық болмас еді. Сонда жер телімін үлестіру мен сатып алуларда тағы біраз шикіліктің шықпасына ешкім кепіл бола алмайды. Қалай десек те, Бақауов ісі барлық әкімге сабақ болуы тиіс.
Айдана БЕГІМ