Шегіртке шенеуніктер немесе әкіммен ерген команда
Шегіртке шенеуніктер немесе әкіммен ерген команда
229
оқылды

Естіп-естіп құлақ жауыр болған, ел арасында «жаңа­дан әкім келсе, соңынан коман­дасын ерте келеді» деген сөз бар. Шынында да еліміздің саяси алаңында облыс басшыларының әкім­­діктегі лауазымды қызмет­терге «сенімді серіктерін» тағайындайтын кез­дері жиі кездеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаң­­­тар күні Ақорда рези­денция­­сында Президенттік жас­­тар кадр ре­зервінің мүше­лері­мен кездесті. Осы жиын­да Президент «Мем­лекет­тік басқару жүйе­сін­дегі «командалық ауысым­­дар» әлі де түйткіл­ді мә­се­лелер­дің бірі бо­лып тұр. Есеп бойынша мем­­лекеттік органдарда қыз­мет­керлердің ауысу көрсет­кіші – 6-10%» деп ескерт­кен бо­латын. Деген­мен кей шенеу­­ніктің әре­кеті бел­гі­ленген тәртіп шегінен аттап кетіп жүрген­дей көрі­неді.

2016 жылдан бері Атырау облысының әкімі болған Нұрлан Ноғаев қызметінен босатылып, Энергетика министрі лауазы­мына тағайындалды. Н.Ноғаев Атырау өңірінде әкім болып отырған шағында әкімдік «Оралдық экспансия» деген сынға ұшырады. Себебі облыс әкімінің орынбасарлары мен қала және бірнеше аудан әкім­дері оралдық мамандар еді. Қош, сонымен Нұрлан Асқарұлы орнын босатқан соң, Атырау облысының әкімі қызметіне мұнай саласында тәжірибесі мол Махамбет Досмұхамбетов лайық деп танылды. Осы оқиғаның ізінше Нұрлан Ноғаев тағайындап кеткен Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы лауазымды қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Баспасөз беттері «Махамбет Досмұхамедов жер­гілікті әкімдіктерде тәжірибесі жоқ маман, сондықтан сол күйі тұрған Ноғаевтан қал­ған кадрлармен жұмысын жалғастыра береді» деп жаз­ды. Бірақ қала әкімінің өз еркімен қызметтен кетуі, оның орнына облыс басшысы кімді ұсынатыны қызықты болған. Көп ұзамай 17 қаңтар күні Атырау қаласының әкімі болып Қайрат Оразбаев тағайындалды. Қайрат Құлымұлының өмірбая­нына үңілсек, облыс әкімі се­кіл­ді мұнай саласында «тер төк­кенін» аңғаруға болады. Осы күні облыс әкімі өңір акти­віне жаңа орынбасары Ержан Әбілхановты таныстырды. Президенттік жастар кадр резер­віне енген жас маман Энергетика министрлігі Жер қойнауын пай­далану департаментінің директоры қызметін атқарған. Махамбет Досмұхамбетов 2016 жылдан бері энергетика вице-министрі болғанын ескерсек, орынбасарын өз командасынан тағайындап отырғанын аңға­рамыз.

Осы тұста жалпы биліктегі басшылардың өз командасын жасақтап жүруіне саясаткерлер бір жақты қарамаған жөн дейді. Әуелі әкімнің жасақтаған ко­мандасы кіл білімді, іскер аза­мат­тардан құралса, өңірдің жақ­сы жағынан өркендеуіне септігін тигізуі мүмкін. Осы се­кілді жағдайда білікті, еңбекқор мамандар өзге облыста қызмет етіп, ел көңілінен шыға алса, командалық өзгерістерге еш қарсылық болмасы анық. Алай­да бұл әрекет өзара сыбай­ластыққа, басшының көңіліне жаққан адамдардың ғана әр қызметті иемденіп кетуіне апаратыны жасырын емес. Таңдау – басшының еркінде. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегінде парақорлық жай­лаған мемлекеттік мекеме­лер арасында еліміздегі әкімші­ліктердің көш басында жүргені көрсетілген. Бір облысқа жаңа­дан әкім тағайындалса, сол облыстың бүкіл қызметкерлері қызметі үшін үрейленіп қала­тыны жасырын емес. Облыс әкімі орынбасарларын тағайын­дайды, кезек басқарма басшыла­рына ауысады, басқарма бас­шылары мамандарға немесе бас­қармаға қарайтын меке­мелерге (мектеп, театр, спорт кешені т.б) шүйлігеді. Осы­лай­ша, лауазымын уақытша деп қабылдаған кей қызметкерлер ұзақмерзімді жобалар мен қаржыны игеруде салғырттық танытады.

Бүгінде ҰҚК-де ісі қаралып жатқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов 2019 жылдың сәуір айында ордабұзар жас – отызға да толмаған Асхат Ораловты әлеуметтік істерге жауапты орынбасары етіп та­ғайындады. Асхат Оралов сол уақытқа дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орын­басары болған. Білдей бір облыста әлеуметтік істерде тә­жіри­бесі мол, өзге де білікті маман табылмады дегенге сену қиын.

Әкім болып, команда мәсе­лесінде басы дауға қалғандардың бірі – Ералы Тоғжанов. 2019 жыл­дың жазына дейін, 2 жылдан астам Маңғыстау облысының әкімі болған Ералы Лұқпанұлы өзімен бірге келген 50 маманды әкімдіктегі лауазымды қыз­меттерге тағайындағанын кейбір БАҚ беттері жарыса жазды. Тұрғындарға есеп беру кездесуінде бұл сауалды әкім­нің тікелей өзіне қойғандар да табылды. Дегенмен Ералы Тоғжанов сұраққа «Мен Оралдан тек Әселді (Балманова. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары. авт.) ғана алып келдім. Оның өзі тегінде осы елдің қызы. Білікті маман, өз қыздарыңызды өздеріңізге әкеліп бердім» деп жауап берген.

Өткен жылдың басында Ақтөбе облысының әкімі бо­лып тағайындалған Оңдасын Оразалин келе сала кадрларға қырғидай тигенін жұрт біледі. Қызметтерінен кете бастаған бас­қарма басшыларының тізімін облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен қала әкімінің орынбасары Ыбрайым Көзбаев толықтырған болатын. Сондай-ақ өңірге келгендегі алғашқы жиындарының бі­рінде-ақ Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлады. Одан кейін Оң­дасын Оразалин әлеуметтік салаға қарайтын орынбасары Марат Тоғжановтың, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Ис­па­новтың жұмыстарына көңілі тол­майтынын айтып ескерту жасады. Ақырында 3 жыл бойы қала әкімі болған Ілияс Испанов орнын Мавр Абдуллинге босатып берген еді.

Командалық әдіске байла­нысты қоғам пікірі әрқилы. Бір топ командалық әдісті нағыз кәсіби мамандарды біріктіре алу деп ұқса, келесі бір топ Кеңес үкіметінен қалған «жаман әдетке» балайды. Мемлекет ішкі құрылымының әр сатысы бір-бірі үшін жауаптылық жүктейді. Біліктілер жұмылған таңдаулыға ел көзқарасы түзу болары анық, бірақ сыбайластық үшін емес.


Мадияр.JPG  Мадияр ТӨЛЕУОВ