Ішкі істер министрлігінің шетелдік нөмірлермен жүрген автокөліктерді тіркеу жөніндегі талабы жүргізушілердің қарсылығын туғызды. Полицейлердің пікірінше, тіркелмеген көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кететін көрінеді. Ал жүргізушілер «тіркеу құны көлік бағасынан да асып кетеді» деп ашынады.
Даудың басы қаңтардың 14-інде тұтанды. Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заң бойынша тіркеу керек деп мәлімдеді. Сол-ақ екен, қау боп өскен қамысқа бір тал сіріңке тастағандай, дүйім жүргізуші дүрлігіп қоя берді. Олар: Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл, Семей қалаларында ереуілге шығып, арыз-шағымын Үкіметке айқайлап жеткізуге тырысты. Көлік тіркеудің қат-қабат шаруасын азайтып, удай бағасын арзандатуды сұрады.
Жалпы, мемлекет бірнеше жыл бойы шетелдік нөмірлі көліктерді әкелуге кедергі жасамай, кедендік рәсімдеу туралы жақында ғана хабарлады. Жүргізушілер осыған наразы. Енді темір тұлпарларды шетелге қайта апарып сату да, Қазақстанда есепке қою да тиімсіз.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, тіркелмеген көліктердің кесірінен былтыр 1854 жол апаты болып,
132 адам қаза тапқан, 500 адам жарақаттанған. Бейнекамераларға тіркелмеген көліктердің жол ережесін 90 мың рет бұзғаны түсіпті.
Алайда жүргізушілер министрліктің «тіркелмеген көліктер жол ережесін бұзса, жазадан құтылып кетеді» деген сөзімен келіспейді. «Көлігімізді уақытша тіркеуге қойсын. Салығын да, айыппұлын да төлейміз», – деген уәж айтады. Ал министрлік өкілдері «әзірге ескерту жасадық, тіркелмеген көліктерге жақында 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, айып тұрағына қойылуы мүмкін» дейді.
Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік жүр. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейден әкелінген.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде «2014 жылдан 2020 жылдың қаңтарына дейін Армения мен Қырғызстанда тіркелген көліктерді тек сол елдерде тұратын азаматтар кеден алымы мен салығынсыз уақытша тіркей алады» деп жазылған.
Алматы қаласының әкімшілік полиция бастығы Жандос Мұраталиевтың айтуынша, тіркеу құны көліктің қай жылы шыққанына, қай мемлекеттен жеткізгеніне, көлеміне және тағы басқа факторларға байланысты. Шетелдік авто иелері көлікті тіркеу үшін 500-600 мың теңгеден 3-4 млн теңгеге дейін төлеуге тиіс екен. Тағы бір айта кететін жайт, рөлі оң жақта орналасқан көліктерді рәсімдеу мүмкін емес, себебі оларға рұқсат жоқ.
Халықаралық инвестиция компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев шетелдік көліктер тіркелсе, бюджетке қанша қаржы түсетінін есептеп шығарыпты. Оның ойынша, қозғалтқышының қуаты 1,6 литрден және бағасы 3 мың доллардан асатын көлік иелері ең кемі 2-3 миллион теңге төлеуі керек. Қымбат техниканың төлемі де сәйкесінше жоғары болмақ. Рөлі оң жақтағы автоларды қоспағанда, елдегі 170 мың көліктің 70 пайызы рәсімделсе, Қазақстан қазынасына 300 млрд теңге құйылады екен.