Ел ішіндегі тыныштық, көшедегі тәртіп, құқықтық заңдардың бұзылмауын қадағалау жұмыстары негізінен ішкі істер органының полицейлеріне жүктелген. Қызмет барысында сақшылар әртүрлі қиын жағдайға кездеседі. Кейде басқалардың өмірін қорғап жүріп өздері мерт болады. Жақында ғана Қостанай облысында полиция қызметкері Дархан Базарбаев қарулы бұзақының қолынан қаза тапты.
Қайғылы оқиға Қостанай облысының Тобыл қаласында болды. Патрульдік полиция экипажы отбасылық жанжал туралы шақыруға шығады. Дархан Базарбаев әріптесі Амангелді Сыздықовпен бірге оқиға орнына 6 минут ішінде жеткен. Екі пәтерлі үйдің бір бөлігінде Тобылдың бұрын сотты болған 28 жасар тұрғыны, екінші бөлігінде оның әпкесі күйеуімен және баласымен тұрған. Мас адам оларды өлтірем деп қорқытқан. Туыстары ол пышақ алуға кірген бөлмені сыртынан жауып, полицияға хабарласқан. Бұзақы тұтқындалды. Бірақ ол пышақты Дарханның жүрек тұсына салып үлгерген еді... Жедел жәрдемге 1995 жылы туған сержанттың қайтыс болғанын тіркеу ғана қалған еді. Полицейдің артында 4 айлық баласы қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көз жұмған полицей Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бергі отыз жылдай уақыт ішінде, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қызмет барысында жүрген 788 құқық қорғау саласы қызметкері қаза болған екен. Олардың бәрінің есімі ел есінде қалады.
Мысалы, 2019 жылдың наурыз айында Жайық өзеніне секіріп кеткен келіншекті құтқарам деп құрбан болған Шалқар Ақымғалиев, 1993 жылы қылмыскердің қолынан қаза тапқан аға лейтенант Асқар Бисекенов, 2009 жылы мас жүргізушіні тоқтатам деп, оның көлігінің астына түсіп қайтыс болған Нұрберген Өтемісовті атыраулықтар ұмытпақ емес.
Ал қызмет бабында қайтыс болғандарды есте қалдыру мақсатында 2018 жылы Шымкенттегі ішкі істер департаменті ғимаратының ауласында ескерткіш ашылды. Тәуелсіздік алғаннан бері Түркістан облысының 23 полицейі қаза тапқан. Бұл – Қазақстанда қызмет барысында қайтыс болған полицейлерге арналып ашылған төртінші ескерткіш.
Жақында Павлодар облыстық полиция департаменті қаскөйлердің қолынан қаза тапқан милиция капитаны Ахметқали Тезекбаев және Фарид Қақабаев, әділет аға лейтенанты Мейрам Дәулетов, әділет лейтенанты Қанат Сармантаев, милиция лейтенанты Асылбек Бижанов, кіші лейтенант Ерлан Нұржанов, қатардағы милиция Ербол Сембаев пен полиция аға лейтенанты Харки Арлиді еске алды.
Әлемде Австралия, АҚШ, Канада, Израиль, Ресей, Украина сияқты көптеген елдерде қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған полицейлерді жыл сайын еске алу күні белгіленген. Америкада тіпті бір күн ғана емес, еске алу аптасы да өткізіледі. Қазақстанда да бұл үрдіс бар. Бірақ әр өңір өз уақытын белгілеп қойған.
Ал Шығыс Қазақстан облысында 37 сақшы қылмыскерлер қолынан көз жұмды. Көпшілігі қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік және ведомстволық марапатқа ұсынылды. Қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аты-жөндері тасқа қашалып, ескерткіш орнатылды. Олардың ішінде 2003 жылы қылмыскер қолынан қаза тапқан Үржар ауданы учаскелік полиция инспекторы Ержан Жұмаділов, 2016 жылы бұзақылық әрекетті тоқтату барысында пышақтан алған дене жарақатынан мерт болған Бородулиха аудандық қылмыстық іздестіру, бақылау және өткізу пунктінің кіші жедел уәкілі, милиция сержанты Жанат Бабенов бар.
Ал 2016 жылы Алматыдағы террористік акт кезінде тәртіп сақшыларының жетеуі қаза тапты. Кейін Алматы мен Ақтөбеде террористерге қарсы тойтарыс берген 5 қызметкер (олардың төртеуі қайтыс болғаннан кейін) – ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен – 9 қызметкер, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық ұланның 2 жауынгері марапатталды.
Алматы облысы Іле ауданының ішкі істер басқармасына қарасты Боралдай кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөлімі кезекшісінің көмекшісі, полиция старшинасы Манас Жұмаділов 2000 жылғы 31 мамырда бірнеше мәрте ұрлық жасаған қылмыскерді ұстау кезінде пышақтан алған жарақаттан қаза тапты. Кейін Іле ауданы Боралдай кентінде бір көшеге аты беріліп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Тұрғанжан Турдиев 2002 жылғы 10 ақпанда қаруланған қылмыскерді ұстау барысында алған жарақаттан қаза тапты. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қапшағай қалалық ішкі істер бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты Ғалым Тәттібеков 2008 жылы 25 шілдеде Қапшағай қаласында кісі өлтірген қарулы қылмыскерді ұстау барысында алған ауыр жарақаттан қаза тапқан. Ол да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Талғар ауданының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Еділ Әділжан 2008 жылы 20 желтоқсанда қаруланған қылмыскерді ұстау барысында алған жарақаттан бақилық болды. Марқұм ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Ержан Ахметов 2013 жылғы 12 маусымда қарулы қылмыскерді ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған сақшы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Айта кету керек, 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Бұл қаралы тізімді түзу де оңай болмасы анық. Әр ерліктің артында «құлынымдап» зарлаған ана, іштей күрсінген әке, қыстығып жылаған жар, жетім қалған бала тұр. Олай болса, халықтың тыныштығы үшін өз жанын құрбандыққа шалған сақшыларды ешқашан ұмытпауымыз парыз!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ