Вакцинациялаудың экономикалық қыры назардан тыс қалып келеді. Шынында, екпе егу ісі экономикалық дамумен біте қайнасып жатыр. Қазір әлемде «вакционализм» деген термин қолданылады: ол төл вакцинасын ойлап тапқан мемлекеттердің онысын одақтасынан басқаға бермей қоюын білдіреді. Сонымен бірге енді «вакциномика» туралы айтатын кез де жеткендей.
Вакцина – жаһандық драйвер
Вакцина жасау мен екпе егу процесінің ілгерілеуі туралы кез келген жаңалық әлемдік экономикаға ықпал етіп жатыр. Мысалы, былтырғы 7 қарашада Pfizer-дің коронавирусқа қарсы вакцинасы барлық сынақты табысты аяқтағаны туралы хабар жариялана сала мұнай бағасы бірден 8%-ға өсті. Бұл компания батыстық болғандықтан, Еуропаның қор индекстері және АҚШ акцияларының фьючерстері жоғары өрлей жөнелді. Brent сұрыпты «қара алтын» құны 20 минут ішінде 2,3 долларға қымбаттап, кезекті рекордты жаңартты. «Акциялар мен шикізаттар нарығы қазіргі мүмкін болған ең жақсы сөздерді естіді!» – деді JPMorgan Securities басшысы Джойс Чанг. Әлемде вакцинациялау ісі ілгері басқан сайын мұнай бағасы да көтерілуде. Инвестициялық банктер мұнай бағасы биыл 100 долларға дейін өсуі мүмкін екенін болжауда. Кеше Brent маркалы «қара алтынның» бір бөшкесі 63,5 доллардан сатылды. Осының алдында 70 долларға дейін «барып қайтты». Ұлттық банктің байламынша, әлемде экономиканың көтерілуіне, мұнайдың қымбаттауына және валюталар бағамына – коронавирусқа қарсы вакциналаудың ілгерілеуі оң ықпал етті. «Израильдегі зерттеу нәтижесінде вакциналардың 2-ші дозасынан кейінгі тиімділігі дәлелденді, бұл иммундау жағдайында пандемияның тоқтайтынына үміт береді», – деді ҰБ. Our World In Data дерегінше, екпе егу жөнінен Израиль алда: әрбір 100 адамға шаққанда шамамен 80 доза вакцина салынған. Екінші орында Сейшел аралдары (65 доза). Үштікті БАӘ тұйықтайды (55). Төл вакцинасына иек артқан Үндістан да өрге қадам басты. Үнді экономикасы 2020 жылғы 4-тоқсанның қорытындысында рецессиядан шықты және ЖІӨ-сі +0,4%-ға өсті. Салыстыру үшін айтсақ: вакцина атаулыға халқы үрке қарайтын Қазақстанда Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиевтің мәліметінше, 2021 жылғы қаңтардың қорытындысында экономика 4,5%-ға құлдырады. 2020 жылы 2,6 пайызға төмендеген-тін. Ендеше рецессия жалғасуда. Тіпті, батыстың қыспағы мен қаптаған санкция астында қалған Ресейдің ЖІӨ-сі 2021 жылғы қаңтарда тек 2,4%-ға кеміген. Сарапшылар болса, «әлдеқайда көп құлдырайды» деп күткен. Себебі АҚШ жаңа санкциялар енгізуде. Әйткенмен, қызығы сол, солтүстік көршінің әлемде алғаш болып КВИ-ге қарсы төл вакцинасын тіркеуі ақырында осы мемлекетке деген инвесторлар сенімінің артуына серпін берді. Рейтинг агенттіктері де ресейлік экономикаға жақсы баға беруде. Мәселен, биылғы 5 ақпанда Fitch батыс державаларының санкцияны күшейтуіне қарамастан, Ресейдің егемен рейтингін жоғарғы «BBB» деңгейінде сақтады. Бұл – «инвестициялық деңгей», яғни инвестициялауға қорықпаңыз деген белгі. РФ қаржы министрі Антон Силуанов мемлекеттің ұзақмерзімді кредит рейтингінің инвестдеңгейде қалуы «Үкіметтің 2020 жылғы теңдессіз сын-тегеуріндерді еңсеру шараларының тиімді болғанын паш ететініне» назар аудартты. Солтүстік көрші қазір 4 миллионға жуық доза екпе егіпті. Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу шабан жүруде. Ел Үкіметі биылғы жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салмақ. Алайда әзірге егілген адамдар саны 20 мыңдай ғана. Оның өзінде барлығы дерлік дәрігерлер мен полицейлер. Себебі қазақстандықтар ресейлік вакцинаға сенбейді. Ел өзіміздің екпені күтіп отыр. Бірақ әртүрлі бюрократиялық кедергіге кездескен QazCovid-In отандық вакцинасы кешігуде. Алдында шенеуніктер оның өндірісі наурызда басталатынын хабарлаған. Дегенмен жақында бұл мерзімнің сәуір айына шегерілгені мәлім болды.Екпе мен экономика – дос
Вакцинациялау мен экономикалық өрлеудің арасында байланыстың барына таяуда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев назар аудартты. Оның байламынша, егер адамзатқа жаппай екпе егілсе, жаһандық экономика жақсарар еді. Бірақ әзірге олай болмай тұр. «Коронавирусқа қарсы вакцина егудің басталуына байланысты оптимизм белең алуда. Әйтсе де, 2021 жылдың алғашқы айларында әлі де болса, жоғары белгісіздік сақталды. Вирустың жаңа штаммының таралуы және бірқатар елде вакциналық протекционизмнің күшеюі әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынын тежеуде» – деді ҰБ басшысы. Оның айтуынша, КВИ-ге қарсы вакциналардың өндірісі мен бөлінуі біркелкі жүргізілмеуде. [caption id="attachment_116163" align="aligncenter" width="816"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Екпе егу қарқыны бойынша Израиль алдыңғы қатардағы елге айналып, өзгеге үлгі көрсетуде. Онда халықтың 60%-дан астамы вакцинаның бір және одан да көп дозасын алды. Ал әлемнің ірі экономикаларында вакцинация деңгейі айтарлықтай төмен. Көптеген дамушы елдер вакцина егуді бастаған да жоқ. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, вакцинацияның қазіргі қарқыны өзгермесе, онда әлем халқының 75%-ын қамту және қалыпты өмірге қайта оралу үшін 7 жылдан астам уақыт қажет болады», – деді Е.Досаев. Ол биылғы экономикалық басты сын-тегеуріндерді атады: «Біркелкі емес және баяу вакцинация, екпені жеткізу мен өндірудегі қиындықтар, жаңа штаммдардың пайда болуы және үнемі енгізілетін шектеулер 2021 жылы жаһандық сұраныстың өсуін тежейді». Әрине, экономиканың құлдырауын – елдің егілмеуіне жауып, Үкіметті, жауапты шенеуніктерді жауапкершіліктен арашалауға болмайды. Сонымен бірге қарапайым заңдылық та бар: егер қазақстандықтар коронавируске қарсы екпе алмаса, онда пандемия жалғаса бермек, мұндай жағдайда кәсіпорындар қалыпты жұмыс режиміне орала алмайды, карантин шектеулері жалғасады, экономика дағдарысы жалғаса береді.Державалар таласынан пайда көрсек?
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бүгінде өзге елдерді әскер мен қару көмегімен жаулап алудың қажеті қалмады: бөтен елді енді вакцинамен-ақ иліктіруге болады. «Пандемияның екінші жылында адамзаттың «құтқарушысы» рөлін АҚШ пен Еуропа емес, Қытай мен Үндістан шақтап көруде. Осы екеуі қазіргі ахуалдан барынша мол саяси және экономикалық пайда табуға ұмтылуда. 2021 жылғы қаңтарда Сейшел аралдарының айлағына достық сапармен үндістандық «Викрамадитья» алып кемесі келіп тоқтады. Оны осы елдің сыртқы істер министрі Сильвестр Радегонде қарсы алды. Өйткені кеме бүгінде алтыннан да қымбат бағаланатын тауарды – КВИ-ге қарсы AstraZeneca вакцинасының 50 мың дозасын жеткізді», – дейді ресейлік халықаралық сарапшы Сергей Мануков. Екі апта бұрын Қытай да өзінің Sinopharm Group компаниясы жасаған ұқсас тауарды – 50 мың доза вакцинаны жеткізген екен. Ал Сейшел аралдарында жалпы саны шамамен 98 мың тұрғын тұрады. Айта кету керек, Сейшелдер баяғыдан Үндістанның ықпал ету аймағына кіреді. Бірақ кейінгі кезде Бейжің оны Үнді мұхитындағы төл плацдармына айналдыруға күш салуда. Тиісінше, ол әртүрлі жолмен Делидің осы архипелагта әскери бекет құруына кедергі жасауда. Себебі оған жол берсе, Үндістан осы өңірдегі барлық қытай кемелерінің жүріс-тұрысын бақылауға алады. Өз кезегінде үнділер ҚХР-дың Сейшелде радарлық стансалар желісін салып, аймақта беку талаптарына қарсы тұруда. Бұл ақыр соңында Сейшел аралдарының вакцинациялану бойынша әлемде екінші орынға шығуына әкелді. Мұның нақты экономикалық игілігі бар: осы аралдар наурыз айында туристерді көбірек қабылдай бастайды. Коронавирус пандемиясы дүниежүзінде ықпал ету аймағы үшін күрестің арсеналын кеңейтті. Оны Ресейдің «Спутник V»-сын мейлінше көп елге таратуға жан салуынан байқауға болады. Посткеңестік кеңістікте «вакциномиканың» мәнін түсіне алған елдің бірі – Украина. Осы елдің бас санитар дәрігері Виктор Ляшко COVID-19 індетіне қарсы екпені барлық азамат тегін алатынын мәлімдеді. Украина 18 жастан ересек барлық тұрғынды иммундауға ниетті. Алайда бұл ізгі бастамасы ізінше халық арасындағы қалың үрейге кезігіп, дағдарысқа ұшырады. Украинаның денсаулық сақтау министрлігі бірер күн бұрын Telegram арнасында жаппай вакцинациялау тұйыққа тірелгенін мойындады: «Бір тәулік ішінде COVID-19 індетіне қарсы небәрі 90 адам егілді. Ал науқан басталғалы 3 141 адам ғана екпе алды». Украина да вакцина жөнінен Үндістанға тәуелді: сонда шығарылған ағылшын-шведтік AstraZeneca екпесін сатып алуда. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ә.Молдабекова әлемде КВИ жұқтырғандардың көптігін жаһандық экономиканың құбылуына әкеліп соқтыратын, оны тұрақсыздандыратын басты фактор деп атады. «Нарықтар ахуалы мен динамикасын анықтайтын факторларға тоқталсам, әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны коронавирус жағдайына тікелей байланысты. Вакцинацияға байланысты оптимизмге және вакцинаның тиімділігі туралы оң мәліметтерге қарамастан, бірқатар қауіпті фактор сақталып отыр. Бұлар – вирустың неғұрлым жұқпалы жаңа штамдарының пайда болуы, вакцинациялаудың баяу жүруі, екпе өндіру және онымен қамтудағы қиындықтар, бір сөзбен айтқанда – «вакционализм». ДДСҰ дамыған елдерді вакцинаның көп бөлігін сатып алғаны үшін айыптады. Салдарынан кедей елдер вакциналарға мүлдем қол жеткізе алмай отыр», – дейді Әлия Молдабекова. Оның пайымдауынша, Қазақстан үшін де ұжымдық иммунитет түзу маңызды. Ал елде халықты жаппай вакциналау басталған жоқ: әзірге тек «тәуекел топтарына» егілуде. Маман өз елімізде вакциналардың қолжетімділігін арттыру шектеу шараларын біртіндеп алып тастаудың алғышарты екенін еске салды. Олай болса, QazCOVID-In отандық препараты өндіріске қойылса, ел Үкіметі мен әкімдер қалаған қазақстандықтың бәрінің ерікті әрі тегін егілуіне жағдай жасағаны жөн.Айхан ШӘРІП