Жол жаңа болғанымен, жағдай «таз қалпында»
Жол жаңа болғанымен, жағдай «таз қалпында»
115
оқылды

Алматы облысындағы жол­дар­дың қыс айларындағы таза­­лығы мен талапқа сай еке­ніне жауап беретін жолшы­лар­дың жұмысы жыл сайын қатаң сынға ұшырап, «қанағат­тан­ғы­сыз» деген баға алады. Соған қара­мас­тан, мұндағы жауап­сыз­дық пен салғырттық тұрақ­ты түрде қайталанып, жол­­­дар­дың дер кезінде таза­лан­­бауы, кейбір бөлік­тері­нің мұ­зайдыны сияқты көктайғақ болып жатуы үйрен­шікті көрі­ніске айналған. Әсіре­се, қайта төселгеніне көп бола қоймаған Алматы – Талды­қор­ған күрежо­лы­ның бүгін­гі жағ­дайы тым күрделі.

Жақында жетісулық жолшылар осы мәселеге байланысты «Жетісу – адалдық алаңына» арнайы шақы­­ры­­лып, қазіргі кезде Жетісу жол­да­рын­да қалыптасып отырған күр­де­лі жағдай жан-жақты талқыға салынды.

Талқылау басталар алдында жи­­­налғандар назарына жолдардың таза­ланбаған бөліктері мен со­ның кесірінен тіркелген жол-кө­лік оқиғаларынан іріктелген бейне­көріністер ұсынылды. Онда көр­се­тілгендерге қарағанда, аталған сала­ға қыруар қаржы бөлініп, жаңа тех­никалар сатып алынып, озық техно­логиялар енгізіліп жатқанына қарамастан, күрежолдың жағдайы бұрынғы «таз қалпында» қалған. Құр сөз емес, бейнекөріністер көзге шұқып тұрып көрсеткендіктен, жолға жауапты тұлғалар не дерін біл­мей, төмен қарап, күмілжумен бол­ды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев оларға қарата: «Осынау келеңсіздіктерді шынымен көр­мейсіздер ме? Әлде, әдейі назар­дан тысқары қалдырасыздар ма? Бөлінген қаражаттың сұ­рауы жоқ деп ойлайсыздар ма? Мил­лион­дар қайда кетіп жатыр? Жұмыс бабы­мен менің өзім де Алматы – Тал­ды­қорған күрежолымен жиі жүре­мін. Осыдан бірнеше жыл бұрын ха­лықа­ралық стандарттағы жаңа жол пайдалануға берілгенде, бөркін аспанға атқан ха­лықтың қуанышы бүгінде су сеп­кендей басылған. Қыс айла­рында қауіпі еселеп артып кете­ді. Көк­тай­ғақ, автокөліктермен қа­ты­науды айтпағанда, жаяу жүру­дің өзі өте қиын. Дер кезінде таза­лан­байды, еріт­кіш материалдар уақытында себіл­мейді...» деп айтып, нақты жа­уап күтті.

Өкінішке қарай, талқылауға кел­ген «Қазавтожол» ұлттық ком­па­­ниясы» АҚ қозғалыс қауіп­сіз­ді­гі және пайдалану бөлімінің басшысы Есен Оспанов, облыс­тық жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқармасы бас­­шысының орынбасары Серік Самыров, «Қазавтожол» ЖШС об­лыс­тық филилы жетекшісінің орын­басары Мақсат Мұқановтар айқын сұрақтарға анық жауап қай­тара алмады. «Біз шамамыз кел­генше жұмыс істеудеміз. Тех­ни­ка жеткілікті. Барлығына қар­дың үздіксіз жаууы кесірін тигі­зіп тұр. Дер кезінде үлгере ал­май­мыз» деуден артық ештеңе айта алмады. Осындай аса жауапты жиын­ға бірін­ші басшылардың кел­мей, орын­басарларын жіберуі де жауап­кер­шіліктен қашуды білдіретіндей.

«Адалдық алаңына» келген қоғам белсенділерін мұндай сиыр­құйым­шаққа салған жаттанды жауап­тар қанағаттандырмады. Олар жауапты тұлғалардан құрғақ сөздер емес, шешімді әрекеттер күтетінін айта­ды.

– Бейбіт уақытта жолдардың жа­ман­дығынан адамдар шыбынша қырылуда. Жолға шыққан жолау­шы­лардың өмірі дәл осы сіздердің өз міндеттеріңізді талапқа сай атқа­­ру­ларыңызға байланысты. Қа­рап отырсақ, ешкім, ештеңеге жа­уап бер­гісі келмейді және «ал­да­ғы кез­де осындай жұмыстар істей­міз» деп уәде беруден тайсақ­тай­ды. Өздеріңізге жүктелген жұ­мыс­­тарды дер кезінде тиянақ­ты орындасаңыздар, талай жо­лау­­шы­ның жанын аман алып қала­­тын­ды неге ойламай­сыз­д­ар? Алдағы кезде бөлінген қаражаттың әр тиыны үшін есеп беруді талап ету қажет. Әйтпесе, жағдай осылай жалғаса береді, – деді тұрғындар атынан сөз алған Қайрат Нұрақынов.

Облыстық полиция департа­мен­ті әкімшілік полиция басқарма­сын­да­ғы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Тынысбек Шара­пиевтің айтуынша, биылғы қыс басталғалы облыс жолдарында 200 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300 адам зардап шегіп, 29 жолаушы қаза тауыпты. Қыс басталғалы бір жарым ай болғанын ойласақ, аяқ­тал­ғанша бұл қорқынышты санның еселеп кетпеуіне ешкімнің кепілдік бер­мей­тіні жүрек ауыртады.

Талқылау соңында жолшы­лар­дың міндетінің орындалуына тексеру рейдін ұйымдастыру жөнін­де шешім қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері мен қоғам белсенділері арнайы комис­сия құратын болды.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы