LRT құрылысы жалғаса ма?
LRT құрылысы  жалғаса ма?
310
оқылды

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бас­па­сөз мәслихатында Астана LRT жобасының екінші кезеңі туралы айтылды. Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранқаевтың мәлімдеуінше, құрылыстың тағдырын мемлекеттік сараптама шешеді.

– Астана LRT жобасының құрылысына келсек, ондағы тапсырыс беруші – қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы болып отыр. Астана LRT құрылысының екінші бөлігі бойынша, әзірге техникалық-экономи­калық негіздеме дайындалып жатыр. Бұл негіздеме дайын болысымен, әрі қарай не болатыны түсінікті болады. Егер мемле­кеттік са­раптама бас тартпаса, яғни жо­баны жөнсіз деп айтпаса, құрылысты жалғастырамыз, – деді Н.Ұранқаев.

Яғни, заңға сәйкес мемле­кеттік са­раптама 45 жұмыс күн ішінде LRT құры­лы­сының екін­ші кезеңін жүргізудің тиім­ді, тиімсіз болатынын анықтауы тиіс. Сон­дай-ақ басқарма бас­шысы мемле­­кеттік сарап­таманың қорытындысы қо­ғамға ашық түрде таныстырылатынын да жеткізді.

Еске салайық, 2019 жылы 16 сәуірде елорданың сол кездегі әкімі Бақыт Сұл­танов негізгі капиталға салынған инвести­циялардың төмендеуіне байл­а­нысты LRT желісінің құрылысын тоқтату туралы шешім шық­қанын хабарлаған.

Кейіннен Прези­дент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтай­лан­дыру мақсатында ел Үкіметі Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту бойынша шешім қабыл­данды. Қалалық әкімдік таратқан хабарға сүйенсек, бұл шешім
300 млрд теңгеден астам сомада қа­рызға кететін шығыстар бөлігінде республи­калық бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берген.

Осы шешімнен соң былтырғы қазан айының басында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы LRT құры­лысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тер­геуді жеделдету тап­сырмасымен жүгінгім келеді. Біреу­лердің шетелге қашып кеткенін айтып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашу екені тү­сінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшы­ла­рын қаперден тыс қал­дырмау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің тікелей тап­сыр­масынан соң тергеудің нә­тижесі туралы ақпарат та там-тұмдап шыға бастағаны белгілі. Ресми мәліметтің бірінде LRT жобасына қатыс­ты қылмыстық істі ұйым­дас­тырған елорда әкімінің бұрын­ғы орынбасары Қанат Сұлтан­бековтің өзі екені айтылды. Қазір ол халықаралық іздеуде, сондай-ақ оны­мен бірге шетке қашқандар тізімінде Ас­тана LRT компа­ниясының экс-басшысы Талғат Ардан мен мер­дігер ұйымдардың бірінің бас­шысы Дәурен Әбді­хамитов та іздес­тіріліп жатыр.