«Қасірет пен тағдыр»
«Қасірет пен тағдыр»
937
оқылды

Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан­ның «Қасірет пен тағдыр» романының тұсаукесері өтті. Жазу­шы шығармасында социалистік режим құрбан­да­рына айналған Семей өңірі тұрғындарының қасіреті айтылады. Рас, Семей полигоны жабылса да, оның қазақ халқына тигізген зардабын әлі тартып келеміз. Жазушы кейіпкері Аяулымның тағдыры арқы­лы осы қасіретті оқырманға жеткізе білді.

– Тақырыпты таңдаймыз, кейде қаламымыз тайғанақтап, шығара алмай жатамыз. Көркемдік әлемді игеру ақын, жазушы үшін ең бір қиын шаруа. Сәуленің жеткен жетістігі – тақырыпты таба білуімен қоса, сол әлемді игере алуында. Шығарманы оқып шықтым. Кейіпкерлердің тағдыры туралы бейжай оқу мүмкін емес. Шығармада типтік образдар жасалған. Оқиғаның бір-бірімен өріліп жатуы да әдебиеттің негізгі талаптарына, шарттарына сай келеді. Проза жазу әйел адамдарға қиын. Кейде әйел жазушылардың шығармаларын оқығанда асүйді көреміз. Сол төңіректе жазады. Сәуле өз шығармасында тарихқа терең бойлаған. Бұл кітаптағы оқиға кейіпкердің ғана емес, қазақтың қасіретін сезім арқылы жеткізе білген. Оқырманды тебі­рен­те алады. Кітап алдағы уа­қыт­та өзге тілдерге аударылуы ке­рек. Сондай-ақ бұл шығарманы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсыну жағын қарастыру керек деп ойлаймын. Халықтың қасіретін көтерген, көркем жазылған дүниені сол дең­гейде көрсете білуге тиіспіз, – деді жазушы Нұрдәулет Ақыш.

Полигон тақырыбына бару бұл – үлкен ерлік. Ол үшін ізденіс керек. Бұл кітапта осы кезге дейін көп айтыла қоймаған, құпия бо­лып келген біраз шындықтың беті ашылады. Кітаптың ішінде талай тағдыр бар. Олардың қасіреті шы­найы баяндалған.

– Сәуле Досжан алдымен ақын­­дығымен танылды. Одан ке­йін «Үлкен үйдегі үрей» романы шық­­ты. Ұзақ, 5 томдық романды қа­зір ешкім оқымайды. «Үлкен үй­дегі үрей» шығармасында үрей­мен бір сөйлемді бастайды да, оқыр­­манын үйіріп алып, оқиғаны бас­қа тұрғыда баяндайды. Жас­тар­ға түсінікті болсын деп осындай тәсіл­мен жазған. Бұл – заманның талабы. Осындай стильмен жазу­шы­лыққа келген Сәуле бірер жыл бұрын «Қасірет пен тағдыр» ро­­маны жазылып жатқанда өте бір қиналысты жағдайда жүрді. Сәу­ле­нің жары, елімізге ұзақ жыл­дар аянбай қызмет еткен Сәт Тоқ­пақбаев ағамыз осы тақы­рып­­ты алуға тікелей себепші бол­ды. Қазақ жері, Абайдай ұлы­лар­дың мекенінде полигон бо­лып, қан­ша­ма жыл қаншама ұрпақ зардап шегіп келеді. Де­ген­мен осы туралы көлемді, ро­ман­ға сай шығарма осы күнге дейін жазылмапты. Жазушы тақы­­рыпты сәтті алып шықты. Ро­ман­ның жалғасы болады деген үміттеміз. Өйткені желтоқсан айын­­да Семей жеріне барып кітап­­тың тұсаукесерін өткізгенде жер­гілікті тұрғындар қаншама қосымша мағлұматтар айтып жат­ты. Сәуле қазақ прозасына өз тақы­­рыбымен, өз кейіпкерімен келді. «Қасірет пен тағдыр» нағыз оқылатын кітап деп ойлаймын, – деді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова.

Сәуле Досжан бүгінде ең оқырманы көп жазушының бірі. Халқымыздың тағдыр талайын суреттеген бұл шығармасы да оқыр­­ман көңілінен шығады деген ойдамыз.