Үнді саясаткері Махатма Ганди мен академик Қаныш Сәтбаевқа елордада ескерткіш қойылмақшы. Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, қалаға биыл сегіз ескерткіш қою жоспарда бар екен.
«Нақты қай жерге қойылатыны туралы әзірге белгісіз. Бастысы, Махатма Ганди мен Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін қоятынымыз анық. Кез келген жерге ескерткіш орната салуға болмайды. Мәселен, Сәтбаевтың ескерткішін Қажымұқан мен Сәтбаев көшелері қиылысына қоюға болады», – дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін Үндістан елшісі елорда көшелерінің немесе мектептерінің біріне ескерткіш орнату, болмаса Ганди есімін беру туралы ұсыныс тастаған.
Алайда әлеуметтік желіде «Алматыда Ганди ескерткіші бар емес пе? Елордада тағы бір ескерткіш орнату қажет пе?» деген секілді пікірлер айтылып жатыр.
Гүл БЕКЗАТ