Байлаулы отырған видеосы желіге тарап кеткен 2 жасар бала ауруханаға түсті
Байлаулы отырған видеосы желіге тарап кеткен 2 жасар бала ауруханаға түсті
196
оқылды

Оның бауыры мен асқазан қызметі нашарлаған.

Отбасылық жанжал кезінде байланып, видеосы желіде пайда болған сарыағаштық екі жасар бала Келес аудандық ауруханасына түсті, – деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы адвокат Құрманғазы Мүсір Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады.

«Сарыағаш ауданындағы 2 жасар байланған баланың жағдайын біліп шықтым. Бала Келес аудандық ауруханасында Мальабсорция диагнозымен жатыр. Әкесі баланың түні бойы температурасы 39,5 °көтерілгенін айтты. Келес аудандық ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында толық медициналық тексеруден өткеннен кейін, балаға Мальабсорция диагнозы қойылғанын, баланың бауыры, асқазанының қызметі нашарлағанын айтты. Дәрігерлер баланы емдеу үшін барын салып жатыр. Қазір мен Сарыағаш аудандық прокуратурасына бара жатырмын. Осы фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау» бойынша тіркелген істен мені шеттетуге барын салып жатқан «кейбіреулердің» шағымын қарауға барамын.

P.S: Көрейік, олар дың қолынан не келетінін? Мен аяғына дейін күресемін» делінген жазбада

Айта кетсек, аузы матамен, қолы бинтпен оралып байланған баланың видеосы әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Осы фактіге қатысты 2020 жылдың 8 қаңтарында жергілікті тұрғын Сарыағаш АІІБ-на бұрынғы зайыбы 2017 жылы туған баласына қысым көрсетіп жатыр деген арыз түсірген.

Полиция бұл фактіні ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау» бойынша тіркеді.

Сотқа дейінгі тергеу барысында бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал әйелдің бұрынғы азаматтық күйеуі ұзақ уақыт бойы төлемеген алимент есебінен туындағаны анықталды. Олар 2014 жылдан 2018 жылға дейін азаматтық некеде болған. Екеуінің некесінен екі ортақ баласы бар.

Сол секілді видеода қарсылық көрсетіп, өзін біртүрлі ұстап, айқайлаған баланың анасы емес, ол әйелдің сіңлісі болып шықты. Сол секілді баланың шешесінің ақыл-есі дұрыс екендігі, ешқандай жерде есепте тұрмағанын полициядағылар хабарлаған.