«Агроөнеркәсіптік кешеннің іскерлік кеңесі» қауымдастығы Қазақстанның агробизнес саласының дамуын басқарудың ииновациялық желілік моделін ұсынып отыр.
Қауымдастық басшысы Арман Евниевтің айтуынша, ұсынылған басқару моделі – бұл бірлескен іс-қимылдардың нақты бағдарламасы. Мақсат – агроөнеркәсіптегі өнімділікті ең жоғары көрсеткішке жеткізу.
«Елімізде ауыл шаруашылығына маман дайындайтын үш жетекші университет бар. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қаласындағы оқу орындары. Біз осы университеттердің базасында өңіраралық жобалық кеңселер құру арқылы агроөнеркәсіптік кластерін дамытсақ дейміз. Біздің жобамыз, жұмыс істеу тәсілі барлығы ашық, айқын түрде жүзеге асады. Осы арқылы саладағы кәсіпкерлерді де, ғалымдарды да, студенттерді де бір арнаға тоғыстырып, ауыл шаруашылығындағы қордаланған мәселені бірлесіп шешуді ұсынып отырмыз. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын шешуге де көмегін береді», – деді Арман Евниев С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-де өткен басқосуда.
Іскерлік кеңес ұсынып отырған жобаны бірлесіп басқару kz2050.easyproject.com кросс-платформасында, кросс-функционалды жобалық топтар құру арқылы жүзеге асырылады.
«Дәл қазіргі сәтте агросектордағы үлкен мәселенің бірі – ортақ жүйенің жоқтығы. Басқа мемлекеттерде мал азығы, жер мәселесі, егін шаруашылығы, қаржыландыру барлығы бір жүйенің негізінде шешіледі. Бізде әр сала өз алдына, әркім өз проблемасымен күресіп жатыр. Олай болмауы керек. Қазақстанның агросекторында жұмыс істейтін жандардың проблемасы, жетістігі, идеясы барлығына ортақ, барлығына ашық, айқын болуы керек. Сонда ғана нақты проблеманың түпкі негізін анықтап, онымен күресе аламыз. Біздің Іскерлік кеңестің ұсынып отырғаны да осы», – деп атап өтті А.Евниев.