Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Ремизовка» зиратына жерленген адамдардың туыстары қала билігіне наразылығын білдірді. Олар өздерінің рұқсатынсыз зираттан 23 мүрденің «Кеңсай-2» зиратына көшірілгенін айтады.
Қаңтар айында алматылық 71 жастағы Хадим Закарин осы зиратта жерленген ата-анасының басына келген, алайда ол Ұлы Отан соғысының ардагері Хамит Мәмбетәлиев пен Гүлмаржан Закаринаның басына қойылған ескерткішін де, қоршауын да таппай дал болып қалады. Қария ұлдарына полицияға жүгінуді сұрайды. Олар марқұмдарды жақын туыстарының келісімінсіз қайта жерледі деп шағымданды. «Тергеу басталғанда зират Алматы әкімдігінің он жыл бұрынғы қаулысы негізінде жабылғанын білдік. Қаулыда белгісіз қалдықтарды қайта жерлеу туралы айтылған. Ата-анамның қабірлері белгісіз болғанына келіспеймін, себебі оларды туыстары күтіп-баптаған, қабірлерде тиісті жазулар болған. Бұл – ата-анамның ескерткішін қорлау», – дейді ашынған қария. Бұған дейін белгісіз біреулер Хадим Закариннен мүрделерді қайта жерлеуге келісім сұраған, ең сорақысы – ақшалай өтемақы ұсынған. Бірақ шағымданушы өтемақыдан бас тартқан. Закариндер отбасы Кеңсай-2 зиратына көшіріліп, бір қоршауда сегіз мүрдені қатар жерлеген орындар барын, бірақ сол сегіздің екеуі өздерінің ата-анасы екенін кім дәлелдеп береді деп күйінеді. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, «Ремизовка» зиратының тарихы 1930 жылдан басталады. Дегенмен бұл зираттың ешқандай құқықтық құжаттары жоқ. 2010 жылдың 27 қазанында санинспекторлардың қорытындысы негізінде зиратты жабу туралы қаулы шықты. Нақты қандай талаптың бұзылғаны жайлы хабарланбайды. Болжам бойынша, бұл оның айналасына тұрғын үй нысандарын салуға рұқсат етілуімен байланысты. Негізі, қаланың жоғары жағында, таудың етегінде орналасқан орынға көз тіккендер аз болмағанға ұқсайды. Әл-Фараби даңғылының бойында, Ремизовка елді мекеніне бұрылған жердің оң жағында элиталық ықшамаудандар мен бесжұлдызды қонақүйлер орналасса, ал сол жағында – небәрі жүздеген метр жерде Қысқы Азиада ойындарының алдында ғана бой көтерген трамплиндер бар. Алматы қалалық әкімдігі осы зиратта жерленген мүрделерді қайта жерлеу туралы 2010 жылы қаулы шығарған. «Алматы қаласының мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинатына» осы қаулыны орындау жөнінде тапсырма берілген. Сол кезде «Вечерний Алматы» газетіне «Ремизовка» зиратында жерленгендердің қалдықтарын қайта жерлеу туралы хабарландыру шыққан. Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, нәтижесінде қайтыс болған 16 адамның туыстары жауап беріп, олардың келісімімен денесі басқа зиратқа қайта жерленді. «Алматы қаласының мамандандырылған салттық қызмет комбинаты» ЖШС-ның 10 жылдық күту мерзімі аяқталғаннан кейін 2020 жылдың ақпан айында зиратты жабу жұмыстары аяқталып, 23 адамның сүйегін қайта жерлеу жұмыстары жүргізілген. Дін өкілі, ҚМДБ пәтуа бөлімінің жауапты қызметкері Нұрболат Дүйсебаевтың айтуынша, жерленген мәйітті жатқан жерінен қазып, басқа бір қабірге, басқа жерге көшіруге рұқсат етілмейді. Харам болып есептеледі. Егер мәйіт басқа біреудің жеріне жерленсе немесе сол жердің иесі мәйітті өз жерінен алып кетуді талап етсе, не болмаса қоғамға маңызды, қажетті құрылыс нысандары, жол салынатын болса және қабір су астында қалатын қауіп төнсе, сонымен қатар басқа дін өкілдерінің қабірлеріне жерленсе, ол жерден алып, басқа жерге көшіруге рұқсат етіледі. Қолда бар деректерге қарағанда, көне қорым орнында алдағы уақытта ешқандай құрылыс нысандары бой көтермейді. Жасыл желек егіп, саябақ жасау жоспары бар. Қазір Алматы қаласы мен шаһар маңында 41 зират бар. Оның 27-сі толған, яғни қайтыс болғандарды жерлейтін бос орын қалмаған. Боралдай зираты – 300 гектар жерді алып жатқан қаладағы ең үлкен зират. Жерлеу орындары өте үлкен аумақты алып жатыр. Жер тірілерге де аса қажет. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін елімізде салттық қызмет көрсететін жеке компаниялар пайда болды. Сондай-ақ олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Рас, өмір бар жерде өлім бар, дегенмен қазақ «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» дегенді неге айтты екен? Марқұм болған жанды ақтық сапарға аттандыру да сын. Жақынын жерлеу үшін жер алу, оны жөн-жоралғысымен шығарып салу да қып-қызыл ақша. Әсіресе, пандемия өршіген жаз айларында осы мәселе айқын сезілді. Жыл сайын елімізде шамамен 152 мың адам бақилық болады екен. Ал оларды жерлеу үшін 44,5 миллион доллар жұмсалады. Өкінішке қарай, елімізде жерлеу ісі жөнінде заң жоқ. Егер заң, белгілі бір жүйе болса, осындай маңызды саланы бақылау да оңай болар еді. Бұл мәселені депутаттар бірнеше рет көтерген, бірақ аяқсыз қалған. Жүйе, белгілі бір тәртіп болмағаннан кейін жерлеу рәсімі де, зираттарды күтіп-баптау жұмыстары да бақылауда деп айта алмаймыз. Сондықтан зираттардағы вандализм, бейберекетсіздік, тірілер қол жеткізе алмай отырған үйге бергісіз алып құрылыстардың байлардың қайтыс болған жақындарының басынан бой көтеруі, тіпті бүгін әңгіме етіп отырған жағдай да болып жатыр.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ