Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы қайғылы оқиға халықтың қабырғасын қайыстырып қана қоймай, сала мамандарының да етек-жеңін жинауға түрткі болғандай. Олай дейтініміз, құрылымдық мекемелер жылдап жүргізілмеген есеп-қисапты қолға алып, соңғы бес жылдың статистикасын түзіп тастады. Олардың сөзіне сүйенсек, бес жылдың бедерінде табиғи және техногендік сипаттағы 8 төтенше жағдай болған екен. Ал өрт оқиғалары былтырға қарағанда биыл 13 пайызға өсіп, адам шығыны 3,5 есе артқан.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, биыл 2 айдың өзінде төтенше жағдай саналатын 88 оқиға тіркелген екен. – Барлық оқиғаның 97 пайызы, яғни 86-ы өндірістік және тұрмыстық өрт болды. Былтырғы 2 айлық кезеңмен салыстырғанда өрт саны 13 пайызға өсіп, салдарынан 7 адам қаза болып, 3 адам жарақат алды. Сондай-ақ өлім көрсеткіші 3,5 есе, ал жарақат алғандар саны 3 есе артып отыр. Өрт шығуының басты себебі – тұрғындардың салғырттығы мен қауіпсіздікті сақтамау, – дейді М.Әкімбаев. Департамент тарапынан биыл осал топқа жататын 10 325 тұрғын үй есепке алынып, толық көлемді профилактикалық шара жүргізілген. Алайда аталған шараға қарамастан жылыту маусымының басынан бастап жеке тұрғын үй секторында 284 өрт тіркелген. 14 адам қаза болып, 2 адам жарақат алған. Сөйтіп, жылыту маусымында шыққан өрт 25 пайызға, ал қаза болған адамдар саны 3 есе өсіп отыр. Бұдан бөлек, жылыту маусымы кезінде улы газдан уланудан 3 адам көз жұмып, 34 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Осындай жан шошытарлық көрсеткіштен кейін, құрылымдық мекеме тұрғын үйлерге 826 автономды улы газ сезетін құрылғы мен 451 табиғи газ құрылғысын орнатқан. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдері аз қамтылған 65 жеке тұрғын үйдің жылыту пештерін жөндеу, 442 үйдегі мұржаларды тазалау және 42 тұрғын үйдің жарамсыз электр сымдарын ауыстыру жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете ала ма? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың пікірінше, аталған шаралар теңізге тамған тамшыдай екен. – Трансформаторларды қоршау, электр сымдарын ауыстыру бойынша тапсырмалар берген болатынмын. Өкінішке қарай, қоршаусыз жатқан трансформатор, салбырап тұрған электр сымдары көп. Датчиктер орнату бойынша үш жыл бұрын тапсырма берілген еді. Қазір 10 пайызына ғана орнатылған. Сонда қалғанына орнату үшін қанша жыл қажет? Әлде жұмыс жүргізу үшін міндетті түрде төтенше жағдай орын алуы керек пе? Үй өртеніп, газ баллоны жарылғанда жұмыс істейсіздер ме?,– дейді әкімдікте өткен жиында облыс басшысы. Әрине, мұндай сыннан сабақ шықса, құба-құп. Алайда өткен жылы жылыту маусымы басталған тұста-ақ Меркі ауданында бір отбасы түгелдей газдан уланып қалған болатын. Салдарынан анасы мен қызы көз жұмған. Сол тұста «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Сұлтанұлы 2020 жылдың басынан бері облыста 48 газдан улану фактісі тіркелгенін, одан 99 адам зардап шегіп, 7 азамат қаза тапқанын айтқан. Осындай қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін мамандар газ-техникалық инспекциясы құрылатынын жеткізген. Алайда бұл бастама айтылған жерінде қалған секілді. Тілсіз жау айтып келмейтіні түсінікті. Адамдар сақтықты ұмыта бастаған сыңайлы. Оған бір ғана облыстың өзінде екі айда 88 рет өрт шығып, 7 адамның қаза тапқаны дәлел.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы