Қытайда жүздеген адам тыныс алу жолдарына әсер ететін және адамнан адамға берілетін жаңа қауіпті вирусты жұқтырды. Ресми билік елде тоғыз адамның қайтыс болғанын растады, – деп хабарлайды Би-Би-Си.
Жаңа вирустың ошағы – Хубэй провинциясындағы Ухань қаласының 8,9 миллион тұрғыны бар. Әлем халқы Пекин немесе Шанхай туралы көп білуі мүмкін, бірақ ҚХР-дың Ухань қаласы әлемдегі көлік және экономикалық байланысы бар үлкен және маңызды шаһар. Лондоннан, Парижден, Дубайдан және басқа да көптеген қалаларға тікелей рейстер осы қаладан ұшады.
Қытай билігі азаматтарға көп жиналмауға және Уханға бармауға кеңес берді, сондай-ақ, ол қаладағы адамдар да ешқайда шықпауы тиіс.
«Бастысы – Уханға бармаңыз. Ондағы тұрғындар, мен сіздерді қаладан кетпеуге шақырамын», – деді ҚХР денсаулық сақтау жөніндегі комитеті бастығының орынбасары Ли Бин.
Биліктің мәліметінше, жаңа вирустың көзі теңіз өнімдері, құстар, жыландар, қоян және басқа да жануарларды сататын Уханьдағы базар. Тірі құс пен малды сатуға тыйым салынды, қаладағы ірі көлік тораптарында желдету жүйесі күшейтілді. Қаладан шыққан тұрғындар міндетті түрде температурасын өлшетуге тиісті болды.
«Біз бұл ауру жабайы табиғаттың саудасы орын алған базардан шыққанын білеміз. Мүмкін жануар вирустың қоздырғышы болған, содан кейін ол адамдарға берілсе керек», – деді Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Гао Фу.
Қазіргі уақытта вирусты жұқтырудың 440 жағдайы тіркелген, ол Қытайдың басқа провинцияларына да таралды, сонымен қатар АҚШ, Таиланд және Оңтүстік Кореяға еніп кетті.