Әйелдер басымдық еткен бизнес
Әйелдер басымдық еткен бизнес
391
оқылды

Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдерінің 43%-дан астамы – әйелдер. Осылайша, кейінгі екі жылда кәсіпкерлер арасында нәзік болмыс иелерінің саны күрт өсті. Әйтпесе, 2014-2018 жылдары үлесі 30%-ға әзер жететін. Егер осы қарқын сақталса, алдағы онжылдықта отандық бизнесте жүргендердің басым көпшілігі – әйелдер болмақ. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерліктің кейбір саласында әйелдер үстемдік етуде.

Үйдегі шаруаны ер мен әйел тең бөліссе...

Бұл жағдай халықаралық ұйым өкілдерін және сарапшыларды қуантып отыр. Бұл жерде мәселе тіпті гендерлік теңдікте немесе феминизмнің лоббиінде емес. «БҰҰ-әйелдер» құрылымының сарапшысы И.Конкевичтің ай­туынша, әлемдегі барлық елде жұмыс берушілер негізінен ер­лерге көбірек жалақы төлейді. Салдарынан жалғызбасты ана­ларға қиын: оларға балаларын асырау үшін бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тура келеді. «Қазақстандағы ахуал жақсы. Дегенмен мемлекет әйелдердің эко­номикаға көбірек әрі белсен­дірек қатысуына баса мән беруі керек. Сонда ерлер мен әйел­дердің жалақысы арасындағы айырма­шылық пен алшақтық жойылады. Мысалы, біз биліктегі биік лауа­зымдарда әйелдер санының кө­бей­мегенін көріп отырмыз. Сон­дықтан бизнестегі әйелдер саны­ның артқаны көңілге қуаныш ұя­ла­­та­ды. Егер олар бизнесте же­тіс­тік­ке жетсе, табысы да еселене­ді», – дейді Илейн Конкевич. Сонымен бірге оның байла­мын­ша, шағын және орта бизнесте ерлермен терезесі теңескенімен, нәзік жандылар ірі бизнесте тым аз ұсынылған: үлесі 20%-дан ас­пайды. Ол әйелдер қарасы басым са­лалар қатарында – білім беру қыз­­меттерін, жылжымайтын мү­лік, қо­нақүй бизнесін, тамақ өн­дірісін, көтерме және бөлшек сау­даны, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер сектор­ларын атады. Алайда аста-төк табыс эко­номиканың өзге сегментінің – мұ­най-газ, құрылыс, көлік, логистика және басқасының еншісінде. Бұл– негізінен ерлер жайлаған сектор. Сарапшы әйелдердің инженерия сияқты техникалық мамандықтарға көбірек бейімделгенін қалайды. Онда да табыс көлемі жоғары. Бірақ Кеңес кезінен бері негізінен техникалық салаларда – ауыр өн­діріс, дәнекерлеу ісі, метал­лургия, химиялық өнеркәсіп және өзге­сінде көптеген мамандықтарда әйел­­дердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Себебі бұл олардың бала туу қабілетіне залал келтіреді деп есептеледі. Қазақстандықтардың басын көбейту үшін мемлекет осы тәсілге барды. Оның үстіне Қазақстанда ер­лердің көбі жұбайының өзінен көп жалақы алуын жақтырмайды. Мұ­ны намыс санайды, өзіне деген құрметі жойылуы мүмкін. Ол ту­ралы білсе, жора-жолдастарының келемежіне қалуы ықтимал. Содан отбасы күйреп жатады. «Қазақстанда дәстүр бойынша ақысы төленбейтін қызмет, яғни үйдегі шаруа, тұрмысты ұйым­дас­тыру шаралары әйелдердің нә­зік иығына артылған. Бала күту, мекте­бі не балабақшасына апа­рып-әкету, тамақ әзірлеу, тауар, азық-түлік сатып алу және басқасы соған жүк­телген. Нәти­жесінде, әйелдердің біразы қо­сымша жұ­мыс іздей алмайды. Жұ­­мыстан ерте кетуге, жиі сұ­рануға мәжбүр. Сөйтіп, жұ­мыс беруші алдында қадірі тү­седі. Біз қазақстандық әйелдердің биз­несте табысты бол­ғанын қалай­мыз. Бұл үшін үйдегі жұмыстар отағасы мен отанасы арасында тең бөлінгені жөн. От­басы мү­шелерінің бәрі жұ­мыспен жүк­телгені жөн. Ана құ­мырсқадай күн-түн жүгіріп жүр­генде, әке сы­расын сораптап, ди­ванда шал­қая жатпағаны дұ­рыс», – дейді И. Конкевич ханым. Оның мәліметінше, ұқсас жұ­мыс атқаратын ерлер мен әйел­дер­дің жа­лақысы арасындағы айыр­ма­шы­лық орта есеппен 30-40%-ға жетеді.

Еңбекқор бизнесвумен елді асырайды

8 наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттің жан-жақты өркендеуі – көп жағдайда әйелдердің құқын қам­тамасыз етуге, оларға өз әлеуе­тін толық­қанды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға байланысты бола­тынын атап өтті. – Еңбекқорлығы, мақсаткерлігі арқасында, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде ша­ғын және орта бизнестегі әйел­дердің үлесі 43%-дан асты. Қа­зақстанда тіркелген жеке кәсіп­керлердің жартысынан астамы – әйелдер. Олардың бәрі ел дамуына белсене атсалысып жатыр. Әйел­дердің іскерлік белсенділігі ар­қа­сында 1 миллионнан астам аза­матымыз тұрақты жұмыспен қам­тылды, – деді Қ.Тоқаев. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаеваның мәліметінше, осы қор қолдаған жобалардың 51%-ы әйел кәсіпкерлігіне тиесілі. Соның аясында нәзік болмыс иелері жалпы сомасы 1,26 триллион теңгені игерді. әйелдер «Елімізде әйел кәсіпкерлігі дәс­түрлі түрде келесі салаларда шо­ғырланған: білім беру қыз­метіндегі үлесі – 68%, жылжы­майтын мүлік­пен операцияда – 60%, қонақүй, баспана ұсыну және тамақтандыру қызметінде – 58%. Елімізде кәсіп­керлікті қолдау және дамыту мем­лекеттік саясатын жүргізу бізге жүктелген. Осы орайда әйелдер кәсіпкерлігінің өңдеуші өнеркәсіп салаларына кең тарала бастағаныны қуантады. Ал «Даму» қорынан бизнесіне арзан несие алғысы ке­летін нәзік жандылардың орташа статистикалық бейнесіне тоқтал­сақ, әрбір екінші клиенттің 39-40 жастағы 67 миллион теңге орташа жылдық табысы бар, жыл сайын 3 миллион теңге салық төлейтін және шамамен 10 адамды жұ­­мыс­пен қамтып отырған әйел еке­нін көреміз», – деді Гауһар Бө­рібаева. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігі, аталған ұлттық ко­миссия және «Атамекен» пала­тасы арасында осы аптада бекітілген үшжақты меморандумға сәйкес, Қазақстанның барлық өңірінде әйел кәсіпкерлігін дамытатын 17 орталық құрылатын болды. Өз ісін ашқысы келетін нәзік жандылар үшін мар­кетингтік, оқыту және зерттеу бағ­дарламалары іске қо­сылмақ.

Пандемиядан бизнес көп зардап шекті

Жаһанды жайлаған алапат індет біраз бизнесті тұралатып кетті. Мы­­­салы, батысқазақстандық кә­сіпкер Әсия Д. бизнес жобасын аяғына дейін жеткізе алмай қа­лыпты. Оған 2016 жылы Бөрілі ау­данының әкімдігі 3 сотық жер бөледі. Жер телімінің құжаттары қолына тие сала, бизнесмен әйел ғимарат құрылысына кіріседі. «Өзім жалғызбасты анамын. Әрі І топ мүгедегімін. Әкімдік бер­ген жер учаскесінде сән сало­нын ашып, бизнесімді ілгерілетуге ниет­тімін. Ғимаратты тақырдан тұрғызып шықтым. Бірақ жобаны әрі қарай жүзеге асыруға қаржы қалмады. Нысанның іші-сыртын әрлеу, бе­зендіру, толық жабдықтау жұмыс­тарын жүргізіп, салон ай­наласын абаттандыруым керек. Мем­лекеттік грант не арзан кредит алайын десем, оның бірқатар шарт­тарына сәйкес келмейтін болып шықтым. Әкімдікке бірнеше рет өтінішпен жүгіндім, коммуникация желілерін – жарық, газ және суды жеткізіп беруін сұра­дым. Жауап жоқ», – дейді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және басқа да қоғамдық ұйымдар бір­лесіп, ауқымды зерттеу жүргізді. Оның аясында Қазақстандағы карантин шектеулерінің әйелдерге қаншалықты әсер еткені анық­талды. Зерттеу қорытындысында COVID-19 пандемиясының әйелдер бизнесіне де ықпал еткені белгілі болды. Отбасылардың табысы төмендеді, сәйкесінше үй шаруа­шылығындағы аналарға қолдағы аз «бюджетті» ұқсатып, ұтымды жұм­сап, тамақ пен өзге де қажеттілікке жеткізу міндеті жүктелді. «Пандемия тудырған дағдарыс ірі бизнеске қарағанда, шағын және орта бизнеске үлкен нұқсан келтірді. Өйткені ірі кәсіп­орын­дармен салыстырғанда, оның ай­налымдық қаражаты аз, үлкен күй­зелістерге төтеп беру қабілеті төмен. Ал әйел кәсіпкерлердің көбі шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатқаны белгілі. Зерттеу кезінде сұрау са­лынған кәсіпкердің көпшілігі – 69,2%-ы карантин ке­зінде төл бизнесінің қаржылық шығынға ұшырағанын хабарлады. Әйт­кен­мен, ерлерге қарағанда әйелдер бизнесі көбірек зиян шек­кен: әрбір төрт кәсіпкер әйел­дің үшеуі немесе 75,8%-ы шығынға оты­рыпты. Ерлер арасында бұл көр­сеткіш – 63,5%. Әйелдердің 41,9%-ы өз табысының көбін – 50%-дан астамын жоғалтқанын хабарлады. Ерлер арасында мұн­дайлар аз – 31,2%», – дейді Қазақ­стандағы «БҰҰ-әйелдер» құры­лымының бағдарламалар менед­жері Дина Амришева. Сондай-ақ зерттеу көрсет­кен­дей, COVID-19 пандемиясы ке­зінде дәстүрлі түрде әйелдер жұ­мыс істейтін сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты эко­номика секторлары көбірек зардап шеккен.

Елдос СЕНБАЙ