Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдерінің 43%-дан астамы – әйелдер. Осылайша, кейінгі екі жылда кәсіпкерлер арасында нәзік болмыс иелерінің саны күрт өсті. Әйтпесе, 2014-2018 жылдары үлесі 30%-ға әзер жететін. Егер осы қарқын сақталса, алдағы онжылдықта отандық бизнесте жүргендердің басым көпшілігі – әйелдер болмақ. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерліктің кейбір саласында әйелдер үстемдік етуде.
Үйдегі шаруаны ер мен әйел тең бөліссе...
Бұл жағдай халықаралық ұйым өкілдерін және сарапшыларды қуантып отыр. Бұл жерде мәселе тіпті гендерлік теңдікте немесе феминизмнің лоббиінде емес. «БҰҰ-әйелдер» құрылымының сарапшысы И.Конкевичтің айтуынша, әлемдегі барлық елде жұмыс берушілер негізінен ерлерге көбірек жалақы төлейді. Салдарынан жалғызбасты аналарға қиын: оларға балаларын асырау үшін бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тура келеді. «Қазақстандағы ахуал жақсы. Дегенмен мемлекет әйелдердің экономикаға көбірек әрі белсендірек қатысуына баса мән беруі керек. Сонда ерлер мен әйелдердің жалақысы арасындағы айырмашылық пен алшақтық жойылады. Мысалы, біз биліктегі биік лауазымдарда әйелдер санының көбеймегенін көріп отырмыз. Сондықтан бизнестегі әйелдер санының артқаны көңілге қуаныш ұялатады. Егер олар бизнесте жетістікке жетсе, табысы да еселенеді», – дейді Илейн Конкевич. Сонымен бірге оның байламынша, шағын және орта бизнесте ерлермен терезесі теңескенімен, нәзік жандылар ірі бизнесте тым аз ұсынылған: үлесі 20%-дан аспайды. Ол әйелдер қарасы басым салалар қатарында – білім беру қызметтерін, жылжымайтын мүлік, қонақүй бизнесін, тамақ өндірісін, көтерме және бөлшек сауданы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер секторларын атады. Алайда аста-төк табыс экономиканың өзге сегментінің – мұнай-газ, құрылыс, көлік, логистика және басқасының еншісінде. Бұл– негізінен ерлер жайлаған сектор. Сарапшы әйелдердің инженерия сияқты техникалық мамандықтарға көбірек бейімделгенін қалайды. Онда да табыс көлемі жоғары. Бірақ Кеңес кезінен бері негізінен техникалық салаларда – ауыр өндіріс, дәнекерлеу ісі, металлургия, химиялық өнеркәсіп және өзгесінде көптеген мамандықтарда әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Себебі бұл олардың бала туу қабілетіне залал келтіреді деп есептеледі. Қазақстандықтардың басын көбейту үшін мемлекет осы тәсілге барды. Оның үстіне Қазақстанда ерлердің көбі жұбайының өзінен көп жалақы алуын жақтырмайды. Мұны намыс санайды, өзіне деген құрметі жойылуы мүмкін. Ол туралы білсе, жора-жолдастарының келемежіне қалуы ықтимал. Содан отбасы күйреп жатады. «Қазақстанда дәстүр бойынша ақысы төленбейтін қызмет, яғни үйдегі шаруа, тұрмысты ұйымдастыру шаралары әйелдердің нәзік иығына артылған. Бала күту, мектебі не балабақшасына апарып-әкету, тамақ әзірлеу, тауар, азық-түлік сатып алу және басқасы соған жүктелген. Нәтижесінде, әйелдердің біразы қосымша жұмыс іздей алмайды. Жұмыстан ерте кетуге, жиі сұрануға мәжбүр. Сөйтіп, жұмыс беруші алдында қадірі түседі. Біз қазақстандық әйелдердің бизнесте табысты болғанын қалаймыз. Бұл үшін үйдегі жұмыстар отағасы мен отанасы арасында тең бөлінгені жөн. Отбасы мүшелерінің бәрі жұмыспен жүктелгені жөн. Ана құмырсқадай күн-түн жүгіріп жүргенде, әке сырасын сораптап, диванда шалқая жатпағаны дұрыс», – дейді И. Конкевич ханым. Оның мәліметінше, ұқсас жұмыс атқаратын ерлер мен әйелдердің жалақысы арасындағы айырмашылық орта есеппен 30-40%-ға жетеді.Еңбекқор бизнесвумен елді асырайды
8 наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің жан-жақты өркендеуі – көп жағдайда әйелдердің құқын қамтамасыз етуге, оларға өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға байланысты болатынын атап өтті. – Еңбекқорлығы, мақсаткерлігі арқасында, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 43%-дан асты. Қазақстанда тіркелген жеке кәсіпкерлердің жартысынан астамы – әйелдер. Олардың бәрі ел дамуына белсене атсалысып жатыр. Әйелдердің іскерлік белсенділігі арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Қ.Тоқаев. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаеваның мәліметінше, осы қор қолдаған жобалардың 51%-ы әйел кәсіпкерлігіне тиесілі. Соның аясында нәзік болмыс иелері жалпы сомасы 1,26 триллион теңгені игерді. «Елімізде әйел кәсіпкерлігі дәстүрлі түрде келесі салаларда шоғырланған: білім беру қызметіндегі үлесі – 68%, жылжымайтын мүлікпен операцияда – 60%, қонақүй, баспана ұсыну және тамақтандыру қызметінде – 58%. Елімізде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мемлекеттік саясатын жүргізу бізге жүктелген. Осы орайда әйелдер кәсіпкерлігінің өңдеуші өнеркәсіп салаларына кең тарала бастағаныны қуантады. Ал «Даму» қорынан бизнесіне арзан несие алғысы келетін нәзік жандылардың орташа статистикалық бейнесіне тоқталсақ, әрбір екінші клиенттің 39-40 жастағы 67 миллион теңге орташа жылдық табысы бар, жыл сайын 3 миллион теңге салық төлейтін және шамамен 10 адамды жұмыспен қамтып отырған әйел екенін көреміз», – деді Гауһар Бөрібаева. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігі, аталған ұлттық комиссия және «Атамекен» палатасы арасында осы аптада бекітілген үшжақты меморандумға сәйкес, Қазақстанның барлық өңірінде әйел кәсіпкерлігін дамытатын 17 орталық құрылатын болды. Өз ісін ашқысы келетін нәзік жандылар үшін маркетингтік, оқыту және зерттеу бағдарламалары іске қосылмақ.Пандемиядан бизнес көп зардап шекті
Жаһанды жайлаған алапат індет біраз бизнесті тұралатып кетті. Мысалы, батысқазақстандық кәсіпкер Әсия Д. бизнес жобасын аяғына дейін жеткізе алмай қалыпты. Оған 2016 жылы Бөрілі ауданының әкімдігі 3 сотық жер бөледі. Жер телімінің құжаттары қолына тие сала, бизнесмен әйел ғимарат құрылысына кіріседі. «Өзім жалғызбасты анамын. Әрі І топ мүгедегімін. Әкімдік берген жер учаскесінде сән салонын ашып, бизнесімді ілгерілетуге ниеттімін. Ғимаратты тақырдан тұрғызып шықтым. Бірақ жобаны әрі қарай жүзеге асыруға қаржы қалмады. Нысанның іші-сыртын әрлеу, безендіру, толық жабдықтау жұмыстарын жүргізіп, салон айналасын абаттандыруым керек. Мемлекеттік грант не арзан кредит алайын десем, оның бірқатар шарттарына сәйкес келмейтін болып шықтым. Әкімдікке бірнеше рет өтінішпен жүгіндім, коммуникация желілерін – жарық, газ және суды жеткізіп беруін сұрадым. Жауап жоқ», – дейді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және басқа да қоғамдық ұйымдар бірлесіп, ауқымды зерттеу жүргізді. Оның аясында Қазақстандағы карантин шектеулерінің әйелдерге қаншалықты әсер еткені анықталды. Зерттеу қорытындысында COVID-19 пандемиясының әйелдер бизнесіне де ықпал еткені белгілі болды. Отбасылардың табысы төмендеді, сәйкесінше үй шаруашылығындағы аналарға қолдағы аз «бюджетті» ұқсатып, ұтымды жұмсап, тамақ пен өзге де қажеттілікке жеткізу міндеті жүктелді. «Пандемия тудырған дағдарыс ірі бизнеске қарағанда, шағын және орта бизнеске үлкен нұқсан келтірді. Өйткені ірі кәсіпорындармен салыстырғанда, оның айналымдық қаражаты аз, үлкен күйзелістерге төтеп беру қабілеті төмен. Ал әйел кәсіпкерлердің көбі шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатқаны белгілі. Зерттеу кезінде сұрау салынған кәсіпкердің көпшілігі – 69,2%-ы карантин кезінде төл бизнесінің қаржылық шығынға ұшырағанын хабарлады. Әйткенмен, ерлерге қарағанда әйелдер бизнесі көбірек зиян шеккен: әрбір төрт кәсіпкер әйелдің үшеуі немесе 75,8%-ы шығынға отырыпты. Ерлер арасында бұл көрсеткіш – 63,5%. Әйелдердің 41,9%-ы өз табысының көбін – 50%-дан астамын жоғалтқанын хабарлады. Ерлер арасында мұндайлар аз – 31,2%», – дейді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының бағдарламалар менеджері Дина Амришева. Сондай-ақ зерттеу көрсеткендей, COVID-19 пандемиясы кезінде дәстүрлі түрде әйелдер жұмыс істейтін сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты экономика секторлары көбірек зардап шеккен.Елдос СЕНБАЙ