Жалпы, әйелдер қауымы болмысы бөлек, ерекше жаратылыс екеніне ешкімнің де күмәні болмас. Әйтсе де, олар осы нәзіктігіне қарамастан елі, қоғамы, отбасы үшін барша ауыр жүкті көтеруге дайын. Тіпті, ерлердің өзі қиынсынатын істерді атқарып жатқандары жетерлік. Әйелдер мейрамы қарсаңында біз сіздерге сол секілді қиын жұмысты еңсеріп келген жандар жайлы айтпақпыз.
Жол салған әйел
Ерлерге тән ауыр жұмысты қиынсынбай атқарып, қазір еңбек ардагері атанған әйелдер арасында Алматының құрметті азаматы Светлана Қуанованың орны бөлек. Бүгінде 70 жастан асқан әжеміз жол құрылысы саласында 30 жыл еңбек етіпті. Ол ең алғаш рет жол құрылысшысы шебері қызметінде 15 жыл істеген. Одан соң учаске басшысы боп тағайындалған. Орал–Атырау арасындағы тасжолдан 62 шақырым жол салған бригададағы жалғыз шебер әйел болыпты. Бригадасы небәрі 4 жылда эксплуатациялық пункт ашқан. Содан соң республикалық маңызы бар Орал – Атырау тасжолын қалауға еңбек сіңірген. 2019 жылы 70 жастағы әжейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Еңбек ері» арнайы медалімен марапаттаған. «Осы күнге дейін еңбегімді бағалап жатқандарға разымын. Қысы-жазы, суықта да, аптапта да жол салдық. Бұл жұмысқа кез келген ер адамның өзі шыдай бермейді. Бастаған ісімді соңына дейін аяқтайтын қайсарлығымның арқасында ғана қалдым. Қасымда жұмыс істеген грейдерист, жүргізуші, тракторшы әріптестерімнің де еңбегі мол», – дейді Светлана Қуанова.Теміржолда еңбек еткен
Теміржол жолаушыларының діттеген стансаға аман-есен жетуі тек машинистердің еңбегіне ғана байланысты емес. Ақпанның сықырлаған аязында, жаздың аптап ыстығында теміржол вагондары мен құрамдарын тексеріп жүретін ерекше мамандық иелері бар. Оларды вагон қараушылар деп атайды. 59 жастағы Әлима Беласарованың теміржол саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына биыл 38 жылдан асты. Ол жас шағында теміржолшылардың отбасына келін болып түсті. Ата-енесі де елімізге танылған, еңбегі сіңген жол қараушылар. 59 жастан асқан отанасы үйінде 6 бала тәрбиелеп өсіріпті. Тұңғышы 40 жастың қырқасына келген. Ол теміржол саласында «Қазақстан темір жолы», «Жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау бөлімшесінде вагон қараушысы болып жұмыс істеген. «Пойыз вагондары келгенде алдынан шығып күтіп алып, көзбен қарау деген бар. Тоқтайтын пойыз болса, күтіп алып, айналып темір доңғалағын балғамен ұрып шығамын. Қайта-қайта шаңқ еткізіп ұрамыз. Егер жарық болса, шаң еткен дыбыс шықпайды, тық ете қалады. Вагонның букс деген бөлшек тұсы бар. Дөңгелекті айналдырып тұратын жер. Оның төменгі жағын балғамен ұрамыз. Бәрі дұрыс болса, бір ғана дыбыс шығады. Ал екі дыбыс шықса, бұзылып келеді дегенін аңғартады. Ішінің бәрі шашылып келе жатыр деп пайымдаймыз. Содан соң тежегішті тексереміз, тежегішті басқанда дөңгелек айналмаса, тежегіш ұстап келе жатыр деген сөз. Бірақ айналып тұрса, орнына келтіріп, жөндеп жібереміз», – деді Әлима Беласарова. Алпысты алқымдап қалған ана пойыз тоқтаған уақытта 15-30 минут ішінде қолына балғасын алып, темір вагондарды аралап кетеді. Көпке еш маңызы жоқ жұмыс көрінгенімен, бұл өте жауапты әрі ширақтықты қажет ететін сала екен. – Тез қимылдау керек. Жолға кететіндерге минимум жарты сағат немесе 1 сағатқа дейін үлгеріп, қарап жіберуіміз керек. Шама келгенше тоқтайтын 10-15 минут ішінде барлық вагонды тексеріп үлгеруге тырысамыз», – дейді ол. Әлиманың қырағылығының арқасында Өзен стансасында апаттың алдын алған кездер де болыпты. Осының өзі бұл жұмыстың ауыртпалығын сездірсе қажет. «Бір рет жолаушылар пойызын апаттан сақтап қалдық. Мен ол кезде Өзен стансасында істеп жүргенмін. Бір пойызда екі дөңгелекті ұстап тұратын бүйірдегі рамасы істен кеткенін аңғардым. Ол жарық болса, апат болатыны шүбәсіз. Сол жарықты тез аңғара сала вагонды алып қалдық. Жөндеп, қаңқасын ауыстырдық», – дейді.Әлиманың жолдасы Қабыл Мантақов та теміржол саласында қызмет істеген. Көзінің көру қабілеті нашарлап, денсаулығына байланысты 35 жасында 1 топ мүгедегі болған. Содан бері отбасының тауқыметін ер мен әйелдің орнына Әлима Беласарованың өзі көтеріп келеді. «6 бала туғаным үшін «Күміс алқа» берді. Артық ештеме сұрамаймын. Бала кезімнен ер бала тәрізді өстім. Мүсіркеп, әңгіме айтатын адам емеспін. Еш уақытта өтірік айтпауға совет-герман соғысының ардагері болған әкем тәрбиеледі. Әкем үкімет берген үйден де бас тартқан. «Үй алу үшін Отанымды қорғауға аттанбадым» депті. Сол мінез, қайсарлық маған да жұққан шығар», – дейді Әлима Беласарова.
Түйіндей келгенде бір айтпағымыз – осы күні өз жұмысын ауырсынып, шағым айтатын жандардың қарасы көп. Сол себепті ауыр жұмысты ер-азаматтармен бірдей атқарып жүрген аналарға таңғалмасымызға шара жоқ. Осы кезде әйелдердің құдіретіне тамсанып, ақын Жүрсін Ерманның «Әлемнің мәні – әйелде» деп басталатын жырын оқығыңыз-ақ келеді екен.Мадияр ТӨЛЕУ