Жүз екінші көктем
Жүз екінші көктем
180
оқылды

Өмірінің жүз екінші көк­те­мін қарсы алып отырған тыл және еңбек ардагері Бәти Аман­баева анамыз биыл да ақ кимешегін киіп, ана­лар ме­рекесін елмен бірге қарсы алу­ға әзір­леніп жатыр.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Еңбек ауылында тұратын Бәти әжеміз әлі күнге тың, қи­мы­лы ширақ. Бүгінде екі ғасыр бе­ле­сін бағындырып отырғаны да сол – өзіне тән өмір сүру дағдысын қа­­лыптастырғанынан болса ке­рек. Бұл жерде «өзіне тән өмір сүру дағдысы» деп отырғанымыз, асты талғап ішіп, арнайы бір ереже ұстану емес, күні-түні ты­ным­сыз еңбек, одан кейін табиғат берген табанды мінезімен талай қиындықты белден басып өткен батылдығы. Иә, расында, ол кісінің тағдыр жолы тауқыметке толы. Сонау 1919 жылы Жаңадария ауылында дүниеге келген ол алты жасында ата-анасынан айы­рылып, бауыры екеуі Аламесек аудандық жетімдер үйінде өсті. Бұл оның алғашқы көрген қиын­дығы еді. Жетіжылдық мектепті бітірген соң «Қызыл октябрь» колхозындағы апасының қолына барып, колхоз жұмысына ара­ласады. Таңның атысы, күннің батысы, дала жұмысында жүріп, шаруашылықтың жайын біліп, ширығып, шыңдала түсті. 19 жасында осы ауылдың Болтай есімді жігітіне тұрмысқа шығады. Шаңырақ көтергендеріне төрт жыл өткенде, яғни 1942 жылы жолдасы Болтай Аманбаев со­ғысқа аттанып кете барды. Қо­лында кәрі енесі, құндақтаулы баласымен қала берді. Қайт­кенмен күнкөріс керек. Белін бекем буып, колхоз жұмысына қызу кірісіп кетті. Бас көтерер ер-азаматтар түгел майданда, амал жоқ елдегі шаруаның тізгінін әйелдер ұстап қалды. Күнделікті қарбаласып жатқан тірлік, ауыр, жеңіл деп таңдайтыны жоқ. Басқарма қандай  жұмыс тапсырады, соны атқаруың керек. Сол уақытта ауылдағы жас келіншектер ер-азаматтардың орнында небір ауыр жұмыстарда жүрсе де, олардан кем түспейтін күш-қайрат көр­сетті. Жігерлі жас келіншек Бәти де техника тілін үйреніп, тракторға отырды. Жер жыртып, егін екті.  Осы күнгі  «Шіркейлі» каналын қазуға атсалысты. Күн батқанша дала жұмысында, ал түнімен  со­ғыстағы азаматтарға шұлық, қол­ғап тоқып жібереді. Ұйқысыз, күлкісіз өмір өтіп жатты... Көптен күткен жеңіс те келді. 1945 жылы ауылдан аттанған азамат­тардың аман оралғаны некен-саяқ, жаралы, мүгедек күйінде келіп,  отбасымен қауышып жатты. Ал мұның жары Болтайдан еш хабар-ошар жоқ, аман екені, иә мерт болғаны белгісіз. Көңіл күпті, әйтсе де бір жақсылықтан үмітін үзбейді. Осылайша, арада жыл өткенде  құдай қосқан жары соғыстан аман-есен оралды. Кеш оралған себебі, соғыстан кейін көмілген миналарды аршу жұ­мысында бол­ған екен. Бұл – асқан ептілік пен сақтықты талап ететін шаруа, де­ген­мен Болтай атамыз өзіне ар­тылған міндетті мүлтіксіз орын­дап, елге оралады. Ауылға келген соң әдеттегі шаруашылық жұмыс­тарына араласып, еңсесі түскен елдің тұрмысын түзеуге еңбек етті. – Әкесі соғысқа аттанғанда екі жасар қалған тұңғыш перзентіміз Қуанышбай ол оралғанда алты жасқа толған еді.  Екеуміз бірдей колхоз жұмысында жүрдік. Бұ­йыр­ған асты іштік, табылған киімді кидік. Ел қатарлы қиын-қыс­тау күндерді бастан кешіп,  қуанышымызды бірге бөлістік. Өмірге жеті бала  әкелдік. Солар­дың тілеуін тілеп, Алланың берген жасын жасап отырмыз. Балаларым мен келіндеріме ризамын. Кешегі көрген бейнетімнің бүгінде зей­нетін көрдім, осыған шүкір, – дей­ді әжей. Ежелде қариялар «Неше бала­ңыз бар?» деген сұраққа «Құдайға шүкір, бар ғой, менікі емес, Алла­нікі» деп санын атамай жауап бер­ген екен. Бәти әжеміз де әдет-ғұрпымызға, ырым-тыйымымыз­ға сай бала санын айтқанды аса құптай қоймайды. Бүгінде шүкір, абыз анамыз балаларынан немере, шөбере сүйіп, шөпшек қолынан су ішіп отыр. Тұңғыш перзенті Қуанышбай ағамыздың жары Айымторы апамыз да бүгінде жасы 70-тен асты. Десек те, әлі күнге енесінің қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отырады.  Осы күні өзі де  келін жұмсап, немере сүйіп отыр. Сонда да  енесінің алдындағы келіндік міндетінен танбайды. – Кейуана соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы саласында тынбай тер төкті. Бүгінде ұлттық салт-дәстүрді кейінгі толқынға насихаттап келеді. Бәти әжей көп жыл иірген ұршығын аманат етіп маған берді. Жалағаш ауданын­дағы ең алғашқы әйел механи­затор-тракторшы болған қарт қазір немере қызығын көріп, шө­бере қолынан су ішіп отыр. Өзінен өрбіген ұл-қызы мен келіндері де тағылымды жолды жалғастырып келеді, – дейді көршісі Рахия Жұбатқанова. Ауыл арасындағы тойдың төрінде отырып, тебірене батасын беретін Бәти әжеміздің бітім-болмысы адам баласына тән ерекше бір қажыр-қайраттың үлгісіндей көрінеді.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы