Былтырғы наурызда елімізде өмір салтымыздың жаңаша сипатына айналған карантин шектеулері басталған болатын. 13 наурыз күні Германиядан ұшып келген 14 адам коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен карантинге жатқызылса,16 наурыз күні Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланды. Сол кезден бері елімізде 219 325 адам коронавируспен ауырған болса, 202 694 адам жазылып, 2 819 адам қайтыс болды.
Тізбек үзілсе, хронология түзілмейді
Коронавирустың әлем елдерінде бірінші кезекте денсаулық сақтау саласына үлкен салмақ түсіргені белгілі. Оның біздің еліміздегі хронологиясы 16 наурыздағы төтенше жағдайдан басталады. Қазақстандықтардың тура екі ай бойы төрт қабырғада қамалып отырғаны естен кеткен жоқ. Бетперде өміріміздің ажырамас серігіне айналды. Бұл екі ай өз жемісін берді де. Ауру таралуының алдын алу мүмкін екеніне көз жетті. Әйтсе де, экономикалық жағдайды құлдыратып алмауды ескерген билік 11 мамырда қатаң шараларды біртіндеп босаңсыта бастады. Бұл шара індеттің маусым-шілде айларында қайта өршіп кетуіне алып келді. Соған сәйкес, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында бір жарым айға, яғни толықтай 3 инкубациялық цикл мерзімге шектеу шаралары күшейтілді. Бұл тізбекті тағы да үзіп, республикадағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Енді бүгінде еліміз бұрынғы қалыпқа қайта оралу кезеңіне қадам басқан секілді. «2020 жылы жаңа талаптарға сәйкес, медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульді аурухана салынды және 3 жұқпалы аурулар ауруханасы реконструкциядан өтті. Оған қосымша 63 амбулаторлық-емханалық нысан пайдалануға берілді. Ауру асқынған шақтарда 52 мың төсек-орынға дейін іске қосылып, соған сай COVID-19-бен күреске 50 мыңдай маман жұмылдырылды. 64 оттегі стансасы іске қосылып, медициналық ұйымдардың қажеттілігі 3 264 дана жасанды дем алдыру аппаратымен толықтай қамтамасыз етілді», – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов. Эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетіліп, 3 тәуекел тобы бойынша жалпы сомасы 116 млрд теңге үстемеақы төленген. Замана зауалымен күресте 9 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырған екен. Оларға үстемеақыдан бөлек, әлеуметтік төлемдер берілді. Жалпы, 2020 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген инвестиция көлемі артып, 302,5 млрд теңгені құраған. Бұл 2019 жылғы 124,6 млрд теңгеден 2,5 есе артық.Ұжымдық жауапкершілік ақсаған қоғам
Әлемді жайлаған індет біздің қоғамда ұжымдық жауапкершіліктің нашар екенін көрсетіп кетті. Яғни, ол әлі де қалыптасу үстінде. Тәжтажалдан сақтанайық деп сонау наурыз айынан-ақ қанша ескертілсе де, бір адамдай карантин талабын сақтаған ешкім болмады. Пандемияны жаһандық конспирологияға балағандар мүлдем сенбесе, енді бірі жартылай сенді. Ал толық сенгендердің арасында да оған үстірт қарағандар кездесті. Осының бәрі қосыла келгенде мемлекет тарапынан қанша қатаң талаптар қолға алынса да, ол тек уақытша ғана жемісін берді. Төтенше жағдай түріндегі карантин шектеулері эпидемия басталған наурыз-сәуір айларында аурудың қатты белең алып кетуіне тосқауыл болуға біраз әсер етті, нәтижесі едәуір байқалды. Бірақ жоғарыда айтқандай, ұжымдық жауапкершілік факторы қалай болғанда да екінші толқынның басталып кетуіне себеп болды. Бұл біздің қоғамда осындай бір жаңаша көзқарасты қалыптастыру керек екенін аңғартады. Себебі ұжымдық жауапкершілік – тәртіп пен бірліктің алғышарты болмақ. «Төтенше жағдай бітіп, локдаун басталған мамыр айында естеріңізде болса, эпидемия асқынды да, белгілі бір кезеңде ауырып жатқан адамдар проблемамен бетпе-бет өздері қалып қойды. Дәрігер шақырса қолдары босамағандықтан келмеді, өздері барса ауруханаларда орын жоқ деп қабылдамады, дәріханаларда дәрі жоқ, тест сынамаларының саны аз, адамдардың бәріне бірдей жетпеді деген секілді. Бұрын мемлекет ескерткен, көмектескен кезде адамдардың көпшілігі карантин талабына атүсті қараған болатын. Енді «таяқтың екі ұшы бар» демекші, геометриялық прогрессиямен тараған ауру қоғамға жайылып кетті. Осылайша, ұжымдық жауапкершілік толық сақталмағандықтан – салмақ қоғамның өзіне түсті. Ол науқас үшін бірінші кезекте психологиялық ауыр соққы болса, екінші кезекте қаржылық қиындық тудырды. Өйткені тесттен өтудің өзі ақылы, дәрілерді де өзің сатып аласың. Отбасына жұқтырмау үшін бөлек үй жалдап кетіп жатқандар да болды. Ал бастапқы кезеңде мемлекет өзі ақысыз тексеріп, өзі емдеп, арнайы модульдер салуға ықпал етіп, кешенді шаралар қабылдаған еді. Бұл енді біздің азаматтарға сабақ болуы керек деп ойлаймын», – дейді қоғам бесендісі Әсет Сыздықов. Бүгінге дейін жалғасып келе жатқан коронавирус індеті қанша локдаун, қанша толқын, қанша түрлі-түсті аймаққа бөлінсе де, оның үдеуін алғашқы тоғыз айда мемлекет тек ізінен ере отырып қана тоқтата алды деуге болады. Бұл мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласында да, қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша да жандандыра түсер тұстар өте көп екенін аңғартады. Ал «тас түскен жеріне ауыр» демекші, медициналық мамани ресурстардың орасан зор қажуы байқалса да індетке қарсы тұра білген медицина қызметкерлеріне бас иіп, алғыс айту керек!Жыртқыш нарық – жем болған халық
Әлемдік індеттің көптеген проблеманың өзекті тұсын жалаңаштап кеткені рас. Соның бірінде карантин басталғанда дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезіліп, бетперде бағасы аспандап кеткен болатын. Әдетте, 20 теңгеден сатылатын бетперденің бағасы 120 теңгеге бір-ақ шыққаны көп жерде сынға ұшырап жатты. Осылайша, бұған дейін ауық-ауық азуын көрсетіп жүрген баға, біздің нарықтың жыртқыш екенін ақтық рет дәлелдеп берді. «Мына коронавирус халықты әбден әлекке салды. Дәріханалардың алды кезекке толы. Дәрі-дәрмектерді былай қойғанда, бетперде жоқ. Халықта үрей басым. Сондықтан олар тірі қалудың жағдайын жасау үшін кез келген қадамға дайын. Егер ертең жағдай одан сайын асқынып кететін болса, дәрі тұрмақ, тамақ таппай қаламыз деген қорқыныш бар. Сондықтан супермаркеттерде үлкен дүрлігіс болып жатыр. Сөрелердегі бар азық-түлікті дымын қалдырмай сипап кетуде. Ауруханалардағы жағдай да мақтанарлық емес. Дәрігерлер де абдырап қалып жатыр. Науқастардың көпшілігі не істерін білмей дал. Менің ойымша, мемлекет бұл жағдайға дайын емес сияқты. Ал тапшылықтың да, қымбатшылықтың да зардабын тартып жатқан халық» деген еді сол кезде дәріханаларда кезекте тұрған астаналық тұрғынның бірі Айгүл Саламатқызы. Астаналық тұрғынның сөзінің жаны бар. Әлемдік пандемия алғашқы айларда қоғам өміріне өте қатты соққы болып тигенін жоққа шығаруға болмас. Шындығын айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылында халық алғаш рет абдырап қалды. Төтенше жағдайдың не екенін сезінді. Тек халық емес, мемлекеттік қызметтер де шынын айтқанда мұндай төтенше жағдайға дайын болмай шықты. Бірақ әлемнің кейбір елдерімен салыстырғанда біраз жақсы деп бағалауға болады. Сонда да болса, өміріміз мұлдем басқа арнаға ауысып кетті. Оқшаулану тәртібі, әлеуметтік арақашықтық, онлайн режим, эпидемиялық менталитет деген сынды жаңа ұғым пайда болды. Адамдар денсаулықтың қадірін түсіне бастады. Енді оффлайн өмірге қайта оралғанда да коронавирус үрейінің әлі ұзақ жылдар санамызда қалып қояры анық.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ