Қарағанды қаласында екі аудан бар. Бірі – Қазыбек бидің атын алса, екіншісі – Октябрь ауданы. Осы ауданды Алаш арысы Әлихан Бөкейханның атына ауыстыру жайлы ақпарат бір ай бұрын шықты. Ал кеше қоғамдық талқылау өтті.
Жергілікті әкімдік халықтық тыңдалымды эпидемиялық жағдайға байланысты, бір жерде көп шоғырланбауын ескере отырып, қаланың 15 нысанында өткізді. Октябрь ауданы Қарағандының құрамындағы әкімшілік-аумақтық бөлік деп саналады. Халық саны 250 мыңға жуықтайды (2018 жылғы есеп бойынша). Аудан 1938 жылы құрылған. 1961 жылға дейін Сталин ауданы деп аталып келген. Оған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы сөз айтылып келе жатқанына да 10 жылға жуықтады. Ол уақытта бұл ұсынысты ғалым Нұрлан Дулатбеков айтқан болатын. Жергілікті халық, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері бұл мәселені жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде көтеріп келе жатыр. Оны өзгертуге бастамашыл топтар мен оларды қолдаған жергілікті халықтың ғана ниеті болмаса, биліктілер тарапынан кейде құрғақ уәде, кейде қызыл сөз, кейде мардымды жауап та болмай келген еді. «Ақжолтайлап» сүйіншілеткен хабарды естіген халықтың қарасы қалың. Жиынға 685 адам қатысты. Өз ойларын ортаға салғандар «Әлихандай ұлы тұлғаны ұлықтасақ, ұтылмаймыз» деп тарасты. Қарағанды қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов: «Қоғамдық талқылауға келген халық Октябрь ауданының Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атына өзгертуді 100 пайыз қолдады», – деді. Айта кету керек, Қазақстанда 2021 жылғы 1 мамырдан бастап ауыл, аудан, көше аттарын ауыстыруға тыйым салатын мораторий күшіне енеді. Мораторий 31 желтоқсанға дейін созылмақ. Сондықтан аудан атауы ауысса, онда әкімдік құжаттарды 1 мамырға дейін реттеп үлгеруі керек...Қарағандылық үлгі
Кеншілер қаласы атанған Қарағандыда қоғамдық тыңдау өткізу бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 2020 жылы да осылай Қарағанды қаласында өткен қоғамдық тыңдауға 1 000-нан астам тұрғын келіп қатысқан еді. Сол уақытта үлкен залға сыймаған халыққа шенеуніктер екінші залды ашты. Қоғамдық тыңдауда 10 көшенің атын өзгертуді ұсынды. Өзгертуге қойылған көшелердің басым бөлігі – тарихи мағынасы жағынан ескірген орыс тіліндегі атаулар. Қаланың орталық көшесінің бірі Ленинге Абай есімін беру, Защитная көшесіне Потанин, Кувская көшесін Қазыбек Нұржанов, Приканальная көшесіне Сарыарқа атауларын беру тәрізді 10 көшенің атауын өзгертуге дауыс берілді. Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп аталсын» деп ұрандап, «Көше атауларын өзгертудің уақыты келді» деп шулады. Бес-алты қала тұрғыны Ленинге араша түсті. «Ленин – біздің тарихымыз. Сондықтан оның аты қалсын» деп сөз алған қала тұрғыны Нина Серованың сөзін халық шулап, аяқтатпай қойған болатын. Ал Ержан Рыспаев деген азаматтың көше атауын өзгертуге мол қаржы кетеді деген уәжіне кәсіпкер Ерлан Әшімов: «Кәсіпкер ретінде қаншама қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет болса осы көше атауларына кететін қаражатты мен төлеп берейін» деп ұсыныс тастаған еді. Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша жиналған жұрттың барлығы дерлік көше атын өзгертуді құптап дауыс берген-ді. Сөйтіп, сол кездегі қоғамдық тыңдауда көше атаулары өзгерді. Ал осы жолғы тыңдауда аудан атауын ауыстыруға ашық қарсылық танытқандар аз болды.Ескі де жаңа бастама
Негізі, Қарағандыдағы Октябрь ауданының атын өзгерту туралы ұсыныс соңғы 5 жылдан бері ұдайы көтеріліп келеді. Ұсыныс баспасөз бен әлеуметтік желілерде ғана емес, облыс басшыларымен кездесулерде де айтылып жүрді. Мәселен, 2017 жылы қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов сол кездегі облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібековтің халықпен кездесуі кезінде аудан атауының неге ауыстырылмағанын сұраған еді. Ал 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қощанов халыққа есеп беру кездесуі кезінде бұл мәселенің бұйрықпен шешілмейтінін айтқан-ды. «Бұл әкімнің бұйрығымен шешілетін мәселе емес. Сол ауданда 250 мыңнан аса адам тұрады. Сол халықтың пікірімен санасып, әуелі аудан көлемінде, қала көлемінде тыңдау өткізіп, солай жасау керек» деген еді. Ал облыстың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек те аудан атауын өзгерту үшін қоғамдық тыңдауды жақтайтынын байқатқан. Шамасы облыс басшылығы қаладағы көше атауларын ауыстырып, қоғамдық пікірге әсер ету тәсілдерін қолдана отырып, аудан атауын ауыстыруға тұрғындарды біршама даярлау тәсіліне жүгінгенге ұқсайды. Өйткені әр жылдары түрлі ақпарат тарап, белсенді азаматтар мәселені көтеріп тұратыны бар. Биыл ақпанның басында әлеуметтік желілерде аудан атауын өзгертуді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қолдағаны жайлы әңгіме тараған еді. Дәлірек айтқанда, бұл ақпаратты Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Telegram каналында таратқан еді. Оның сөзіне қарағанда мұндай деректі облыс әкімі партияның жергілікті филиалының басшысымен кездесу кезінде айтқан көрінеді. Бірақ Мемлекет басшысының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығармады. Растаған да жоқ. Сөйтіп, бірте-бірте қоғамның ішкі даярлығы, азаматтардың белсенділігі қажет деңгейге жеткен кезде атауды өзгерту туралы қоғамдық тыңдау өткізілді. Бұл да тиімді тәсіл болғанға ұқсайды. Өйткені енді атау өзгертуге қарсы топтың қоғамдық тыңдау ұйымдастыру бастамасын көтеруге мүмкіндігі қалмайды. Әрі бастаманы биліктің де қолдап отырғанын жұрт сезіп, білді.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы