Ұлттық спорт мектеп бағдарламасына ене ме?
Ұлттық спорт мектеп бағдарламасына ене ме?
217
оқылды

Бірнеше жылдан бері қазақ күресін  мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы көтеріліп жүр. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы 23 мектепте қазақ күресі вариативті нұсқада, яғни факультатив сабақ ретінде кіреді. Бағдарлама авторлары реті келсе, республиканың барлық өңірі аталған спорт түрін дәріс ретінде меңгергенін қалайды. Жалпы, мұндай бастаманың астарында не бар? Саламатты ұлт, спортшы ұрпақ қалыптастыру ма, әлде қазақ күресін Олимпиада ойындары тізіміне енгізу ме? Осы турасында қоғам белсенділері не дейді?

Қазақ күресін үйрететін мектептер бар

Қазақ күресінен жаттықтырушы Нұрсұлтан Бауыржанұлы қазір елордадағы №90 гимназияда балаларды күреске баулып жүр. Оның айтуынша, кейінгі жылдары қазақ күресі қарқынды түрде дамып келеді. Карантин жеңілдеген тұста мектепте 5-10 балаға жаттығу өткізуге мүмкіндік болды. Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров сияқты балуан болғысы келетін жас жеткіншектер жаттығуға асығып жететін көрінеді. Ол «Қазақ барысы», «Әлем барысы» сияқты турнирлердің балалардың кеу­десіне үміт отын жағып, спортқа жетелейтінін айтады. Алайда жаттықтырушы мектеп бағдарламасына енгізу жұмысы төңірегінде бірнеше мәселе барын ашып айтты. «Иә, оқушыларды қазақ күресіне баулитын бапкер дайындау жағынан мәселе бар. Елордадағы 23 мектепте қазақ күресін толық меңгерген жаттықтырушылар жұмыс істейді дей алмаймын. Кейбір денешынықтыру мұғалімдері басқа саланы меңгерген. Жалпы, ассоциация жанынан теориялық және практикалық семинар өтеді. Бірақ бәрінің тәжірибемен келетіні бар. Мәселен, бұрын қазақ күресімен, дзюдо болмаса самбомен айналысқан мұ­ғалім 1 жыл ішінде әдіс-тәсілді үйреніп алады. Балаға білгенін үйретеді. Себебі практика жүзінде бейімі бар ұстазға тео­рия­ны меңгеру қиын емес. Ал тек теория жүзінде білім алған мамандарға практика бойынша шыңдалу 2-3 жыл уақыт алады», – дейді Нұрсұлтан Бауыржанұлы. Жоғарыда аталған Qazaq kuresi ассоциа­циясының мақсаты – қазақ кү­ресін дзюдоның деңгейіне жеткізу. Дзюдоның отаны Жапония екенінен бәріміз хабардармыз. Алайда бұл спорт түрінің терминдері халықаралық сипатқа ие. Сондықтан мамандар алдымен қазақ кү­ресі дейтін атауды өзгертіп, әдіс-тәсілді халықаралық стандартқа икемдегісі келеді. «Мұның бәрі не үшін?» деп сұрақ қоярсыз. Түптеп келгенде осы талаптар орындалса қазақ күресі Олимпиада ойын­­дарының тізіміне енуі мүмкін. Ал бұл спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізу – алғышарттардың бірі. Жұмыс жүрмеді емес, алға ілгерілеу бар. Мәселен, бұрын қазақ күресімен айналысатын балалар жаттығуға аяқкиім (борцовка) әкелетін. Қазір аяқкиімсіз, жалаңаяқ күресу міндет. Бұл бір жағынан тазалық сақтау болса, екінші жағынан ар­найы аяқкиім сатып ала алмайтын ба­лалардың жағдайына үңілу. Біз әңгімеге арқау етіп отырған күрес түрінің 2 мың­жылдық тарихы бар. Соған сай әдіс-тәсілдері де заман талабына қарай өзгерген. Осыған қарап-ақ қазақ кү­ресінің жанашырлары бұл спорт түрін әлем танығанын қалайтынын аңғарамыз. Олар бәріне ортақ атау тауып, әдіс-тәсілдерге жаңа сипат беруге қарсы емес.

Ұлттық ойыннан спортқа айналып үлгермеді

Қазақ күресін мектептерде вариативті нұсқада енуіне жағдай жасап жүрген әдіс­теме барын көпшілік біле бермейді. Еңбектің авторлары – Бағдәулет Маратұлы, Жандос Қоныспаев пен Ерлан Жұмабекұлы. Бапкерлер бағдарламада акробатикалық жаттығулар, құлау әдісі мен дене жаттығулары жас ерекшелігіне сай жасалғанын айтады. Бірақ ұл мен қызға бөлек жаттығулар, әдіс-тәсілдегі айырмашылық бөліп қарастырылмаған екен. Жалпы, қазақ күресіне қыздарды тартудың өзі үлкен мәселе көрінеді. Жаттықтырушылардың бірі қыздардың ел чемпионатын жеңгенімен, одан мәртебесі биік жарыстарға қатыса алмайтынын айтты. Өйткені қазақ күресінен қыздарға арнал­ған халықаралық жарыс жоқ. Қыздарды былай қойғанда, кіші санаттағы жасөс­пірімдер арасындағы додалар да жиі ұйым­дастырылмайды. Сайып келгенде, жағдай қазақ күресі академиясын ашып, халықаралық дәрежеде танылу жайына келіп тіреледі.

Процесс жалғасады

Әдістеме авторларының бірі Бақдәулет Маратұлы көпшіліктен жағдайға оң көзбен қарауды сұрайды. Әзірге әдістеме Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жарамды. Оны жергілікті Білім басқармасы бекіткен екен. Егер құрастырылған әдістеме қалалық деңгейде жақсы нәтижесін берсе, тағы бір қадам жасалмақ. Нақтырақ айтсақ, қазақ күресін мектеп қабырғасында үйрету туралы республикалық деңгейдегі әдістемесін ассоциация мен Білім министрлігі бірлесе отырып дайындайды. «Әдістемені 2 жылдың ішінде жасадық. Біріншіден, бұл 5-11-сыныпқа арнап, лайық­талып жасалған әдістеме. Оқысаңыз, бір ғана жамбас әдісінің өзін әр сыныпқа сатылай ұсындық. Яғни, оңай түрінен күрделі түріне дейін жасадық. Мәселен, жоғары сыныпта оқушы жамбас әдісінің 7-8 түрін үйренеді. Әуелде оқыту-үйрету процесін 1 жыл бақылаймыз дедік. Бірақ пандемияға байланысты мектептердің басым көпшілігі онлайн режимде оқыды. Сол себепті нақты нәтиже көріп үлгермедік. Әдістеме әлі де жетіле түседі. Кем­шіліктері болса, толықтырамыз», – дейді Бақдәулет Маратұлы. Әдістеме авторы мектеп бағдарламасына кіргізу процесінің ұзаққа созылмайтынынан үміт етеді. Жоспар бойынша 2020-2021 оқу жылында әдістемені Нұр-Сұлтан қаласында, келер жылдан бастап облыс орталықтарына, әрі қарай аудан орталықтары мен ауылдарға енгізу көзделіп отыр. Жоғарыда саламатты ұлт тұжырымы жайында жазғанбыз. Мәселен, АҚШ бұл жолға шындап түскен. Мысалы, мектеп оқушылары өзіне ұнайтын спорт түрін таңдап, онымен аптасына 4 күн айналысады. Жекеменшік мектептерге келсек, спорт түрін семестр сайын ауыстырғаны абзал. Бұл баланың қай спорт түріне икемі барын анықтайды. Егер белгілі бір спорт түрінен жетістікке жеткен, мектеп құрамасында өнер көрсеткен оқушылар болса, оларға колледжге түсуге жеңілдік қарастырылған. Ал Қытайдағы бастауыш пен орта мектепте спортқа көп көңіл бөледі. Өйткені жоғары сыныпқа өткіңіз келсе, денешынықтырудан алған бағаңыз үлкен рөл ойнайды. Аталған елден Отанына оралған қандастарымыз Қытайда оқушылардың қай спорт түріне бейім екенін анықтап, үлкен додаларға бейімдейтінін айтқан-ды. Одан кейін ел арасында семіздікке шалдыққан балалар көп болғандықтан, олар мектепте гимнастикамен айналысып, күн­делікті жүгіруге міндетті. Иә, мұндай практиканы біз де байқап көруімізге болады. Расымен, қазақ күресі мектеп бағдарламасына енсе, балалар бас­кетбол мен волейболды үйренгендей    бейімделеді. Себебі мектеп жасында волейболдың қыр-сырын меңгеріп, ел чемпионатында топ жарып жүрген саң­лақтарымыз көп емес пе? Ал қазақ кү­ресін мектеп бағдарламасына енгізу – Олимпиа­да немесе басқа да әлемдік чем­пионаттың жарыс тізіміне кіруге жол ашады. Мысалы, Өзбекстан мектеп бағ­дарламасына енгізген текболмен қазір бірнеше әлем елдері айналысып жүр. Текболдан өткен бейресми чемпионатты да көз көрді. Демек, ақырын жүріп анық басқан нәтижеге жетеді.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ