Бүгінде балалардың тілі кеш шығатын жағдай жиі кездеседі. Бұған қатысты екіұдай пікір бар. Кей ата-ана баласының дамуын үнемі қадағалап отырса, енді бірі жаман сөйлеп, бәле шақырмағанды жөн көреді. Соның ішінде балабақша жасына келсе де, екі сөздің басын құрай алмаса, мұны қалыпты жағдайға балап, «мектепке барғанша сөйлеп кетеді, кезінде әкесінің тілі де кеш шыққан» дегендей себептермен мән бермейтіндер бар. Осы ретте соңғы кездері белең алған мәселені талдап көрмекшіміз. Мамандар не дейді? Ел арасында кең танылған «гаджеттер – баланың жауы» деген түсінік рас па?
Тілдің кеш шығуының себептері неде?
Аталған проблеманы зерттеген ғалым да көп, тиісінше жасалған зерттеу жұмысы да аз емес. Бірнеше жылын сарп етіп, балалардың сөйлеу қабілетінде ақау болуының себептерін жан-жақты талдағандардың пікірін ортаға салып көрелік. Біз басында атап өткен мәселенің, яғни тілі кеш шығатын балалардың көбейгенін ғалымдар растап отыр. Яғни, бұл тұрмыста жиі кездесетіні байқалған дүние ғана емес. Баласының сөйлем тұрмақ, сөздерді айта алмағанына алаңдаған ата-аналар алдымен педиатрға барып, мәселесін жайып салады. Олар шешімін іздеп, түрлі ұсыныс айтады. Психолог, логопед мамандарға жолдайды. Десе де, бірлі-жарым балада ғана емес, көп баланың сөйлеу қабілетінің кеш дамуына не себеп? Бұл сауалға бас қатырған америкалық ғалымдар жан-жақты зерттеу жасайды. Баланың қандай отбасында тәрбиеленіп жатқаны, қандай жағдайда өмірге келгені – бәрін тізбектей келе, басты үш себепті атап өткен. Оның алғашқысы анасының жүктілігі ауыр өтуіне байланысты. Негізі, балада қандай да бір мәселе туа қалса, бірінші кезекте анасының жүктілік тарихын тексеріп, қопарып шығатыны белгілі. Өйткені проблема біткеннің басы осыдан болуы әбден мүмкін. Анасының жатырында жатқан кезде бала өзін қалай сезінгені оның өмірге келгеннен кейінгі сәттеріне тікелей әсер етеді. Бұл анық. Дәрігерлердің жүкті кезде барынша күйзелістен қашық болуға үндейтіні де сол себепті. Бала бойға біткен бойда жаман ой, зиян заттар мен тамақ, әдет пен қылықтың бәрінен арылған әйелге де, сәбиге де пайдасын тигізеді. Ал енді екінші себеп ретінде балалардың гаджеттерге шектен тыс құмар болуы айтылып отыр. Мұны енді ғалымдар ғана емес, күнделікті әңгіме-дүкен барысында да жиі себеп қыламыз. Демек, бұл сөздің әбден негізі бар. Заманауи технологияларға баланы ерте кезден жақын ету арқылы оның болашағына оң әсер етеміз деген ниетпен беретін ата-аналар бар. Әйтсе де, компьютер, планшет, ноутбук не смартфон сынды құрылғылар ересектердің өмірін жеңілдетуге арналғанын ұмытпаған абзал. Ғалымдардың айтуынша, бұл гаджеттер баланың психологиялық және физикалық дамуына кері әсер береді екен. Әрі бір батырманы басса, демде сайрай кететін құралмен дос болам деп шынайы әлемнен алыстап кететінін де қосыңыз. Бала тілінің кеш шығуына тағы бір себеп – ақпараттың тым көп болуы. Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын балалар үшін ақпарат беретін басты дереккөз әке-шеше, ата-әже болатын. Ал қазір заман өзгерді. Бүгінде отбасы мүшелерінің сөзіне қоса, сериал, мультфильм кейіпкерлері қосылды. Сөйтіп, кімді тыңдарын білмеген балада ақпарат шамадан тыс көбейіп кетеді. Кімге еліктеп, кімді қайталау керегінен де шатасады. Былай қарасаңыз, шығып жатқан дауыс көп. Ал одан шығатын нәтиже өте аз.Әр жастың өз мәселесі бар
Логопед-практик Майра Болатбекқызы он жылға жуық уақыттан бері осы салада қызмет етіп келеді. Айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы тілінің мүкісі бар балалар саны 20 пайызға көбейген. Маман әр жастағы балалардың сөйлеу қабілеті дамуында қандай мәселелер туындайтынын жіктеп берді. «Бүгінде қабылдауға түрлі жастағы балалар келеді. Мәселен, екі жастағы баласы бар ата-аналардың қандай мәселемен келетініне тоқталайық. Олар «балам «мама, папа» дегеннен басқа сөз айтпайды, өзіне керегін саусақпен ғана көрсетеді, ымдаумен шектеледі», – дейді. Ал 3-4 жастағы балалар сөздерді байланыстырып сөйлей алмайды деген мәселемен келеді. «Су ішкім келіп тұр» деп толық айтпай, «су» дей салады дегендей. Ондай балаларға сурет көрсетсеңіз, толық сөйлеммен сипаттай алмайды. 5-6 жастағыларда кездесетін проблема – дыбыстарды дұрыс айта алмау. Он шақты дыбысты жөнді айта алмауы мүмкін. Яғни, әр жас үшін мәселе әртүрлі болады. Олармен жеке-жеке жұмыс істелуі керек», – дейді логопед. Майра Болатбекқызынан смартфонның тілдің шығуына әсері жайлы сұрадық. Ол гаджеттерге шектеу қоюдың жолдарын бөлісті. «Әлбетте, қазір ата-аналардың өзі телефоннан бас алмайды. Оны көрген бала мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Сондықтан түбегейлі ұстатпау қиын. Оның орнына шектеу енгізуге болады. Яғни, аз ғана уақытқа беріп, кейін қолынан алғанда ойын басқаға бөлетін шаруамен алмастыру қажет. Егер жұлып алатын болсаңыз, одан оң әсер болмайды. Міндетті түрде өтемі жасалуға тиіс. Смартфонның тағы бір әсерін айтайын. Маған бірде қабылдауға онға дейін қытайша санап беретін бала келді. Сөйтсе, ата-анасы қазақша ғана сөйлесе де, көретін контенті қытай тілінде екен. Бір қарасақ, тіл үйрену сынды жақсы жағын да атап өтпесе болмайды. Бастысы, бақылау болуы, бетімен жібермеу ғана», – дейді практик маман.Ата-ана өзі-ақ логопед бола ала ма?
Баламен жұмыстың маңызы зор. Олай дейтініміз, тілдің шығуына әсер ететін факторларды оятуға арналған жаттығулардың әсері дәлелденген. Дефектолог Айжан Ахметжанова артикуляциялық жаттығуларды үйде әр ата-ана жасаса да болатынын айтады. «Қолыңызға ойыншық мысықты алыңыз да, баланың көзінше оған жаттығулар жасап көрсетіңіз. Мысық бейнебір сүтті үрлеп жатқанын, тілімен жалағанын, есінегенін, тышқан көріп қалып таңғалғанын, өз-өзіне риза болғанын көрсеткендей артикуляциямен жұмыс істеп көрсетіңіз. Сол сияқты тіс жуу процесін де ойынға айналдыруға болады. Тіс жуардан бұрын күлімдеп, аузымызды ашамыз. Тілімізбен астыңғы және үстіңгі тістерді тазалаймыз. Осы сынды жаттығуларды жиірек жасау арқылы баланың тілі шығуына көмектесуге болады», – дейді маман. Сонымен қатар Айжан Ахметжанованың айтуынша, баламен тілдескенде де есте ұстау керек жайттар бар. «Айталық, айғайласаңыз, балалар ересектерге қарағанда интонацияға баса мән береді. Сондықтан барынша жай, сыбырлап қана келісімге келген жөн. «Жоқ» деп кесіп айтсаңыз, ол бірден ашуланып, жер тепкілеп шыға келуі мүмкін. Ол сөздің орнына «мүмкін» дегенмен алмастырып көріңіз. Бала далаға шыққысы келсе, «алдымен ойыншықтарды жинастырып қойсаң, шығуымыз мүмкін» дегендей сөздер жақсырақ әсер етеді».Аутизмнен айырмашылығы қандай?
Тілінің кеш шығуына қатысты дабылдың астарында жаман айтпай жақсы жоқ демекші, кейде аутизм жатады. Дегенмен сөйлемей жүрген баланың бәрінде аутистік спектр бұзылған деуге болмайды. Қалыпты бала құшақтау, күлімсіреу сияқты реакцияларды жиі жасайды, ересектерге еліктеп, қимылдарын қайталайды. Заттардан гөрі адамдарды бақылағанды жақсы көреді, жалғыз қалса, тез іші пысып кетеді. Яғни, аутистік спектр бұзылысы мен тілінің кеш шығуының аражігін ажырату аса қиын емес.Жадыра АҚҚАЙЫР