Азық-түлік бағасы тағы да қымбаттады. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері 2,8 пайызға өскен. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы мен Шымкентте баға тіпті шарықтап бара жатыр. Бұл аймақтарда азық-түлік құны 3,3 пайызға қымбаттап кеткен. Онсыз да жалақысының жартысын тамаққа шығындайтын халық баға өскен сайын бар тапқанын ішіп-жеуге ғана жұмсауға мәжбүр бола бере ме? Бұған не себеп?
2021 жылдан бері азық-түлік бағасының қымбаттап жатқаны туралы Сауда және интеграция министрлігі бірнеше рет ақпарат таратқан. Бірде 2,2 пайызға, енді бірде 2,4 пайызға өскені хабарланған. Ал соңғы мәлімет бойынша, елде жағдай шектен шығып кеткенін байқадық. Яғни, орта есеппен Қазақстанда азық-түлік бағасы 2,8 пайызға өскен. Сала министрі Бақыт Сұлтанов бәрін бақылауда ұстайтынына уәде бергенімен, мына ахуалдың шынында қиын екенін мойындағандай болды. Олай етпеске тағы амал жоқ. Себебі соңғы бес жылда болмаған рекорд орнап отыр. Шекті баға бекіту мәселесі де бұл жолы еріксіз қолға алынатынға ұқсайды. Азық-түлік бағасының сонша шарықтап кетуіне не себеп болды? Сауда және интеграция министрінің айтуынша, өндіруші де, екі ортадағы делдал да, сатушы да пайда көріп қалуды көздегендіктен, осылай «аспандап» шыға келіп отыр-мыс. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті атқарушы органдарға тез арада бұл мәселені қолға алып, шешу тапсырылған. Олар тауар өндірушілермен бірлесіп, бағаны тұрақтандыруы тиіс. Бірақ шекті баға қойды екен деп дүкен сөресінен тауардың жоқ болып кетпеуін де ойластыру маңызды. Естеріңізге сала кетейік, Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге бағаны тұрақтандыру бойынша Жол картасын әзірлеген еді. Бұл туралы 2021 жылғы 11 наурыздағы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім еткен. 44 іс-шарадан тұратын құжатты осы айдан бастап қолға алып, іске асыру жоспарланған. Ал енді көбіне қандай тауарлардың қымбаттағаны туралы айтсақ. Ведомство ақпараты бойынша, бағасы өскен тауардың басым бөлігі импортқа тәуелді, экспорттық сұранысы жоғары екен. Сонымен бірге осы уақытта дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністер де бар. Бұған дейін талай жазылған «жұмыртқа жырын» да атап өту керек. Өйткені өндіріс көлемінің 8,4 пайызға қысқарып, жемнің 25 пайызға қымбаттап, оған қоса құс тұмауының ұшқынына байланысты бағасы біршама өзгерді. Ал күнбағыс майы мен қанттың қымбаттауына әлемдік бағаның шарықтауы себеп болыпты.Тұрақтандыру қоры тиімсіз механизм бе?
Осыған дейінгі бір отырыста Бақыт Тұрлыханұлы тұрақтандыру қорларындағы қор көлемі жеткіліксіз екенін айтқан. Яғни, 3,7 миллиард теңгеге 25,4 мың тонна ұйымдастырылған. Олардың интервенциясы жалпы тұтыну көлемінің 0,2-1,4 пайызын ғана құрайды екен. Яғни, бағаға қандай да бір әсерін тигізуі екіталай. Сонымен бірге тұрақтандыру қорларының қоры да тиімсіз жұмыс істейтін сыңайлы. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қант – 5,9 пайызға, қарақұмық жармасы – 40 пайызға, күнбағыс майы – 31,1 пайызға, жұмыртқа 17,5 пайызға қымбаттаған. Ал қорлар жыл бойы аса қымбаттай қоймаған көкөністерді сатып алған деседі. Демек, қорлардың жұмысын ұйымдастыру жағын да пысықтау артық болмайды. Бұл ретте қор жұмысының қалай іске асатынына азырақ тоқталсақ. Тауарлар мен азық-түлік бағасы арзандау болған кезде қорлар қор жинап алады. Сөйтіп, баға шарықтайтын кезде шығарады. Былайша айтқанда, бағаны ұстап тұрудың амалы. Сондай-ақ бәсеке десе де болады. Бағаны тұрақтандыру үшін қолданылатын тағы бір механи- зм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері бағаны «ұстап тұруды» мойнына алады. Соның есесіне оларға 0,01 пайызбен кредит беріледі. Яғни, өте төмен, тіпті пайызсыз қарыз бір жылға беріледі. Бұл да – бір әдіс. Дегенмен аталған механизм ірі қалаларда жақсырақ жүзеге асады. Келісім бұзылса, айыппұл арқалайды. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірушілердің бағаны қаншалықты дәлелді көтергені де бақылауда. 2021 жылдың басынан бері монополияға қарсы орган екі нан өндіруші, 2 күнбағасы майын өндіруші, екі сауда желісіне қатысты алты тергеу ісін бастаған. Сондай-ақ 12 жұмыртқа өндіруші, 7 күнбағыс майын өндіруші, 3 қарақұмық жармасын көтерме жеткізушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жолданған. Өйткені 2 ай ішінде осы тауарлардың бағасы 3 пайыздан 11 пайызға қымбаттаған. Жалпы бағасы 3 пайыздан артық өскені байқалса, ақпарат сұрала бастайды.53 тиыннан 152 теңгеге дейін
Қолда бар статистика бойынша, 2015 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың тамызы аралығында азық-түлік бағасының 44,8 пайызға өскенін байқадық. Айталық, бірінші сұрыптағы ұннан пісірілетін нанның бағасы 2015 жылы 103 теңгеден деп бағаланса, былтыр тамызда 152 теңгеден болған. Бұл ретте нан бағасын есептегенде, бір келіден есепке алатынын ескеру керек. Ал біздің алып жүрген «кірпіш» нанымыз шамамен жарты келідей болады. Демек, нан бағасы шамамен – 76 теңгедей. Бір қызығы, егемендік алған тұстан бері нан бағасы 200-ден астам рет өзгерген. 1993 жылы 53 тиынға алатын нанды 2000 жылдары 38 теңгеден сатқан. Ал бүгінгі баға баршамызға белгілі. Сонымен қатар ет те қымбаттаған тауарлар қатарында. Мәселен, 2015 жылы жамбас не төс еттің бір келісін 1 177 теңгеге алуға болатын болса, 2020 жылы орташа баға 1 909 теңгеден бір-ақ шыққан. Сары май алты жыл бұрын 1 439 теңгеден сатылса, былтырғы баға – 2 612 теңге. Қарақұмық жармасы 285 теңгеден 403 теңгеге қымбаттаған. Күнбағыс майы бағасындағы өзгеріс: 393 теңгеден 447 теңгеге өскен. Сондай-ақ алманың келісі де 2015 жылы 322 теңге, 2020 жылы бағасы 536 теңге болған. Бұл ретте аталған статистиканың орташа екенін, сорты мен түріне қарай бағаның құбылатынын да ескеру керек. Биылғы ақпан айымен салыстырғанда бір жыл ішінде бағаның қалай өзгергеніне келсек. Қазір күнбағыс майының орташа бағасы 625 теңге, бір жыл ішінде 44,5 теңгеге қымбаттаған. Ал ұнтақ қант 39,5 теңгеге өсіп, бір келісіне 258 теңгеден бағаланады. Жұмыртқаның он данасын қазір орта есеппен 411 теңгеге алуға болады. Былтырмен салыстырғанда 37,5 теңгеге қымбаттапты. Картоптың келісі – 123 теңге (+24,4 теңге), апельсин – 780 теңге (+23,4 теңге), қой еті сүйегімен – 2107 теңге (+20,9 теңге), лимон – 953 теңге (+23,7 теңге), қияр – 808 теңге (+21,3 теңге), бірінші сұрыпты ұн – 243 теңге (+20,2 теңге).Жалақының жартысын жалмайды
Есіңізде болса, 2020 жылдың соңында қазақстандықтар жалақысының жартысын тамаққа жұмсайтыны туралы қызу талқы болған. Республикамыз айлық ақының тамаққа жұмсалатын бөлігі жайлы Еуропа елдері арасында жасалған рейтингте соңғы орын алған. Негізі, отбасының азық-түлікке кететін шығынының үлесі негатив көрсеткіш саналады. АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Аустралия, Аустрия сынды елдерде азық-түлік себеті барлық шығынның 10 пайызынан да аз. Бұдан байқайтынымыз, ел неғұрлым дамып, байыған сайын шығынының тамаққа кететін үлесі азая береді. Ал біздегі ахуал бұдан мүлдем басқаша. Себебі бір айда тапқан табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсауға мәжбүр болып отыр. Бұл дегеніміз – соның кесірінен ақша жинауға, кәсіп ашуға кедергі келтіреді. Қазақстандықтар табысының 2,4 пайызын – ішімдік пен шылымға, 2,9 пайызын – кафе, мейрамхана, қонақүйлерге, 1,7 пайызын демалысқа шығындайды екен. Үлесі өте аз. Ал көп бөлігі – бүгінгі айтып отырған мәселеміздің еншісінде. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр жыл соңында елдегі орташа айлық жалақы 211 033 теңге болыпты. Ал тамаққа бір отбасы орта есеппен 104 250 теңге шығындайды екен. Оның үстіне, 5 064 теңгеге ішімдік пен шылым алады, 6 120 теңгеге кафеге барады. 3 587 теңгеге демалады. Сонымен байқағанымыздай, ахуал жақсы емес. Мұны өзгерту үшін бағаны тұрақтандыру, қорға жинау, жеңілдетілген қарыз беру сынды іс-шара жеткілікті ме? Жыл сайын кезіге беретін бұл мәселені жауапты министрлік қалай шешер екен? Қалай десек те, жағдайдың шектен шыққанынан олар да хабардар отыр. Ендеше әліптің артын бағамыз.Жадыра АҚҚАЙЫР